Брифинг

Таразда толайым тірлік бар

Таразда толайым тірлік бар

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен брифинг өтті. Жиында Тараз қаласының соңғы 8 айда әлеуметтік-экономикалық дамуы айтылды. – Өздеріңізге белгілі, көне шаһар – Тараздың тізгінін ұстағаныма бір жыл толды. Әрине, бұл бір қарағанда аз уақыт болып көрінгенімен осы аралықта қалада біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіп көлемі 362,4 миллиард теңгені құрап, 106,8 пайызға жетті. Ал ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 5,4 миллиард теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 69,2 миллиард теңгеге жетіп, 91 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 32,2 миллиард теңгені құрап, 99,4 пайызға орындалды. Дегенмен облыс деңгейінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 268,1 миллиард теңгеге дейін нақты көлем индексі 107,2 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 130,9 миллиард теңгеге, яғни 121,3 пайызға орындалды, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы. Бұдан кейін қала әкімі инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл тұрғыдан атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Биыл 2020-2025 жылдарға Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дәмді себет» ЖШС-ның «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы іске асырылған. Жоба құны 700 миллион теңгені, ал жылдық қуаттылығы 2160 тонна өнімді құрайды. Ашылған жаңа жұмыс орындары – 105 бірлік. Сондай-ақ қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 миллиард теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда 884 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. – Атап айтқанда, «Kisc» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің «Металл құю цехын жаңғырту жобасы. Жобаның құны – 1 миллиард 870 миллион теңге. Бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тоннаға дейін болса, модернизациядан кейін қуаттылығын жылына 24 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Іске қосу мерзімі осы жылдың ІІ жартыжылдығына жоспарланып отыр. Екінші инвестициялық жоба «СП-Тараз РЕТ» ЖШС-ның «Полиэтиленрефталат рециклингілеу бойынша зауыт салу» жобасы. Жоба құны – 3 миллиард 860 миллион теңгені құрайды. Жобаның қуаттылығы 6 мың тонна және 64 жаңа жұмыс орны ашылады. Үшінші жаңа инвестициялық жоба – «Alima Delux» ЖШС-ның «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы. Жоба құны – 15 миллиард теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 100 мың дана газ плита шығару, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 500 бірлік. Төртінші инвестициялық жоба – «Оргэлитстройсервис» ЖШС-ның «Қант зауыты мен құрама жем өндіру» жобасы. Жоба құны 2 миллиард теңге, жоба қуаттылығы жылына 1200 тонна қант өндірісі, 7500 тонна құрама жем. 100 жаңа жұмыс орны құрылады. Бесінші жоба – «Alina Group» ЖШС-ның «құрғақ құрылыс қоспалар зауытының құрылысы». Жоба құны – 7,1 миллиард теңге. Қуаттылығы жылына 105 мың тонна. Ашылатын жаңа жұмыс орындары – 35 бірлік. Алтыншысы – «Алаш Пром» ЖШС-ның «Автоклавты газдалған бетон» жобасы. Жоба құны 2 миллиард 389,3 миллион теңге, қуаттылығы жылына 50 мың метр кубты құрайды. 35 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Бақытжан Орынбеков. Кейінгі кезекте ол қала тұрғындарын негізгі әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қазіргі таңда қала аумағында 635-тен аса азық-түлік тауарларын сататын сауда дүкендері жұмыс істейді. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемеақысын 15 пайыздан асырмау жөнінде 410 дүкенмен меморандум жасалған. Сонымен қатар спикер Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқын алғандығын жеткізді. – Тараз қаласында қазіргі таңда 1 445 көше жолы бар. Оның ішінде асфальт жолдары бар көшелердің саны – 838, шағал тас жолдары бар көшелердің саны – 607. Жолдардың жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырымды құрайды. Биыл ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын көше жолдарын орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда Шостакович-Момышұлы көшесінің 4-бұрылысы қиылысы аралығында асфальт жабындысының 1-қабаты салынса, Жансүгіров көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ Саңырақ батыр көшесінен бастап, Момышұлы көшесі аралығында асфальт жабындысының 1-қабаты салынды. Ал көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан «Бурыл»алқабын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме «Арайстроймаркет» ЖШС, – дей келе, қалған жұмыстардың келер жылға қарастырылғанын жеткізді. Қала көшелерінің жарықтандыруы бойынша да спикер кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 493 көше мен бұрылыстар түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстарға 2021 жылы қалалық бюджеттен180 миллион теңге бөлініп, 33 көше жарықтандырылған. Ал өткен жылы 80 миллион теңгеге 38 көше, биыл 500 миллион теңгеге 68 көше қарастырылған, құрылыс жұмыстары да аяқталған. Сондай-ақ қосымша тағы 15 көшеге жарықшам орнату жұмыстары аяқталды. Жалпы Тараз қаласы бойынша биыл 83 көше самаладай жарқырайтын болады. Спикер тұрғындар арасында қоғамдық көлік саласының жиі көтерілетін сауал екендігін жасырмады.Осыған орай қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында №19 бағыты «Шалғай Қарасу» алқабына, №55 және №28 бағыттары «Ұлы Дала»ықшамауданына, №12 және №34 бағыттар «Родничок», «Қайнар» алқаптарына дейін созылған. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі наразылықтар туындаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттың кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылған. Сонымен қатар биыл 38 жаңа автобус жеткізілген. Брифинг соңында жергілікті БАҚ өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Бақытжан Орынбеков журналистерді көне шаһарды дамытуға бірге атсалысуға шақырды. Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru