Жаңалықтар

Темекі де «жау»

Темекі де «жау»

Алғашында тіс ауруына ем ретінде қолданылған темекі, бүгінде 30-дан астам улы заттарға толы есірткі түрі ретінде танымал. Темекі эпидемиясы – адам ағзасын улайтын көлденең кесел. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 8 миллионнан астам адам темекіден қайтыс болады екен. Олардың 7 миллионнан астамы – тұтынушылар. Ал 1,2 миллионнан астамы – темекі түтінінің әсеріне ұшыраған темекі шекпейтіндер.

Шылым – адам өмірінің қысқаруына түрткі болатын заң жүзінде рұқсат етілген нашақорлықтың қияпаты. Темекі құрамында 4000-нан астам улы химиялық элементтер бар. Мәселен, никотин – орталық жүйке жүйесіне еніп, шылым шегу тәуелділігін жылдам қалыптастыратын есірткілік зат. Шылым шегу – ағза қалауы болғанымен, бұл улы заттың құрбанына айналғандардың бойынан ас қорыту жүйесінің бұзылуы, асқа деген тәбеттің қашуы, тыныс алу жолдарының нашарлауы, есте сақтау қабілетінің азаюы, ұйқы режимінің бұзылуы, созылмалы тыныс жолдарының қабынуы, теріге әжім түсіп, ерте кәрілікке шалдығу іспетті белгілер байқала бастайды. Қазіргі таңда «темекі тарту – еркектіктің белгісі» деген жалаң ұранның жалауымен электрондық шылымды ермек еткен жасөспірімдердің әрекеті алаңдатарлық жағдай тудырып отыр. Мәліметтерге жүгінсек, елімізде 400 мыңнан астам адам кәдімгі шылымнан бас тартып, электрондық темекіні әуес еткен. Әуесқойлардың сөзінше, электрондық темекі жағымсыз өткір иісті шығармай, ғимараттың кез келген орнында шегуге ыңғайлы. Дәрігер мамандардың айтуынша, жас ұрпақты хош иісімен елітіп тұрған Вейп өніміндегі никотин кәдімгі темекіден 2,5 есе көп. Ағзасы толық жетілмеген жеткіншектердің жүйке жүйесінің дамуына кедергі келтіріп, білімге деген зейінін төмендетеді. Сондай-ақ «формальдегид» атты химиялық элементтің әсерінен бауырдың жұмыс істеу қызметі бұзылып, қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Заңнамаға сәйкес, темекі өнімдерін 21 жасқа толмағандар қолданбауы шарт. Алайда әлеуметтік желілер мен дүкен сөрелерінде кеңінен самсап тұрған аталмыш ғасыр індетін жас ерекшеліктеріне қарамай-ақ еш кедергісіз алуға болады. Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі болашақ ана. Ал қыз-келіншектеріміз көк түтінге байланып, тәрбиелік мәнді ұмытып жатқанда болашақ ұрпақты қалай тәрбиелемек? Шылымға әуес болашақ анадан дені сау ұрпақ дүниеге келуі, әсте қиын. Айталық, темекі құрамындағы «Po210» атты өте қауіпті элемент баланың ақыл-есінің кемтар болуына әсер етеді. Сонымен қатар жас сәбидің қан түйіршіктерінің гемоглобині кем болады. Одан бөлек, тәуелділікке әкелген қауіпті кесел – созылмалы туберкулез, бронхит, гастрит, обыр, пародонтит, қатерлі ісік секілді аты жаман аурулардың қабынуына себепші. Орыстың белгілі фармакологі И.М.Догель «Темекі шегу – адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық» депті. Бір сәттік ләззат үшін өлімге душар ететін шылым дейтін улы заттың пайдалы тұстардан ада екеніне көзіміз жетті. Дана халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Адамның саулығы – қоғам байлығы. Яғни бірінші байлық – денсаулық, ал денсаулықтың кепілі – салауаттылық.

Ажар НИЯЗБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті