Жамбыл жаңалықтары

Жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды

Жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды

Әне-міне дегенше жылыту маусымы да басталады. Одан кейін қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақырған аяз арқаны қаритындай күшіне енгенде жылыту жүйесі орталық қазандыққа қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, мекемелер ұядай болып, жұрт суықтан дірдек қақпауы тиіс.

Қыстан қысылмай шығу үшін ескірген жылу қазандықтары мен құбырларды жөндеу немесе ауыстыру, тозығы жеткен құрылғыларды жаңасына алмастыру секілді жұмыстар ала жаздай атқарылатыны белгілі. Біз сөз еткеніміздей, жылыту маусымына дайындық жұмыстары қазіргі таңда қанша пайызға аяқталды? Қазандығы қатты отынмен жылытылатын нысандар үшін тиісті көлемдегі көмір жеткізілді ме? Жылыту қазандығын газға ауыстыру жұмыстары қай уақытқа дейін жалғасады? Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері туралы аппараттық кеңесте осы мәселелер сөз болды. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңірде 9 негізгі жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар екен. Сол арқылы жалпы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1 649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. – Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 9 миллиард 5 миллион теңге қаралған. Жылу энергетика кешендері арқылы жылыту маусымы кезеңінде 1, 250 миллиард текше метр газ тұтыну жоспарланып отыр. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 15 мың тоннаны құрайды. ҚР Энергетика министрлігі облысқа қажетті 24,4 мың тонна әлеуметтік мазут бөлді. Оның ішінде Жаңатас қаласына – 12 938 тонна, «Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамына – 10 000 тонна, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамына 1 500 тонна бөлініп отыр. Жаңатас қаласының қазандығына 12 938 тонна мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге қаралды. Қазіргі таңда қыркүйек айына жоспарланған 1 250 тонна мазут жеткізілді. Дегенмен өткен жылдан қалған 1 мың 40 тонна мазутты есепке алғанда қоймада 35 тәулікке жеткілікті 2 290 тонна мазут бар. Облыстағы 2 ірі жылу көздері бар «Таразэнергоорталық» АҚ-ның «ТЭЦ-4» стансасы мен «РК-4» қазандығындағы бу турбиналарын, бу және су жылытқыш қазандары мен қосалқы жабдықтары ағымдағы жөндеуден өтсе, «ТЭЦ-4» стансасындағы №3 бу қазанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жұмыс кестесіне сәйкес «РК-4» қазандығында №4 су жылытқыш қазанын күрделі жөндеу жұмыстары осы айдың 25-іне дейін аяқталады. Сонымен қатар ТЭЦ-4 стансасындағы №2 бу турбинасын ағымдағы жөндеу және ішкістансалық құбырларды жөндеуден кейінгі гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары атқарылуда. Жалпы «Таразэнергоорталық» АҚ-ның жылыту маусымына дайындығы 98 пайызды құрайды, – деді Құдайберген Нұрсерікұлы. Сондай-ақ Құдайберген Қорғанбаев Тараз қаласы мен өзге де аудандардағы жылу тарату мекемелеріне тиесілі қазандықтар мен жылу жүйелеріне қатысты жүргізілген жөндеу жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады. Аталған басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, кейбір жылу тарату мекемелерінде жоспарланған шаруа әлі де жалғасуда, бірақ жылыту маусымын бастауға ол іс кері әсерін тигізбейді екен. Жиын барысында Ербол Шырақпайұлы келер аптаның әр жұмасы мен жексенбісінде аудандарға жұмыс сапарымен баратынын ескертті. – Өткен аптада Тараз қаласының жылыту жүйелерін аралап көрдім. Сол кезде жылыту маусымына дайындық жұмысы әлі бітпегенін байқадым. Жылыту маусымының басталуына санаулы-ақ күн қалды, сондықтан тиісті жұмыстардың дер кезінде орындалуын сұраймын. Негізінде мен таңертең сағат 07:00 мен 09:00 арасында Тараз қаласының аумағын аралап жүрмін. Мәселен, Тараз қаласының №1, №2 аумақтық округін аралап, жағдайға қанықтым. Келесі аптаның әр жұмасында аудандарды кесте бойынша аралап көрмекшімін. Ал демалыс күні кез келген ауданға кестеден тыс бармақшымын. Сондықтан аудан әкімдері демалыс күндері аудан орталығында болғаны дұрыс, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың көмірмен қамтылу деңгейіне және тұрғындар мен мекемелердің кәсіпорынға коммуналдық қарызы қанша екеніне назар аударды. Қ.Қорғанбаев өңірде дебиторлық және кредиторлық қарыз 127,9 миллион теңге көлемінде қалыптасқанын, оның ішінде 94,1 миллион теңгесі тұрғындар есебінен болып отырғанын айтты. Алдағы жылыту маусымына орай облыс тұрғындары үшін 149,7 мың тонна көмір түсіру жоспарланса, бүгінде оның 50,2 мың тоннасы жеткізіліпті. Қазіргі уақытта әулиеаталықтардың қатты отынмен қамтылу деңгейі – 33,5 пайыз. – Көмір отынын ағымдағы жылдың мамыр айынан келесі жылдың сәуір айына дейін қамту жоспарланған. Мамыр-қыркүйек айларындағы, яғни 5 айдағы көмір жеткізу жоспары 52,9 мың тоннаны құрайды, орындалуы – 94,5 пайыз. Оның ішінде қыркүйек айындағы жоспар – 21,9 мың тонна. Қазан-сәуір айларындағы жоспар 96,8 мың тонна болып жасақталған. Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысса, оның 24-і өңірлік операторлар. Бүгінгі таңда көмір тұйықтарында 12,8 мың тоннаға жуық қатты отын бар. Шұбаркөл, Қаражыра сауда белгісімен өндірілетін көмірлердің бағасы сортына қарай бір тоннасы 16-9,5 мың теңгені құрап отыр. Шалғай ауылдарға дейінгі жеткізу құны есебімен қатты отынның тоннасы 20-24 мың теңгеден саудалануда. «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ-ның мәліметі бойынша, биыл 1 мамыр-15 қыркүйек аралығында облысқа 180 мың тонна көмір әкелінді. Оның ішінде тұрғындарға – 50,2 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға – 54,8 мың, өндірістік және басқа да кәсіпорындарға – 54,9 мың тонна, Қырғыз Республикасының «Маймақ» стансасына 20,1 мың тонна көмір жеткізілді, – деген Қ.Қорғанбаев білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт секілді салалар бойынша бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін қанша қатты отын қажет екені, оның қаншасы жеткізілгенін де тілге тиек етті. Осы жылдың қыркүйек айының ортасында аталған басқарма мамандары аудандарға іссапармен шығып, орталық және автономды қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың дайындығын, техникалық жай-күйін, негізгі және резервтік отын қоры мәселелерін зерделепті. Нәтижесінде нысандардың басым көпшілігінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілгенімен кейбір нысандар бойынша дайындық жұмыстарында бірқатар сын-ескертпе анықталған. Мысалы, жылу желілерін жоғары қысымды сынақтан өткізу, операторларды қайта даярлық курстарында оқыту, термометр, манометр құрылғыларын тексеруден өткізу, температуралық кестелерді бекіту, тіркеу журналын жасау, өрт сөндіру қалқандарын толықтыру, дизельдік генераторларды электр желілеріне қосу, дизель отынымен жабдықтау сияқты жұмыстар тиісті деңгейінде орындалмаған. Аталған кемшіліктер кейбір аудандарға қарасты бірқатар ауылдардағы орта мектеп, медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандардың қазандығына қатысты орын алған. Бүгінде анықталған кемшіліктер бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, орындалуы штаб деңгейінде бақылауға алыныпты. Кеңес отырысы барысында облыс әкімі жылыту маусымына дайындық барысын әр сала бойынша тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің өздерінен сұрады. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің білім саласындағы нысандардың жылыту маусымына дайындығы жөнінде жасаған баяндамасын тыңдады. Сондай-ақ жауаптыларға барлық жылыту нысандары мен инженерлік желі жұмыстарының кестеге сай аяқталуын бақылауға алу, оның ішінде жылу жүйелерінің жөндеу жұмыстарын, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмысын 1 қазанға дейін аяқтау, қатты отынды тиісті аймаққа жеткізу ісін бақылауға алу секілді бірқатар тапсырма жүктеді.