Басты міндет – сапалы қызмет
Басты міндет – сапалы қызмет
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі — қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын алу, жұмыстан тыс кезде заңбұзушылықтарға жол бермеу болып саналады. Сонымен қатар бүгінгі күні қоғамымызда әлеуметтік желілердің кең қолданыста екенін ескере отырып атап өтер жайт, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшінің қарапайымдылық, сыпайы бейнесіне сай келмейтін өрескел суреттер орналастыруға тыйым салынады. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Рас, қазір әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің кейбір әрекеттерін телефонына түсіріп алып, айтарлықтай дау тудырып, қоғам назарын өзіне тез аударып жатады. Демек, халық мемлекеттік қызметшілерден әрқашан жауапкершілік күтеді, талап етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің әдебі барлық уақытта маңызды. Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі бойынша, басшы және қоластындағы қызметкер барлық тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңдық мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынас жасау кезінде сыпайылық және әдептілік танытып, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары болуына атсалысуы керек. Жалпы мемлекетке деген құрмет мемлекеттік қызметші арқылы қалыптасатынын әркез ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда атап өтер жайт, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Нақтырық айтсақ, Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді. Бұл Кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін стандарттауға және өрескел мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі туралы 6 қағида негізделді. Атап айтқанда, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану тараулары бар. Жалпы жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдік-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады. Уақыт сұранысына сай толықтырып отырған заңнамамыз еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрысына әрі қорған, әрі бағыт-бағдар болары сөзсіз. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі 5 тараудан тұрады. Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқының жалпы стандарттары, қызметтік қатынастардағы және одан тыс уақыттағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары қарастырылған. Осы тарауларда мемлекеттік қызметшілердің моральдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн. Осы талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бос уақыттарында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Қызметкер барынша сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын, адал, кез келген сәтте сабырлы, ұқыпты болғаны жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жеке өмірінде де тиісті заң талаптарына толық сай болып, өз ісімен өзгеге үлгі болуды естен шығармағаны дұрыс. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі – мемлекеттік қызметшілердің сыртқы келбетіне ерекше талап қоюында. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілердің моральдік бет-бейнесі мен этикасына сырт келбеті де сай болуы қажет. Мемлекеттік қызметшінің әдебі – өте маңызды ұғым. Өйткені мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен өзін-өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне, халықпен қарым-қатынасына қарай халықтың тұтас мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары қалыптасқан. Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуі тегіннен-тегін емес. Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілер өз әрекетімен басқаларға да үлгі бола білуі керек. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсете білуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы қоғамда оң пікірді қалыптастыруға тырысуы керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бірлі-жарым адамның өрескел әрекеті тұтас мемлекеттік қызметкерлерге күйе болып жағылмауы қажет. Және мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, сондай-ақ үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын да насихаттауы қажет. Атап өтер жайт, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлерді, ең алдымен, халықтың үнін естуге, көпшіліктің үніне құлақ асуға шақыруда. «Еститін Үкімет тұжырымдамасының» да басты қағидасы – осы. Яғни «мемлекеттік қызметкерсің бе, онда ең алдымен халық үніне құлақ ас» деген қағидаға келіп тіреледі. Өткен жылы ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қоюы да тегіннен-тегін емес. Яғни мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің осы кәсіби міндетіне де адал болуы шарт. Гүлмира Тұтқышбаева, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бас маманы