Аға буынның айтары аз емес
Аға буынның айтары аз емес
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдері және ардагерлермен кездесті. Бейресми форматта өткен кездесуде бірқатар мәселе көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Ең алдымен, аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, басым бағыттар мен алдағы жоспарларға қатысты қысқаша тоқталып өтті. – Біз индустрия, ауылшаруашылығы мен инфрақұрылымды дамытуға барынша ден қоямыз. Инвесторлар тарту ісі де назардан түспейді. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт салаларына жыл сайын қомақты қаржы қаралып, көптеген нысандар бой көтеруде. Ең бастысы – тұрғындардың тұрмыстық тіршілігін жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру. Өңірдің туризмдік әлеуетін тиімді пайдалануға күш салу керек. Ауылшаруашылығында терең өңдеу ісін дамыту қажет. Сондай-ақ облыс орталығы саналатын Тараз қаласының барлық бөлігіндегі тазалықты сақтау, инфрақұрылым-инженерлікке қатысты мәселелерді шешу, аулаларды абаттандыру жұмыстарын назарға аламыз. Күн сайын өзім жұмыс уақытынан тыс қаланың барлық округін аралауды қолға алдым. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудан орталықтарында да жалғастырамыз, – деді Ербол Қарашөкеев. Жылы шырайлы кездесуде облыс әкімі әлеуметтік ахуалды саралауда, руханият пен мәдениетті дамытуда, жастар тәрбиесінде алдыңғы буын ағалар мен зиялы қауымның парасатты пікірлері мен ұтымды ой-ұсыныстарының маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев өңірдің экономикасымен қатар, мәдениеті мен руханиятын дамытуға да айрықша басымдық беруді атап өтсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерді сауықтыру мәселесін көтеріп, тегін ем-шаралар кезіндегі қызмет сапасының сын көтермейтінін, аймақ ардагерлері үшін белсенді өмір сүру орталығы қажет екенін жеткізді. Ақын Шырын Мамасерікова өңір қаламгерлерін қолдауға қатысты ұсыныстарымен бөліссе, облыстың Құрметті азаматы Сағынхан Әміреқұлов кадр саясатына қатысты, ал жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы идеология мәселесіне айрықша мән берудің маңыздылығына тоқталды. Қаламгер, ардагер журналист Бекет Момынқұлов Бауыржан Момышұлының алдағы бірер жылда 115 жылдығы келе жатқанын, осыған орай өңірлік жоғары оқу орындарының бірінде батырдың атымен арнайы стипендия тағайындалса деген ұсынысын айтса, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов газеттердің таралымының төмендігі бойынша мәселе көтерді. Аймақ басшысы басқосуда көтерілген осы және бұдан басқа да мәселелерге жіті назар аударып, барлық өтініштер мен ұсыныстар ескерілетінін жеткізіп, рухани әріптестік байланыс аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасын табатынын атап өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі