«MASTERCARD» ҚАЗАҚСТАНДА БІРНЕШЕ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ
«MASTERCARD» ҚАЗАҚСТАНДА БІРНЕШЕ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Mastercard» халықаралық төлем жүйесі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарында «Mastercard» компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилламен екіжақты кездесуі өткен болатын. Кездесу барысында қаржы секторын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық құзыретін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Президент «Mastercard» компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк секторындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр. Никола Вилла Қазақстанның «GovTech»-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, Электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне «Mastercard» филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытуда. Бұдан бөлек Президентке «Mastercard» компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда «Strive» бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан астам шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық Банкімен бірлесіп, «Цифрлық теңге», «Жедел төлем жүйесі», «Open banking» жобаларын жүзеге асыру ісіне сараптамалық және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президенттің Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Mastercard» компаниясы арасында осы және өзге де бастамалар қамтылған «Digital Country Partnership» (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды. Келісім шеңберінде «Mastercard» министрліктің консультациялық қолдауымен Қазақстанда цифрлық әріптестіктің бес жылдық бағдарламасын (Kazakhstan Digital Country Partnership) әзірлеп, іске асыруға ниет танытып отыр. Ынтымақтастық келесі бастамаларды қамтиды: - Mastercard жаһандық желісін пайдалана отырып, «GovTech» қазақстандық моделін ілгерілету; - түрлі салалардағы (мемлекеттік төлемдер, ауылшаруашылығы, білім беру және тағы да басқа) төлемдерді цифрландыру есебінен қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту; - IT экспортты, электрондық коммерцияны, ШОБ-ты цифрландыруды, финтех экожүйесін ілгерілету және дамыту бойынша ынтымақтастық; - туризм және қалалық көлік секторларына баса назар аудара отырып, Қазақстанның «ақылды» қалалары бағдарламасын қолдау; - киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жүргізу арқылы қауіпсіз және тұрақты цифрлық экожүйені құруға жәрдемдесу; - тараптар халықтың әртүрлі топтарының цифрлық және қаржылық сауаттылығымен байланысты жобаларды ілгерілету жөніндегі ынтымақтастыққа айрықша мән беретін болады. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлемдегі алпауыт компаниямен жасалған ынтамақтастық мол мүмкіндіктер сыйлайтынын атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті жақында халыққа арнаған Жолдауында цифрландырудың және инновацияларды енгізудің маңыздылығы туралы айтты. Мемлекет басшысы стратегиялық тұрғыда маңызды міндет қойды. Ол – Қазақстанды IT-бағдарланған елге айналдыру. Біздің цифрландыру саласындағы елеулі табыстарымызға және Электрондық үкімет пен қаржы технологияларын дамыту индекстері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енуімізге сүйене отырып, ел Үкіметі осы салада жаңа мақсат-міндеттер қойып отыр. Осыған байланысты «Mastercard» сияқты халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату бізге инвестицияларды тартуға, білікті мамандарды даярлауға, жалпы ішкі өнімді ұлғайтуға және тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді Бағдат Мусин. Ал «Mastercard» компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилла: «Озық технологияларымыз бен әлемдік тәжірибемізді пайдалану нәтижесінде соңғы он жылда Қазақстанда білім берудегі процестерді цифрландыру, шағын және орта бизнесті қолдау, электрондық коммерция нарығын, туристік секторды, сондай-ақ финтех-инновациялар экожүйесін дамыту бойынша басты мемлекеттік ведомстволармен ынтымақтаса отырып, көптеген жобаны іске асырдық. Біз «Kazakhstan Digital Country Partnership» келісімі негізінде ынтымақтастығымызды Қазақстандағы барлық мүдделі тараптармен бірлесе, барынша терең және жан-жақты жаңа деңгейге шығаруға дайынбыз», деп, ынтымақтаса жұмыс істеудің үлкен табыстарға бастайтынын жеткізді. Жалпы «Mastercard» – әлемнің 210 еліндегі 2,3 миллиардтан астам тұтынушыны бірыңғай төлем жүйесіне қосқан жаһандық жетекші технологиялық компания. Нарықтағы құны 390 миллиард доллардан асатын «Mastercard» әлемдегі ең қымбат 10 брендтің қатарына кіреді. Компания әлеуметтік қамсыздандыруға, салықтар мен алымдарды төлеуге, сатып алуға, туризмге, шағын бизнес және киберқауіпсіздікке байланысты түйткілді мәселелерді шешеді, сондай-ақ деректерді талдау арқылы бағдарламаларды әзірлеу үшін ақпарат береді. Талғат Нұрханов