Цифрлық Қазақстан

Әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері

Әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері

Әлеуметтік қызметтер порталы мемлекетіміздегі мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында осыдан екі жыл бұрын іске қосылған портал, ең алдымен, техникалық оңалту құралдарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға арналған бизнес-процестердің мерзімін қысқартуға мүмкіндік беруде. 

Портал ерекше қажеттіліктері бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Портал арқылы протездік-ортопедиялық оңалту сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, кресло-арбаларды тапсырыспен алдыруға болады. Сондай-ақ қызметтер мен оңалту құралдарын алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмей қалуы сияқты келеңсіздіктерді шешеді. Ең бастысы мұқтаж жандар өздеріне қажет тауар мен қызмет түрін өзі таңдай алады. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өтініштеріне сәйкес техникалық жабдықтар мен оңалту қызметтерінің белгіленген құнын өтеу механизмі көзделген. Ал бағасы қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша ақыны мұқтаж жанның өзі төлеу қызметі де бар. Бұл порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша төлемдерді іске асыру функциясының қолжетімді екенін көрсетеді.

Облыс бойынша орындалу деңгейі қандай?

Бүгінде облыста 45 625 ерекше қажеттіліктері бар жандар бар болса, оның ішінде І топтағылар – 4155, ІІ топтағылар – 17 313, ІІІ топтағылар – 17 390 адам. 18 жасқа дейінгілер саны – 6767. Оларды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 1523,9 миллион теңге қаржы бөлініпті. Әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 11 215 мүгедекті тиісті бұйымдармен қамтамасыз ету жоспарланса, қазір әлеуметтік қызметтер ұсыну порталы арқылы оларға тиісті оңалту құралдары беріліп жатыр. Портал қызметі арқылы 67,5 миллион теңгеге кресло-арбалар, 243,2 миллион теңгеге протез-ортопедиялық және компенсаторлық құралдар алынып, мүмкіндігі шектеулі жандар 453,0 миллион теңге көлемінде санаторлы-курорттық емделуге жіберілді. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1462,2 миллион теңгеге 9 300 азамат міндетті гигиеналық құралдарды алып жатыр және әлеуметтік қызметтер де жүйелі көрсетілуде. Аталған көмек түріне гигиеналық құралдар, ымдау тіл маманының қызметі, жеке көмекшінің қызметі, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер кіреді екен. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаевтың айтуынша, жылдың 1 маусымына дейін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жеке оңалту бағдарламасы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында 63,2 пайызға орындалыпты. Порталда 16 279 өтініш тіркеліп, 10 475 өтініш қанағаттандырылған. – Жеке оңалту бағдарламасының орындалуы бойынша облыс көлемінде протез-ортопедиялық құралдармен 27,8 пайыз, сурдотехникалық құралдармен 62,8, тифлотехникалық құралдармен 68,2, кресло-арбалармен 76,2, санаторлы-курорттық емделумен 26,4, жеке көмекшілердің қызметімен 90,8, ымдау тілі маманының көмегімен 92, және міндетті гигиеналық құралдармен 93,1 пайыз қамтылып отыр. Басқарма тарапынан былтыр аталған жұмыс 92,4 пайызға орындалып, өңір республикада екінші орыннан көрінді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мүгедектерді жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамту 85 пайыз деп белгіленген, – дейді Ермек Бықыбайұлы. Портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерге де тапсырыс беруге жағдай жасалған. Әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасы балаларына (бір жастан алты жасқа дейін және алты жастан 18 жасқа дейін) көрсетіледі. Осы көмек бойынша жергілікті атқарушы орган балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне, медициналық көмек алуына, оқулықтармен, мектеп формасы және тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуін қадағалап, шығындарын өтеп отыр.

Порталға тіркелу жолы

Әлеуметтік порталға әр тұлға өзінің жеке электронды сандық қолтаңбасы арқылы тіркеледі. Айта кетерлік маңызды жайт балалар порталда тіркеле алмайды, сол үшін портал қызметі олардың ата-анасы, қорғаншысы немесе қамқоршысы секілді заңды өкілдері арқылы жүзеге асады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматта интернет желісіне қолжетімділік болмаған жағдайда аудандық жұмыспен қамту орталығына, халыққа қызмет көрсету орталығына және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге болады. Пайдаланушылар көбінесе жеке кабинетіне кіре алмай шағымданып жатады. Бұл жағдайда ЭЦҚ-ның жарамдылық мерзімін немесе «NCALayer» бағдарламасының соңғы нұсқасы тұрғандығын тексеру қажет. Сондай-ақ жұртшылықты қолдауға арналған байланыс орталығының 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады. Көпшіліктің аптаның дүйсенбі мен жұма күнгі аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін үзіліссіз портал жұмысына қатысты барлық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндігі бар. Тікелей сайттың өзінде «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімі жұмыс істесе, «Қолдау» бөлімінде пайдаланушылар мен жеткізушілер үшін де егжей-тегжейлі нұсқаулар бар.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ