Конституциялық заңдылықтың жай-күйі қандай?
Конституциялық заңдылықтың жай-күйі қандай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп, күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ» деген сөзі кез келген адамды терең ойға жетелейтіні сөзсіз. Осы орайда елімізде әділетті қоғам құру бағытында байыпты бастамалар көтеріліп, лайықты жұмыстар жүзеге асуда. Өткен жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум, кейіннен Конституцияға енгізілген өзгерістер осы тұрғыдағы ауқымды өзгерістерге жол ашуда. Конституциялық реформаларға сәйкес елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан Конституциялық Сот жұмыс істей бастады. Азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіне алу құқығы конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі болып табылады. Осылайша Конституциялық Сот жаңа субъектілердің өтініштері бойынша қолданыстағы заңнаманың конституциялылығын тексеруге байланысты кең өкілеттіктерге ие болды. Конституциялық Сот Конституцияның 53-бабының 6-тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын жинақтап қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Қазақстан Республикасының Парламентіне Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жiбередi. Конституциялық Соттың биылғы жолдауы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді. Аталмыш құжатта не жазылды? Құқықтық бағытта қандай өзгерістер бар? Еліміздің әрбір азаматына қажетті ақпараттар қамтылғандықтан біз төменде Конституциялық Соттың жолдауын оқырман назарына ұсынып отырмыз.