Жаңатасқа жаңа әкім сайланды
Жаңатасқа жаңа әкім сайланды
«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осылай деп атап көрсеткен болатын. Расында да әкімдерді сайлау демократияның жарқын үлгісі десек, артық айтқанымыз емес. Бұл рәсімге жергілікті жұртшылықтың өзі де дағдыланып қалғандай. Оған бұған дейін өткен әкімдер сайлауы дәлел. Осы үрдіс бүгін де өз жалғасын табуда. Мысалы, өткен жексенбі күні Жамбыл ауданындағы Полатқосшы, Қордай ауданындағы Кенен, Қасық, Отар, Степной, Меркі ауданындағы Андас батыр және Жаңатоған, Талас ауданындағы Қаратау, Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылдық округінің әкімдері халықтың дауыс беруімен сайланды. Қазіргі таңда облысымызда аудандық маңызы бар үш қала бар десек, оның екеуінің әкімдері сайлау тәртібімен қызметке кіріскен болатын. Атап айтқанда, Қаратау қаласының әкімі болып Дархан Байымбетов, Шу қаласының әкімі болып Елдос Нұралиев сайланған еді. Енді міне, 17 қыркүйек күні тағы бір шағын шаһар– Жаңатас қаласының әкімі де сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болып, іске кірісті. Жаңатас қаласының әкімі лауазымына кандидат ретінде бес үміткер тіркелген болатын. Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 15183 азамат енгізілген. Оның ішінде 4351-і дауыс беруге қатысқан. Ал 119 бюллетень жарамсыз деп табылған. Сондай-ақ 100 сайлаушы «Бәріне қарсы» деген нұсқаны белгілеген. Сарысу аудандық сайлау комиссиясы қорытынды хаттамалар негізінде Жаңатас қаласының әкімі болып Ильяс Домалақов сайланғанын хабарлады. З5 жастағы үміткер бұған дейін «Еңбек мобильдігі орталығы» мекемесінің Сарысу ауданы бойынша Мансаптық орталығы филиалының директоры қызметін атқарған. Әкімдер сайлауы мұнымен шектелмек емес. Президенттің Жолдауда айқындап берген тапсырмаларына сәйкес алдағы қарашада алғаш рет пилоттық негізде аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Бақыт ЖАЛҒАС