Брифинг

«ӘУЛИЕ-АТА» КЛУБЫНЫҢ Жоспары жұмыр

«ӘУЛИЕ-АТА» КЛУБЫНЫҢ Жоспары жұмыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Әулие-Ата» ұлттық спорт клубының директоры Нұрдәулет Момынов баспасөз мәслихатын өткізді. Баяндамашы клубтың ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Нұрдәулет Нәбиұлының айтуынша, 2004 жылы облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Әулие-Ата» ат спорты клубы жұмысын бастайды. Ал 2017 жылы облыс әкімінің қаулысымен аталған клуб ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы болып қайта құрылады. Қазіргі таңда мекемеде ұлттық спорттың 8 түрінен 300 спортшы жаттығады. – Атап айтсақ, көкпардан 2 жаттықтырушы, 54 спортшы, аударыспақтан 1 жаттықтырушы, 63 спортшы, жамбы және дәстүрлі садақ атудан 2 жаттықтырушы, 24 спортшы, теңге ілуден 1 жаттықтырушы, 16 спортшы, асық атудан 2 жаттықтырушы, 55 спортшы, құсбегіліктен 2 жаттықтырушы, 17 спортшы, тоғызқұмалақтан 2 жаттықтырушы, 71 спортшы бар. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай ересектер, жастар және жасөспірімдер тобына бөлінеді. Қазіргі таңда клубта жаттығатын спортшылардың ішінде 3 «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», 34 «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және 23 «Спорт шеберіне үміткер» спортшы бар. Осы жылы ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына 50 спортшымыз енді. Ересектер құрамасында – 19, жастар құрамасында – 18, жасөспірімдер құрамасында 13 спортшы, – деді спикер. Мекеме басшысы брифинг барысында «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының спортшылары әр деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, көптеген жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. – «Әулие-Ата» командасының көкпаршылары ұлттық құрама команданың сапында өнер көрсетіп, 2013 жылы көкпардан бірінші ашық Азия чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылы көкпардан тұңғыш әлем чемпионатының жеңімпазы және 2022 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар жастарымыз ұлттық команда сапында ойнап, 2019 жылы Алматы қаласында өткен көкпардан жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Өткен жылы Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен аударыспақтан әлем чемпионатында Данияр Смаилов I орынды жеңіп алса, Дәулет Ережепбаев қола жүлдегер атанды. Жамбы атудан да жамбылдық спортшылардың жетістігі көп. Елдос Бадашев және Абзал Тұлыбеков Кореяда өткен әлем чемпионаттарының 2 дүркін жеңімпазы атанса, Бақдәулет Бабажан жамбы атудан жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Құсбегіліктен өткен тұңғыш әлем чемпионатында Серікболсын Жалғасұлы алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атанды. Тоғызқұмалақтан 2021 жылы Ақтөбе қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында ұлдар арасында Нұрдәулет Сейтжапар және қыздар арасында Айдан Молдабек жүлделі II орынды иеленді. 2021 жылы Қырғыз Республикасында өткен тоғызқұмалақтан халықаралық турнирде Әлдибай Нұрбол I орынды жеңіп алса, былтыр Көкшетау қаласында өткен тоғызқұмалақтан жастар арасында Азия кубогында қыздар арасында Әсел Сейтбекова III орынды иеленді, – деді Н.Момынов. Нұрдәулет Нәбиұлының сөзіне сүйенсек, облыс әкімдігі тарапынан клубқа барлық жағдай жасалуда. Клубты ұстауға, спорттық аттар мен құрал-жабдықтар сатып алуға, қызметкерлер мен спортшылардың жалақысына, жарыстардың іссапар шығындарына және тағы да басқа қажеттіліктерге қаражат толықтай бөлініп, игерілуде. Клубтың теңгерімінде Тараз қаласының іргесінде орналасқан «Әулие-Ата» атшабары, спорттық аттарды тасымалдайтын жүк көлігі, спортшыларды тасымалдайтын шағын автобус, шаруашылыққа қажетті техникалар бар. Облыс әкімінің қаулысы негізінде спортшылар мен жаттықтырушыларға келісімшарт негізінде айлық жалақылары төленуде. Жалақылары спортшының атақтары мен қол жеткізген жетістігіне байланысты тиісінше төленіп отырады. Келесі кезекте Нұрдәулет Момынов ұлттық спортты дамыту мақсатында алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды, жоспарларды ортаға салды. Мәселен, ұлттық спорт түрлерін танымал етуге, яғни бұқаралық сипат алуына басымдық берілмек. Бұл тұрғыда облыстық деңгейде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіп, үздік спортшыларды іріктеп, облыс құрамасын жасақтау жұмыстары көзделіп отыр. Екіншіден, облысымыздың барлық аудандарында ұлттық спорт мектептерін немесе бөлімдерін ашуға ықпал жасау. Қазіргі таңда Қордай ауданында ұлттық спорт түрлерінен спорт мектебі, Меркі және Байзақ аудандарындағы спорт мектептерінде ұлттық спорт бөлімдері жұмыс істеуде. Сонымен бірге келесі жылы Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына спортшыларды тыңғылықты дайындап, қатысуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр екен. Айжан ӨЗБЕКОВА