Жаңалықтар

Күзгі шақыру науқаны басталды

Күзгі шақыру науқаны басталды

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес  1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды. Кеше облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте әскерге шақырылған 25 сарбаз салтанатты түрде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасына аттандырылды.

Енді жас сарбаздар әскери іс бойынша дайындалуға, шекаралық дағдыларды меңгеруге және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету қызметіне тікелей қатысатын болады. Олардың өз борышын адал атқарып, аман-есен қайтып келуіне тілектестік білдірген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қуаныш Симтиков әскерге барудың абыройлы міндет екенін айтты. – Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп тегін айтпаған. Біз бүгін сіздерді ең абыройлы міндеттеріңізді атқарып қайтуға аттандырып тұрмыз. Сіздер еліміздің шекарасының ғана емес, болашағының да қорғанысыздар. Сондықтан алда тұрған ұлы міндеттеріңізді адал атқарып, елге, жерге қызмет етуге бар күш-жігерлеріңізді жұмсайсыздар деген сенімдемін, – деді Қуаныш Алпысбайұлы. Ал ардагерлер мен ата-аналар ақ батасын жаудырып, ұлдарының аман-есен келуіне тілектестік білдірді. Айта кету керек, әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиясы жұмыс істейді. Қазіргі шақырудың ерекшелігі – ашықтықтың артуында. Демек, әскерге шақыру комиссияларының жұмысына сарбаздардың аналары мен қоғамдық комитет өкілдері қатысады. Биыл күзде барлығы 19 мыңнан аса адам әскерге алынғалы отыр. Қарулы Күштер қатарына 8 мыңның үстінде, Ұлттық ұланға – 6 мың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 3 мың, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне 300 азамат шақырылады. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке дайындау және оларды әскерге шақыру – үздіксіз жүргізілетін үдеріс. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды жүйелі түрде зерделеуді бастайды. Ол үшін әскерге шақырылушының құжаттарын оқып қана қоймай, жас жігіттермен тәжірибе жұмыстары да жүргізіледі. Шақыру науқанының басталуына қарай барлық өңірде шақыру комиссияларын басқаратын облыстар, қалалар және аудан әкімдері орынбасарларының басшылығымен шақыру және медициналық комиссия мүшелері қатысқан нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мерзімді әскери қызметтің абыройын өсіру, беделін арттыру жөніндегі жұмысты жолға қойғанын айта кетелік. Бүгінгі күні мерзімді қызметке алынған сарбаздарға кредиттік каникулдар беру жөніндегі шаралар іске асырылды. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың оқу орталықтарында әскери қызметшілерге мемлекеттік үлгідегі куәліктер бере отырып, әскери-есептегі мамандықтарға даярлау ісі жүргізіледі. Олар саласына қарай экономиканың нақты секторында қызмет етеді. Қорғаныс министрлігі 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерімен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды. Бұл ретте жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін әскерде қызмет еткен 180-нен аса қазақстандық, ал ақылы түрде 400-ден астамы оқуға түсті. Қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде жүзеге асырылатынын білген жөн. Сол сияқты жуырда шақыру учаскелеріне әскерге шақырылушыларды тіркеу туралы куәліктер беру және борышын өтемеген азаматтарға әскери билеттер беру процесі жойылады. Шапағат ӘБДІР