Қыс қыспайды демеңіз...
Қыс қыспайды демеңіз...
Мәселен, осы жылы 25 әлеуметтік нысан мен 5 шекара қызметі бөлімшесінің қазандықтарын газдандыру қолға алынған. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 427,4 миллион теңгеге Шу ауданында 7 жоба іске асырылып жатса, жобалық-сметалық құжат бойынша құны 274,5 миллион теңгелік 6 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатыр екен. Сонымен қоса 12 бюджеттік ұйымның қазандықтарына 264,8 миллион теңгеге блокты-модульді қазандық орнату жұмыстары қолға алынған. Ал шекара қызметі бөлімшелеріне қатысты 5 жоба бойынша 312,1 миллион теңгеге қазандықтарды газдандыру ісі басталған. Биыл облыстағы қалалар бойынша 6,760 шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланып, оның 5,7 шақырымы алмастырылған. Көрсеткіш – 84,4 пайыз. Тараз қаласының бірқатар тұрғындарына жылу таратумен айналысатын «Таразтрансэнерго» кәсіпорны «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы 772 метр жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Жұмыс толық аяқталмаған. «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының Тараз қаласында – 43, Жамбыл ауданында – 22, Байзақ ауданында – 6, Т.Рысқұлов ауданында 4 қазандығы бар. Мекеме Байзақ және Жамбыл аудандарындағы мектеп қазандықтарына қуаты 1000 кВт болатын 2 дана және қуаты 500 кВт құрайтын 2 дана су жылытқыш қазан орнатқан. Қазіргі таңда жұмысты толық аяқтау үшін тапсырыс берілген 3 дизельдік генератор күтілуде. Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан-Энерго-Жылу» мекемесіне қарасты 36 қазандық бар болса, оның 9-ы биылғы жылы білім бөлімі теңгерімінен кәсіпорын меншігіне қабылданыпты. Оларды газдандыру үшін демеушілік есебінен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу қолға алынған. Талас ауданының Қаратау қаласындағы «Игілік» жылу тарату кәсіпорны облыстық бюджет есебінен жоспарлы 1,2 шақырым ішкікварталдық жылу желісінің 85 пайызын ауыстырған. Екінші бу қазандарын ағымдағы жөндеу жұмыстары 95 пайызға атқарылып, бүгінде қазандықтың сырты сыланып, әктеліп жатқан сыңайлы. Алайда ішкікварталдық жылу желілерін изоляциялау жұмыстары аяқталмаған. Одан бөлек резервтік мазут шаруашылығына желілік және абсорбциялық жылу сорғыларын, сүзгілер мен мазут горелкасын ауыстыру үшін қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілгенімен әзірге жеткізілмеген. Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының жылу желілерінің қысымын ретке келтіру үшін қуаттылығы сағатына 1600 текше метрді құрайтын насос стансасы құрылысының жобасы әзірленіпті. Құны 800,833 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының рәсімі ұзақ болған көрінеді. Соған байланысты мердігер «Строй Монтаж Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жекелеген объект бойынша төтенше жағдай жариялау арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жайы бар. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының негізгі жоспарланған жұмыстары аяқталғанын айтады. – Қазіргі таңда «Жамбыл-Жылу» мекемесінің Тараз қаласындағы «Қарасу», «Қаратау» ықшамаудандарында 425 метр жылу желілеріне (перемычка) күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жылу жүйесі екі негізгі жылу құбырының ортасындағы қосымша желі (байпасная линия) болғандықтан жылыту маусымын бастауға кері әсерін тигізбейді. Жалпы кәсіпорын жылыту маусымына 96 пайыз дайын отыр. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны да негізгі жұмысты аяқтаған, оның жылыту маусымына дайындығы – 98 пайыз. Т.Рысқұлов ауданы бойынша кәсіпорын тарапынан жоспарланған негізгі іс-шаралар орындалып, аудандық бюджет есебінен 21,2 миллион теңгеге 4 мектептің қазандығын ауыстыру жұмыстары атқарылуда. Жылыту маусымын бастауға бұл кедергі келтірмейді. Кәсіпорын жылыту таратуға 95 пайыз дайын. Қаратау қаласындағы «Игілік» мекемесі қажетті құрал-жабдықтарға Ресей еліндегі зауытқа тапсырыс берген, қазан айының онында жеткізіледі. Бұл жұмыстар жылыту маусымы кезеңінде атқарыла беретін болады, технологиялық процеске тигізер залалы жоқ. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы 92 пайызды құрайды. Төрт қала бойынша мәселені сөз етсек, Жаңатас, Шу қаласы бойынша жұмыстар толық аяқталған. Қаратау қаласы мен Тараз қаласындағы «Жамбыл-Жылу» мекемесіне қарасты жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Бұл жұмыстар осы жылдың 1 қазанына дейін толық орындалады, – деді Құдайберген Нұрсерікұлы. Өңірде 784 білім нысаны бар. Оның 446-сы күндізгі мектеп, үшеуі кешкі мектеп, 224-і балабақша болса, 19-ы колледж. Сонымен қатар 60 қосымша білім беру ұйымы мен 4 мектеп-интернат және 1 арнаулы мектеп, қалғаны тағы басқа білім мекемелері. Осы білім ошақтарының 162-сі орталық жылу жүйелеріне қосылса, 492-сінің жылу жүйесі автономды, 124-і пешпен жылытылады. 446 мектептің 65-і орталық жылу жүйелеріне қосылған, 331-інің жылу жүйесі автономды, 50 мектеп пешпен жұмыс істейді. Тұрақты пайдалануға берілетін 275 білім нысаны қазандықтарының барлығы аудан әкімдіктерінің теңгеріміне өтіпті. Мұны сөз етіп отырғанымыз, қазандығын газға ауыстыру ісі кешеуілдеп жатқан нысандар негізінен білім саласына қатысты. Сол үшін осы саланың жылыту маусымына дайындығында мәселе туындамауы керек. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, қазандықтар тиісті аудан теңгеріміне өткеннен кейін жөндеу жүргізетін мердігер компанияны анықтау мақсатында өткізілетін конкурс кеш жарияланыпты. – 2023-2024 жылдарда жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізу үшін 55 977 тонна қатты отынға қажеттілік анықталған еді. Қазіргі таңда өңірге 64,2 пайыз қатты отын жеткізілді. Қалғаны шетінен тасымалдануда. Өңірде қазандығын қауіпсіз аймаққа шығаруды қажет ететін білім нысандары да бар. Мысалы, Шу ауданының Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп қазандығын қауіпсіз аймаққа шығару мәселесін шешу үшін 69 990,0 мың теңге қаржы қарастырылып, модульді қазандық сатып алынған болатын. Бүгінгі күні газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жылыту маусымында барлық мектептер жылумен қамтамасыз етіледі, – деді ол. Қазандығы газға ауыстырылып жатқан нысандар жұмысының кешеуілдеуі Байзақ ауданында орын алған. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов: «Биыл 8 мектептің қазандығын газға ауыстыру қажет болса, оның төртеуінің жұмысы аяқталды. Қалған 4 мектептің жұмысын аяқтау үшін қосымша қажетті құрал-жабдықтар күтілуде. Жалпы бұл жұмыстың кешеуілдеуі мердігерлерді анықтауда мемлекеттік сатып алу конкурсының кеш өткізуімен байланысты болып отыр. Жылыту маусымы 15 қазанда басталса, біз бұл мәселені 14 қазанға дейін шешеміз», дейді. Жалпы жылыту маусымы 15 қазан деген қатып қалған қағида қайдан шыққан? «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер қазан айының онында күн күрт суып кетсе, жылуды қоспай, қазан айының 15-ін күтіп отыра алмайтынымыз анық. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің сөзіне сүйенсек, 4 қазандықтың екеуінің жұмысы басталыпты. – Осы төрт қазандыққа аудандық бюджет есебінен 21,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Бүгінде 2 мектептің қазандықтары әкелініп, орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Қалған екі білім мекемесі бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігерлер анықталды. Осы аптаның соңына дейін пештер жеткізілетін болады. Негізінде аталған төрт мектептің де қазандығының бұрынғы пештері балама пеш ретінде өзінде тұр. Жылыту маусымына дейін мәселелер толық шешіледі, – деді Ернар Серікәліұлы. Негізінде құрылыс жұмысын жүргізетін мердігерлерге де, жауаптыларға да ренжуге болмайды. Өйткені мемлекеттік сатып алу бойынша, яғни мердігерлерді анықтау мақсатында өткізілетін конкурстар кеш жарияланып жататынын көзіміз көріп жүргені рас. Құрылыс нысаны салынып жатқанда жобалау не басқа жағынан қандай да бір қателік кетсе, бірін-бірі сотқа беріп, сот шешімі шыққанша нысан маңы ала жаздай тыныштық құшағына енетіні де үйреншікті жағдайға айналған. Сондықтан осындай мәселелер туындамас үшін заң шығарушы жоғары орган «Мемлекеттік сатып алу туралы», тағы да басқа мәселелерге қатысты тиісті заңға өзгерістер енгізбейтін болса, мұндай түйткіл жылда қайталанатыны анық. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com