Заң

ШАХТАДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ШЫН СЫРЫ

ШАХТАДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ШЫН СЫРЫ

«Қазақстан» шахтасындағы өрттің салдарынан болған жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия өз жұмысын аяқтады. «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында болған апат және жұмыскерлердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысын жариялады.

Комиссия апат кезінде пайдаланылған техникалық құрылғылар мен жабдықтарға бірқатар арнайы сараптама және өрттің пайда болуының және таралуының техникалық себептерін анықтау үшін өрт-техникалық сараптама жүргізген. «Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады. Біріншіден, көмір конвейеріндегі өрт конвейердің кептелген және бекітілген ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты болды. Екіншіден, шахтаның инженер-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы. Сонымен қатар қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызмет бақылауының әлсіздігі анықталды. Үшіншіден, қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл сәйкестік сертификатынсыз таспалы кенептің жұмысы. Соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдылығы және жану өнімдері мен тау-кен қазбаларынан болған ауа газдылығы қызметкерлердің өліміне әкеп соқты», деді еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов. Сонымен қатар министр еңбек заңнамасы нормаларын бірқатар бұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Комиссия жұмысының нәтижесінде жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталып, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталған. Айта кету керек, «Азаматтық қорғау туралы» Заңға сәйкес тергеу нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі. Шапағат Әбдір