ТІЛДІ ОҚЫТУ ҮДЕРІСІН ІЛГЕРІЛЕТУ КЕРЕК
ТІЛДІ ОҚЫТУ ҮДЕРІСІН ІЛГЕРІЛЕТУ КЕРЕК
Конференцияның мақсаты – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай А.Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін насихаттау, мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Жиынға оқытушылар, мектеп мұғалімдері қатысты. Алғашқы болып «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Гүлхан Әлімбекова баяндама жасады. – Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы «Әліппенің» авторы. Қазақ ғылымы мен білім беру жүйесін ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессорларының бірі. Ол ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларын тәрбиелеген ағартушы ғалым. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері. Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі, халқы ұлықтаған ұлт ұстазы,– деген ол А.Байтұрсыновтың басқа да еңбектерін атап өтті. Шындығында, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның жол бастаушысы болды. Жазушы, аудармашы, баспагер, тіл жанашыры ретінде А.Байтұрсынұлы қазақ халқының әлеуметтік және мәдени тұрғыда оянуына қызмет етті. Ол өмірі мен шығармашылығы арқылы түркі халқының зиялыларына бағыт-бағдар берген көрнекті қазақ ғалымы ретінде әлі күнге дейін ұрпақ есінде сақталып тұр. Ұлы тұлғалардың ізін жалғастырушы, тіл жанашырлары мен ұстаздар қауымы аталмыш конференцияда тіл үйретудегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Конференцияға қатысушылар алдағы уақытта да А.Байтұрсынұлының еңбектерін жұртшылыққа насихаттай беретін болады. Эльмира ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ