Әлеумет

БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тәуелсіздік залында» «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жазаны қатаңдату және жол инфрақұрылымының, ғимараттардың, киімнің, балаларға арналған азық-түліктің қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Шараға түрлі саланың басшылары мен өкілдері және студенттер қатысты. Ал жиынды «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали ашып, жүргізді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», деген болатын. Әрине, бәріміз ата-ана ретінде Президентіміздің осы сөзін толықтай құптаймыз. Әрі бұл бағытта жұмыс істеуге өзіміз де күш саламыз. Сондықтан жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстарды айқындау мақсатында «дөңгелек үстел» ұйымдастырып отырмыз. Өз бала-шағамыздың болашағы үшін кәмелетке толмаған жастар мен жасөспірімдерге қарсы жасалатын кез келген зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс. Әрі бүгінгі басқосуымызда зорлық-зомбылыққа және қысымға, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу бойынша нақты ұсыныстар да айтылып, қабылданса деймін, – деді Э.Мырза-Ғали. Әрмен қарай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Айгүл Тұрсынбайқызы, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Раимжанқызы және басқа да бірқатар басқарма басшысы күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салды. Ал облыс әкімдігі білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбеков Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша тиісті жоспар жасалып, орындалып жатқанын жеткізді. – «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Шынымен де баланың құқығын қорғау жүйесін жетілдіру – заман талабы. 2002 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты, қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынованың бастамасымен «Баланың құқықтары туралы» Заң қабылданғанын да білесіздер. 2007 жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. 2008-2012 жылдары елімізде Балалардың құқықтарын қорғау департаменттері жұмыс істеді. 2012 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот құрылды. 2007-2011 жылдар аралығында «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. 2016 жылғы 10 ақпанда Президент Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Қазір әр облыста бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер бар. Облыс әкімдігі білім басқармасының тарапынан да бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүргізілуде. Атап айтар болсақ, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды. Аталған ақпараттық жүйенің QR кодтары облыс мектептеріне ілінді. Сонымен қатар «Komek Stop Bullying Jambyl» «Telegram» арнасы жұмыс істейді. Онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады. Ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан балалар өз ойын еркін жаза алады. Аталған «Telegram» арнасына облыстық прокуратураның, полиция департаментінің, білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған, – деді Мұхтар Амангелдіұлы. Сондай-ақ М.Амангелдіұлы мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында өңіріміздегі білім ошақтары HR+психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылғанын да атап өтті. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары өткізіліп тұрады екен. Сонымен қатар «дөңгелек үстелде» балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңдардың бір-біріне кереғарлығы да айтылды. Мысалы, қазіргі қолданыстағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексінің 69-бабының 3-тармағында «Кәмелетке толмаған ата-аналардың жалпы негiздерде өздерiнiң әке және ана болуын тануға және оған дау айтуға құқығы бар, сондай-ақ өздері он төрт жасқа толғаннан кейiн сот тәртiбiмен өз балаларына қатысты әке болуды анықтауды талап етуге құқығы бар» деп көрсетілген. Кодекстің бұл нормасы балаларға ерте жыныстық қатынас жасауға және ерте жүктілікке рұқсат беріп тұрған сыңайлы. Сондықтан осы норманы өзгертіп, балалардың ерте жыныстық қатынасына, ерте жүктілікке жол бермейтіндей тұрғыда өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отырғанын да айтты спикерлер. Мұнан бөлек «ҚР Баланың құқықтары туралы» Заңға және ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне, ҚР Қылмыстық кодексіне «зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала» ұғымын енгізіп, балаға қатысты жасалған қылмыстар үшін, әсіресе кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар (120, 121, 122, 123, 124-баптары) үшін жазаны қатаңдатса деген ұсыныстарын да жеткізді. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru