Жаңалықтар

АЛЕКСА ДА АЛДАЙДЫ

АЛЕКСА ДА АЛДАЙДЫ

Қазір ақпараттық технологияның дамуына байланысты не шықса да әлеуметтік желіден шығатын болды ғой. Әсіресе жұрттың үрейін алған жалған ақпаратта қисап жоқ. Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты әлемдік геосаяси ахуал да ушығып тұрған сәтте әлемде тағы бір соғыс өртінің тұтанатыны жайлы ақпараттар кезіп жүр.

«Instagram»-да қазақстандықтар басты кейіпкері дауыстық көмекші Алексаның (Alexa) қатысы бар видеороликке байланысты түрлі пікір білдіріп, ойлары сан-саққа жүгіре бастады. Ер адам Алексадан келесі жылы АҚШ-та өтетін президенттік сайлау туралы сұрайды. Ал оған жасанды интеллект ешқандай да сайлаудың болмайтынын, өйткені әлемде супер державалар арасында үлкен соғыс басталатынын алға тартып, жауап береді. Әрине, жасанды интеллект қаншалықты «ақылды» болса да оған мұндай жағдайда сенуге болмайды. «Alexa» дауыстық көмекшісі – бұл АҚШ-та танымал девайс, оның жұмысы жасанды интеллектке негізделген. Адамдар оның көмегімен үйдегі «ақылды» құрылғыларды басқарады. Желіде керегін дауыспен іздейді. Әдетте Алекса сұраққа интернеттегі сайттардың бірінде немесе жүйенің дерекқорында табылған сөз тіркестерін жинақтап, қорыту арқылы жауап береді. Дегенмен дауыстық көмекшіде нақты сұрақтарға жеке жауаптар жазуға болатын опция бар. Бұл функцияны қолдана отырып, мысалы, үйде нақты заттардың қайда жатқаны, белгілі бір шараның қай уақытта басталатыны және тағы басқа туралы нұсқаулар қалдыруға болады. Сондай-ақ осы опцияның көмегімен әртүрлі тақырыптарда сұрақ-жауап жазылады. Мысалы, Алексаны соғыс пен апаттарды «болжауға» үйрету. Мәселен, 2021 жылы видеосы кеңінен тараған қолданушы осылай істеген. Ол Алексаны 2025 жылы Флорида штатында қатты дауыл тұрып, оны жер бетінен жояды деп жауап беруге бағдарлаған. Жасанды интеллекттің мұндай жауаптарына сенбеген жөн. Бұл дүниежүзілік қастандықтың немесе дауыстық көмекшілердің сакральді білімінің дәлелі емес. Бұл пайдаланушылардың өздері ойлап тапқан және алдын ала жазылған жауаптары.