Жаңалықтар

ЕСІРТКІ ТҮБІ ТҮРМЕ немесе МҮРДЕ

ЕСІРТКІ ТҮБІ ТҮРМЕ немесе МҮРДЕ

Есірткі жыл өткен сайын талай адамды өз құрығына түсіріп келеді. Оның тырнағына іліккен адам жалғанның бүкіл қызығын тәрк етіп, басыбайлы құлына айналады. Ол үшін енді ешқандай қуаныш та, қайғы да жоқ. Әлемнің тосын оқиғалары да таңдандырмайды. Тіпті байлық та басын айналдыра алмайды. Өзгелер сияқты жамандық та, жақсылық та істемеуі мүмкін. Санасы уланған құр сүлде. Анасы да, әкесі де, ешқандай туысы да жоқ. Оның құны – тек бір ғана доза. Бүкіл өмірінің өлшемі осы. Осылай мүрдеге айналады.

Адам тәні мен жанын жоюдың бұдан өткен сорақы түрі жоқ. Зерттеушілердің пікірінше, әр нашақор жылына он бес адамды есірткі татып көруге тартады екен. Сонда осы он бестің енді қанша адамды аждаһа аузына итермелейтінін есептей беріңіз. Сөйтіп, есірткі құмарлық тұмаудан да жылдам тарайтын індетке айналады. Бұл көп ұзамай адамзат ұрпағының ізі жойылады деген сөз. Қазақстанда соңғы он жыл ішінде есірткіге тәуелділер саны күннен-күнге өсуде. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, олардың саны 254 000, яғни еліміздің тұрғындарының 1,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар нашақорлардың көз алдымызда жасарып бара жатқаны да жасырын емес. Еліміздегі есірткінің ең көп тараған түрлері болып гашиш-анаша, апиын, героин, марихуана кокаин-крек, экстази, ЛСД саналады. Дегенмен дәл қазір героиннің ықпалы күшейіп тұр. Себебі 90-жылдары нашақорлардың 80 пайызы марихуанаға тәуелді болса, қазір оларды тек апиын мен героин ғана қанағаттандырып отыр. Негізінен есірткінің бұл түрін бойға инемен енгізу арқылы пайдаланғанымен кейде иіскеп те еліріп жатады. Пайдаланатын адамды бірден анықтауға болады. Керекті дозасын қабылдағаннан кейін ол 15-20 минуттай ләззатты сәтін бастан өткереді. Дәл осы сәтте ол өзін дел-сал сезініп, көзінің шарасы айналып, аспанда ұшып жүргендей халде болады екен. Ал кейде бойында белгісіз қуат пайда болып, оның жойқын мінез көрсетуі де ғажап емес. Героиннің күші тарқағанда бүкіл ішкі дүниесі босап қалғандай әсерде болады. Адуынды екпінді күш бүкіл тәнінде жүріп өткен нашақордың ішінде ешкімге тән емес, жалғандықтан құралған жеке әлем түзіледі. Психологиялық тәуелділік алғашқы дозадан кейін-ақ тууы мүмкін... Негізінен аталған есірткілердің көбі қалалық жерлерде, түрлі демалыс орындарында жасырын түрде сатылады. Ірі қалалық жерлерде олардың тарату жүйесі дамыған. Сондықтан іздеп табу да оңай. Сонымен қатар елітуге ауылдағы жастар да қарсы емес. Мұның бәрі жұмыссыздықтан. Ештеңемен айналыспайтын адам ермек іздейді. Бұған рухани әлсіздігі келіп қосылады. Ақыры ауылдағы қарадомалақ бала есірткінің алғаш дәмін татып көреді. Бір сұмдығы сол, ауылдық жерлерге де есірткі тасымалданады екен немесе жеңіл түрлерін кез келген қолданушы өздері-ақ өндіреді. Кезекті ләззат алу үшін жасөспірім немесе ересек балаларға қаржы керек екені тағы белгілі. Алғашқыда балалар ата-аналарынан түрлі сылтаумен қаржы алуы мүмкін, кейін келе-келе қылмысқа барады, болмаса үйіндегі бағалы заттарды ұрлап сатып, айырбастайды. Сонымен, әуелде еріккеннен, әуестіктен дәмін татқан ол біртіндеп есірткісіз тұра алмайтын халге жетеді. Бүгінгі ұрпақ есірткі қасіретіне байланысты ақпараттарға кенде деп айта алмаймыз. Қайта күннен-күнге есірткінің тигізер зияны жөнінде қаншама мәлімет алып отырсақ та, «ит қорыған жеріне өш» дегендей, аталған тажалға деген сұраныс өсіп келеді. Ал есірткіге жастарды, балаларды тартудың түрлі жолдары бар. Алғашқыда мейірімді ағайлар бірінші-екінші дозаларын тегін береді. Бір-екі рет дәмін көрген жас бала кейін қалай басының айналғанын сезбей де қалады. Содан кейін мағынасыз өмірдің есігі айқара ашылады. Жас нашақордың араласатын адамдары, достары күрт өзгереді. Тұлғаның қайта қалыптасуы аяқталып, адам кейпіндегі белгісіз тіршілік иесі өмірге келеді. Қолданушылар өзін көбіне кез келген уақытта қоя алатындығымен жұбатады. Біртіндеп олардың айтқанына байғұс ата-аналары, достары сеніп қалса, кейде нашақордың өзі де иланып қалуы мүмкін. Бұл осылай жалғаса берсе, еліміз таяу жылдарда әлемдегі ең алдағы есірткілі елдің біріне айналмақ. Біздің мамандар да еліміз арқылы өтетін көштердің көбейе түскендігін, әрі оны тұтынушылардың қаптап кеткенін жасырмайды. Тәркіленген есірткілер де жеткілікті. Тек рухани әлсіз жандар барлық түйін шешімін есірткіден тапқысы келсе, енді біреулер алданып та жатады. Есірткі – бұл тірі адамның өлген жаны. Есірткі – бұл жатырда жатып мүгедекке айналған сәби. Есірткі – бұл мыңдаған әке-шешенің көз жасы мен зары. Есірткі – бұл тек қана нашаны көргенде оянатын отсыз, сәулесіз жанарлар, қарекетсіз, қызықсыз, қылмысқа итермелейтін тірлік. Ақыры сол тірлік иесі қуыс кеуделі құр сүлдеге айналады. Сосын мүрде... Жас қабір. Ләззат ТАҢАТБАЕВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі