Жерлестеріміз жүлдемен оралды
Жерлестеріміз жүлдемен оралды
Әр гарнизоннан келген өңірлік қолбасшылықтардың әскери қызметшілері қызметтік қару Макаров тапаншасынан және Калашников автоматынан ату бойынша сынға түсті. Екінші кезең АК-дан ату, гранаталарды қашықтыққа лақтыру және 400 метрге жүгірумен кедергілерден өтуді қамтитын әскери үш сайыс болды. Жарысқа барлығы 13 команда қатысты, оның ішінде 172 әскери қызметші, 25 әйел. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы аталған чемпионаттан жақсы нәтижемен оралды. Әскери триатлон және қызметтік қарудан ату бойынша жарыстар армияның үздік спортшылары мен атқыштары анықталған сайыста оңтүстіктің әскери қызметшілері лайықты орындарға ие болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұлттық құрамасының бастығы, өңірлік қолбасшылықтың дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы майор Темір Жақиевтің айтуынша ҚР Қарулы Күштер чемпионатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен, барлық әскери түрлері мен салаларынан, барлық өңірлік қолбасшылықтардың әскери қызметшілері қатысты. Жарысқа дайындықтары мықты әскерилер қатысты. Сайыстағы бәсекелестік рух жоғары деңгейде болды. Чемпионат нәтижесі бойынша Калашников автоматынан оқ ату сайысында АК-3 оқу-жаттығуы бойынша бірінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Шымкент қалалық механикаландырылған бригадасының (35748 әскери бөлімі) жеке келісімшарт қызметінің әскери қызметкері Әйгерім Әріп жеңіп алды. Сайыста «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің екі әскери қызметкері Макаров тапаншасынан ату бойынша үздік үштікке енді. Ерлер мен әйелдер арасында жүлделі үшінші орындарды Луговский гарнизонының ефрейторы Жасұлан Таңатов (03811 әскери бөлімі) пен Сарыөзек гарнизонының жауынгері, сержант Қуаныш Бейбітова (12740 әскери бөлімі) иеленді. Әскери үшсайыс сайысында да «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Айталық, Шымкент гарнизонының әскери қызметшісі, старшина Әсілбек Қарабай (35748 әскери бөлімі) гранатаны 70 метрге лақтырып, екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, 600 метрлік кедергілер жолағында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы танк бригадасының әскери қызметкері, аға сержант Бектөре Назашов екінші орынды иеленді. Ол жолақты 2 минут 20 секундта еңсерді. Сонымен жеке біріншілікте старшина Әсілбек Қарабай бірінші орынға лайық деп танылса, аға сержант Бектөре Назашов екінші орынды жеңіп алды. Чемпионат қорытындысы бойынша әскери триатлонда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Әуе қорғанысы күштері командаларын басып озып, жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Қызметтік қарудан ату бойынша жалпы есепте «Оңтүстік» командасы төртінші орыннан көрінді. Аэро-десанттық-шабуылдаушы күштерінің, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы және Операциялық күштердің командаларына жол бергенімен, өзге тоғыз команданы артта қалдырды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұлттық құрамасының бастығы, өңірлік қолбасшылықтың дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы майор Темір Жақиев Қарулы Күштер чемпионатына қатысу және жүлделі орындарға ие болу көптеген әскери қызметшілерімізге Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, біріншілік нәтижесі бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты бөлімшелердің әскери қызметшілері сержант Әсілбек Қарабай, аға сержант Бектөре Назашов, ефрейтор Әсілхан Сейітбеков және аға сержант Нұрсұлтан Нұрлыбаев спорт шебері атанған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы дене шынықтыру бөлімінің бастығы Т.Жақиев ұжымның әрбір мүшесінің күш-жігері мен сайысқа қосқан үлесін баяндай отырып, құрама жаттықтырушысы, гвардиялық гарнизоны танк бригадасының әскери қызметшісі, 3-дәрежелі сержант Нұрсейітқожа Сейтқарымның сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Оның жетекшілігімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы спортшылары жарысқа қызу дайындалған. Нұрсейітқожа әріптестеріне қолдау көрсете отырып, жеңіске жетуге жігерлендірген. А.Бекенқызы