ТАЛАСТА ӨТКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ТОЙ
ТАЛАСТА ӨТКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ТОЙ
Талай тарихтың куәсі болған, тірлігі құтты, бірлігі мықты Талас ауданының құрылғанына биыл – 90, ал аудан орталығы қазыналы да қасиетті Қаратау қаласының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай өткен сенбіде Қаратау қаласында «Мәдениет – асыл қазынам!» атты Талас ауданының мәдениет күндері өтті. Жалпы ауданда ұлттық спорт түрлері өте жақсы дамыған. Таласта туып, талай әлемдік бәсекелерде атой салып облысымыздың, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылар аз емес. Сондықтан да болса керек, ауданның мәдениет күндері Қаратау қаласына кіреберіс жолдың оң қапталында орналасқан атшабар алаңынан бастау алып, ұлттық спорт түрлері кеңінен ұлықталды. Алаңда ауыздығымен алысқан арғымақпен ойқастап жүрген жастарға, шараның тезірек басталуын тағатсыздана күтіп отырған жұртшылықтың ат спортына деген ынтызарлығына қарап сүйсінбеу мүмкін емес. Қазақтың атадан балаға жалғасқан ұлттық ойындары басталмас бұрын белгілі жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан түп-тамыры тектіліктен нәр алған, ырысы ортаймаған құт мекен Талас ауданының 90, тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген Қаратау қаласының 65 жылдығымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ қазыналы қария шабандоздарға ақ батасын берді. Сөйтіп, көрермендер көптен күткен сәт те келіп жетіп, біршама уақыттан бері төрешінің әмірін күтіп тұрған Нарбота Сарабек пен Аяулым Мұхаметқалиева ұлттық ойынымыз қыз қууды бастап кетті. Аяулымның тақымындағы қасқа айғыр қуса құтқармайтын, қашса жеткізбейтін жүйріктің нақ өзі екен. Ә дегеннен арындап шауып, дауыс жететін жерге дейін ұзап кетті. Ойынның шартына сәйкес Нарбота белгіленген жерге дейін қуып жете алмаған соң кезек Аяулымға берілді. Аяулым тізгіндеген жүйрік бабында екенін тағы дәлелдеп, көзді ашып-жұмғанша «қашқындарға» қуып жетті. Енді Аяулым қарап қалсын ба?! Жеткен бойда жігітті қамшының астына алды. Осылайша қызыләуіттік қаршадай қыз ат үстіндегі ептілігімен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Мұнан кейін кезек теңге ілу ойынына берілді. Теңге ілуде Нұрдәулет Әлімбайға тең келетін қарсылас табылмады. Кейбір қатысушылар жерге тасталған бес теңгенің біреуін әзер іліп, біраз әуреге түсті. Ал Нұрдәулет бес теңгенің бәрін ілгені былай тұрсын, аттың оң және сол жағына қатар еңкейіп, мықтылығын дәлелдеді. Спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін аударыспақ ойынында да Нұрдәулеттің айы оңынан туды. Теңге ілуден кейін білекті де жүректі жігіттердің бәсекесіне кезек берілді. Яғни алаңға Ойық және Қаратау қаласының тақымы тастай көкпаршы жастары шығып, кім мықтыны анықтады. Қаратаулық жастар ойынды қарқынды бастады. Серкені де жерден бірінші болып көтерді. Бірақ Ойықтың оғландары да осал емес екен. Ойынның алғашқы минуттарында жіберген қателіктерін тез арада түзетіп, басымдықты өз қолдарына алды. Нәтижесінде Нұрдәулет Әлімбай екі мәрте қанжығасын майлап, командасын алға шығарды. Ойынның соңғы минуттарына дейін Ойықтың көкпаршылары есептегі басымдықты сақтап қала алды. Ал жауынгерлік өнер саналатын жамбы атуда сайдың тасындай іріктелген құралайды көзге атқан мергендер сынға түсті. Тартысқа толы болған жамбы атуда Ойық ауылынан келген Бекбол Сатыбалдиевтің жұлдызы жарқырады. Атшабар алаңындағы спорттық жарыстар аяқталған соң көрермен Қаратау қаласындағы орталық стадионға қарай ағылды. Атшабарда ұлттық ойындарды тамашалап, қаны тулап, делебесі қозып шыққан жұртшылықты стадионда да ерекше шаралар күтіп тұрған болатын. Стадионның кіреберісінде ауданның тарихын, тәуелсіздік жылдарындағы даму жетістіктерін айқындайтын көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ көрмеге қолөнер шеберлерінің көздің жауын алатын түрлі бұйымдары, Таластан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары қойылған екен. Келген қонақтарды ұлттық киім киіп, сәні мен сымбаты жарасқан арулар ыстық бауырсақ ұсынып қарсы алды. Стадионда ақ шағаладай қатарласа сап түзеген алты қанат ақ боз үйлер, ауылдың алтыауызын айтып, әуелетіп ән салған әжелер, киіз басып, жүн түтіп отырған кішкентай бүлдіршіндер, ұлттық ойындарымызды ойнап, алаңда асыр салып жүрген ойын балалары мәдениет күндерінің маңызын аша түсті. Салтанатты шараны облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен құттықтау сөзімен ашып бергеннен кейін көрермен назарына «Талас» халық театрының театрландырылған көрінісі ұсынылды. Қойылымда Талас ауданының тарихына, өңірдің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың өмір жолына қысқаша шолу жасалды. Әрмен қарай мәдениет күндері өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Елімізге белгілі күміс көмей, жезтаңдай әншілер Айгүл Мақашова, Мадина Сағынбекова, Сәрсенбек Бәкір, Жәнібек Бестерек ән шырқап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ мәдениет күндеріне арнайы келген Талас ауданының тумасы, мақтанышы Мұқасан Шахзадаев өнер көрсетіп, концерттік бағдарламаның түйінін қойды. Осылайша «Мәдениет – асыл қазынам!» атты мәдениет күндері аудан тұрғындарына және арнайы келген қонақтарға мол әсер сыйлап, ерекше салтанатпен аталып өтті. Талғат НҰРХАНОВ, Талас ауданы