Қоғам

Бүлдіршіндерді балабақшада қанша уақытқа қалдыра аламыз?

Бүлдіршіндерді балабақшада қанша уақытқа қалдыра аламыз?

Қоғамда балабақшаның маңыздылығы айрықша. Ең алдымен біз балабақша арқылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және біліммен толық қамтимыз. Соның арқасында тәуелсіз еліміздің болашақ тұтқасы саналатын балақайлар жастайынан білімге, өнерге құштар болып, табиғатты аялау, өмірдің әрбір кереметін сезіну, Отанды сүю, үлкенге құрметпен қарау секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Зерек әрі білімді, белсенді, жан-жақты қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелердің атқарып отырған жұмысы орасан.

Екіншіден, балабақша жұмысбасты адамдар үшін баласын алаңсыз сеніп тастайтын құтты орын. Таңертеңнен қара кешке дейін тіршілік қамымен үй бетін көрмейтін, жұмысына ерте барып, кеш қайтатын жандар үшін балабақшаның маңызы бөлек. Алайда жұртшылық осы күні балабақшаның жұмыс уақыты өздері 8 сағат еңбек ететін мекеменің жұмыс уақытымен сәйкес келмейтінін айтып жүр. Біз қандай да бір балабақша жайлы атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Мәселен, Тараз қаласының Нұржан есімді тұрғыны баланы кешке балабақшадан алу үлкен мәселе тудыратынын айтады. – Көршім әйелі екеуі балабақшаға кешке үлгере алмайтын болғандықтан, баласын балабақшадан мен алып жүрдім. Олар ұлын мемлекеттік мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемеге беріп жүрген. Әйелі де, өзі де жұмыстан кешкі сағат 19.00-ден кейін шығатын. Күйеуінің көлігі болғанымен қаланың бір шетіндегі жұмыс орнынан сағат 19.00-де шыққанымен, балабақшаға дейін кемі 20-30 минут жол жүріп баратын. Мұндай уақытта кезекшілікте қалған тәрбиешілер оған ала көзбен ата қарап, кешіккені үшін сан мәрте табалап, жүз шайысқан көрінеді. Өзім білім беру мекемесінде жұмыс істейтін болғандықтан, олар баласын менің алуымды өтінді. Осылай олардың баласын бір жыл тасыдым. Бір күні олар баласын күйеуінің жұмыс орны маңындағы жекеменшік балабақшаға берді. Ол жерде балабақша меңгерушісімен баланы сағат 19.00-ден кейін алатыны жайлы келіскен екен, – деді ол. Негізінен аталған мәселе балабақшалардың кешкі сағат 18.30-дан кейін жұртшылыққа баланы алып кету жөнінде талап қоятынында болып отыр. Өйткені кей мекеме жұмысы 19.00-де аяқталады. Мемлекеттік балабақшалардың да жұмыс уақытының аяқталуын сағат 19.00-ге тураласа, бәлкім мұндай мәселе туындамас па еді? Негізінде мемлекеттік балабақшаға баланың бару құнынан жекеменшік балабақша ақысының ең арзан дегенінің өзі екі есеге қымбат. Жекеменшік балабақша жұмыстан кештеу қайтатындарға тиімді болғанымен, оны кез келген адамның, әсіресе балабақшаға 2-3 бүлдіршіні баратын отбасылардың қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Қазір немересін балабақшаға, мектепке жетектеген ата-әжені көрсек, таңғалмаймыз. Өйткені олардың дені келіні мен ұлына таптырмайтын қолқанат болып тұр. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ отбасыларға шынында да қиын. – Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемеге 5 жасқа жақындап қалған немерем барады. Көбіне оны балабақшадан алуға өзім барамын. Өйткені ұлым мен келінім жұмыста. Олар баланы кешкі сағат 18.00-де алуға үлгере алмайды. Негізінен немерем баратын балабақша тәрбиешілері сағат кешкі 17.30-дан кейін балаларды кезекші топқа өткізеді. Бірақ бүлдіршіндер ата-ананы күту залында, анығын айтқанда, дәліздегі орындықта арқасына кішкене сөмкелерін асынып алып, қаздай тізіліп отырады. Буыны бекіп, қабырғасы қатпаған бала үшін орындықта қақайып, ата-анасын сарылып күтуі оның жүйкесіне де, денсаулығына да салмақ салатыны анық. Осыдан кейін немеремді кешкі сағат 17.30-да әкетуді өз міндетіме алдым. Ал мен секілді енесі жоқ жас отбасылардың балаларының жағдайы қалай болып жатқанын өздері білер, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Шәркүл Жексеналы. Негізінде тұрғындар арасында кей балабақшаларда ойыншық жоқтың-қасы екені, барлары «бөлмені шашады» деп бүлдіршіндерге ойыншық ойнатпайтыны, ойын ауласының жұпыны болуы, балаларының кешке қарны ашып келетіні секілді шағымдар өте көп. Соның ішінде ең сорақысы тәрбиешілердің кейбір көмекшілері бүлдіршіндерге «Үлкен дәретке үйлеріңе барып отырыңдар» деп айтатынында болып тұр. Үлкен дәретке шыдай алмаған бүлдіршіндерді жол-жөнекей дәретке тосып отырған ата-ананы байқап қалсаңыздар да таңғалуға болмайды. Осыған орай біз аталған мәселелер бойынша Тараз қалалық білім бөліміне хабарласып, балабақша әдіскерлерін сөзге тартып көрдік. – Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының үлгі штаттарын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы №77 қаулысымен бекітілген үлгі штатына сәйкес білім мекемесінің жұмыс уақыты 10 сағаттан жоғары деп көрсетілген. «Білім туралы» Заңның 41-бабы бойынша штаттық кесте негізінде бекітілген мекеменің жарғысында жұмыс уақыты 10 сағат 30 минут деп көрсетілген, яғни жұмыс уақыты таңғы сағат 8-00 ден 18-30-ға дейін. Балабақша қызметкерлері осыған сәйкес жұмыс атқарады. Жалпы, балабақша-бөбекжайларда кезекші топ деген жоқ. Шындап келгенде мұны мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекемелер өз ішінде ата-аналардың жағдайына қарай ұйымдастырып жүр. Тараз қаласы бойынша 2016 жылдан бері мемлекеттік балабақшаларда ата-аналардан алынатын төлемақы – 8750 теңге. Ол 100 пайыз балалардың тамағына жұмсалады. 8750 теңгені 21 жұмыс күніне бөлгенде бір күнге 416 теңгеден айналады, ал 22 жұмыс күні болғанда 397 теңге. Осы көрсетілген қаржыға балаларға 4 мезгіл тамақ беріледі. Тараз қаласындағы бөбекжай-бақша атаулыға облыстық білім басқармасының Тараз қалалық білім бөлімі арқылы жыл сайын қарастырылған қаражат көлемінде қажетті ойыншықтар сатып алынып отырады. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің негізгі мақсаты – баланың денсаулығы мен өмірін қорғау, білім беру процесінің мазмұны мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес жұмыс істейді. Сондай-ақ балабақша-бөбекжайларда еңбек ететін тәрбиешінің белгілі бір көмекшісі тарапынан бүлдіршіндерге «Үлкен дәретке үйлеріңе барып отырыңдар» деген сөзі рас болса, бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайға қатысты ата-ана тарапынан нақты шағым түссе, ол дәлелденсе тәрбиешінің көмекшісіне шара қолданылады, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлфайруз Естаева. Қазіргі заманда ешкім бала-шағасының ырзығын тауып отырған жұмыс орнынан ажырағысы, жұмыстан ерте қайту арқылы жаманатты болғысы келмейтіні анық. Мына түрімізбен жұртшылық бала-шағасын балабақшадан алуға үлгере алмай, кей ата-ана «алаңсыз еңбек етуіме бала кедергі» деген тұжырым жасайтын болса, бұл қоғамды түптің-түбінде тығырыққа тіреуі мүмкін. Егер осындай мәселелер Білім және ғылым министрлігі тарапынан өз шешімін таппаса, жағдайы бар отбасылар аталған машақаттан қашып, балаға үйде қарайтын адам іздеуі кәдік. Мұндай жағдайда ол бүлдіршіндер жоғарыда аталған білім мен тәрбиеден қағылатыны даусыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ