Брифинг

Бостандық ауылының болашағы баянды

Бостандық ауылының болашағы баянды

Талас ауданының Бостандық ауылдық округіне қарасты 2 елді мекендегі 310 аулада 2151 адам тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық – 1015, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар –312, зейнеткерлер – 147 адам. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Талас ауданы, Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов баяндады.

Оның айтуынша, ауылда қазір 14-35 жас аралығында 529 жас бар, оның ішінде 16-29 жас аралығындағылар – 466, мектеп жасындағылар – 187, студенттер саны 90-ды құрайды. Әскер қатарындағы жастар саны – 4, жұмыспен қамтылғандар саны – 76, жеке негізде және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 153, жұмыссыз жастар саны – 14. NEET санатындағы жастар – 4, грант алған жастар саны 2 болса, Жастар практикасы бойынша – 3, ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған 4 жас бар. Спикердің айтуынша, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында биыл ауылдық округ бойынша аз қамтылған 8 отбасыдан құжаты қабылданып, оның ішінде 7 отбасыға 2 миллион 205 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. М.Әбдіқадырұлы қазіргі таңда ауылда жасалып жатқан жобаларға да тоқталды. – Мектеп түлектерін, жергілікті кәсіпкерлерді және ауылдан шыққан азаматтарды тарта отырып ауылды көркейту, абаттандыру мақсатында «Жомарт түлек»жобасы аясында түлектердің демеушілігімен біршама жұмыстар атқарылуда. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауылшаруашылығын дамытуға 105 жобаға мүйізді ірі қара, қой, жылқы алу үшін құжаттарын рәсімдеді. Қалған 5 жоба бойынша ТЖО, азық-түлік дүкені, наубайхана, монша жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Жоба құны – 26 миллион 200 мың теңге. Алда 8 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылатын болады. Суармалы жерге ауылшаруашылық дақылдарын егу бойынша айта кететін болсам, 111 гектар дәндік жүгері, 28 гектарға картоп, 130 гектарға бақша дақылдары, 30 гектарға көкөніс, 120 гектарға жаңа жоңышқа, 86 гектарға қант қызылшасы егілді. Оның ішінде «Зерхат» шаура қожалығы 30 гектар, «Демеш» шаруа қожалығы 10 гектар қызылша алқабына тамшылатып суғару әдісін қолдануда,–деді Мұратхан Рысдәулетов. Міне, осындай атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталған ол алдағы уақытта істелетін жұмыстарының жоспарымен де бөлісіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Шапағат ӘБДІР