Жаңалықтар

ӘСКЕРИ ДРОНДЫ «ТІЗГІНДЕГЕН» НИКОЛАЙ

ӘСКЕРИ ДРОНДЫ «ТІЗГІНДЕГЕН» НИКОЛАЙ

«Егер шынымен қаласаңыз, ғарышқа да ұшуға болады». Бұл теңеу біздің кейіпкерімізге арналғандай. Бала кезінде «Өскенде ғарышкер немесе ұшқыш боламын» деп алдына мақсат қаймаған бозбала бұл өмірде аз шығар. Алайда балалық арманына адалдық танытып, ұшақ тізгіндегендер бірен-саран. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің әскери қызметкері Николай Кириллов та жас күнінде өзге қатарластары секілді ұшқыш болуды армандаған. Мамандық таңдауда жүрек қалауына сүйенген Николай қазіргі күні авиация эскадрильясының ұшу командирі, майор атағын иеленген.

Әуеде қалықтасам деген арманын ол Астанадағы ҚР мемлекеттік авиация орталығына курсант болып қабылданғанда орындайды. Теориялық оқу курсынан өткеннен кейін 15 жасар Николай тұңғыш рет жеңіл моторлы ТЛ-2000 бір реттік ұшағын тізгіндеп, аспанға ұшады. Кейіпкеріміз орталықта оқып жүргенде орта есеппен 14 сағат 58 минут көкте ұшқан екен. Осы күнге дейін 74 мәрте парашютпен жерге секірген Николай осы бір қорқынышты бірақ ерекше әсер қалдыратын істі мемлекеттік авиация орталығында жүріп меңгерген. Ол өз өмірін әскери авиациямен байланыстырсам деген арманынан еш айныған жоқ. Осы мақсатта Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына «майдандық авиацияның командалық-тактикалық» мамандығы бойынша оқуға түсті. Николай тағдырын әскери қызметпен және әуемен байланыстырғанына ешуақытта өкінген емес. Керсінше Әскери-әуе күштері саласында өзінің мықты екенін дәлелдеді. Қай жерде қызмет етсе де сеніп тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Ұшқышсыз ұшатын аппараттар Қазақстан Қарулы Күштеріне енді ғана енгізіліп жатқанда, авиация эскадрильясының командирі майор Николай Кириллов тарихи жаңалықтың қызу ортасында болды. Шамамен он жыл бұрын ҚР Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды сатып ала бастады. Жаңа әскери технологияның қандайда бір қарулы қақтығыстар орын алғанда жауға әсер ету үшін тиімділігі зор. Ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшыру нүктесінен үлкен қашықтықта әуе барлауын жүргізуге және қажет болған жағдайда әуе соққыларын жасауға қабілетті. Сонымен бірге бұл заманауи технология адамдардың өмірін сақтау үшін таптырмас құрал. Николай Кириллов ұшу аппаратын басқаруды, нұсқаулықтарын алғашқылардың бірі болып оқыды. Кейін алған білімін тиімді пайдаланып басқа әскери қызметкерлерді ұшқышсыз ұшақтарды басқаруға үйрете бастады. – Біз үшін бұл мүлдем бейтаныс іс еді. Бірақ өзіме дәл осы жаңалық қызықты әрі келешегі зор болып көрінді. Мен жаңа мүмкіндіктерді сынап көру арқылы ұшқышсыз ұшақтардың қарапайым ұшақтардан артықшылығын түсіндім», – деді авиациялық эскадрилья командирі Николай Кириллов. Қытай Халық Республикасында оқудан өтіп, сынақтар мен емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін Николай ұшқышсыз ұшу аппараттарының мамандарын даярлаумен айналысатын Әуе қорғанысы күштерінің оқу орталығында жедел-тактикалық деңгейдегі дрондармен жұмыс істеуге жіберілді. Бай тәжірибесін ескере отырып, Николай және басқа да ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу бойынша оқудан өткен мамандарға әдістемелік нұсқаулықты, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) жауынгерлік даярлық курсын әзірлеу тапсырылды. Олар жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға кірісті. Николай әріптестерімен бірге ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелерінің әдістемелік құралдары мен жауынгерлік даярлық курсын дайындап шықты. Әрине, осы аса маңызды міндетті орындау сала мамандарына оңай соққан жоқ. Бірақ құрылған жұмыс тобы жүктелген міндетті кемшіліксіз орындай білді. Жауапты қызметті тыңғылықты орындай білген мамандардың жұмыс тобына тағы да маңызды тапсырма берілді. Бұл жолы құ­ра­мында нұсқаушы Кириллов бар қызмет тобы әскери бөлімдерге ұшқышсыз ұшатын аппараттардың нұсқаулық құжаттарын енгізу тапсырылды. Олар бұл істе де ерекше көзге түсіп, уақытпен санаспай еңбек етті. Осылайша Николай секілді жанашыр ма­ман­дардың арқасында ұшқышсыз ұшу аппаратының қолданыс аясы кеңейді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері де жақын арада ұшқышсыз ұшқыштарды өздерінің нақты ресми мақсаттары үшін көптеген әскери бөлімдерде пайдалануға болатынына сенімді. Қытай елінде алған білімімен шектелмей Николай бірнеше рет түрлі оқу курстарынан өтті. Қызметтік жолында айтарлықтай рөл атқаратын сертификаттардың бірін ол Түркияда оқығаннан кейін алды. Түркия елінде білімін толықтырып жүргенде ұшқышты шетелдік оқытушылар ең қабілетті тыңдаушылардың бірі ретінде атап өткен. Өткен жылы жауынгерлік дайындықтағы табысы, кәсіби тәжірибесі және оны қызметте белсенді пайдаланғаны үшін Николай Кириллов мерзімінен бұрын кезекті әскери атақ алу құрметіне ие болды. Майордың шенін Астана қаласында еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов тапсырды. – Майор атағын мерзімінен бұрын және оны ҚР Қорғаныс министрінің өз қолынан алуым әскери қызметімдегі жарқын оқиғалардың бірі болды. Туыстарым, достарым және әріптестерім мен үшін өзімнен бетер қуанды. Менің ойымша, мұндай сәттер әр офицерді құлшындырады. Мұндай ілтипатқа ие болу біріншіден адамның дұрыс жолмен жүргенін және бәрін дұрыс істеп жатқанын көрсетеді. Екіншіден мұндай оқиғалар өзін-өзі бағалауды және қызметте жаңа жетістіктерге жетуге деген ынтаны арттырады,– деп өз әсерімен бөлісті майор Кириллов. Қазір авиациялық эскадрилья буынының командирі, майор Николай Кириллов өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастыруда және басқа әскери ведомстволардың мамандарын ұшқышсыз ұшу аппараттармен жұмыс істеуге үйретуде. Өзінің кәсібилігі мен сапалы жұмысы үшін ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан басшылығынан бірнеше рет алғыс алды. Оның қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік қолдану және ұшқышсыз ұшу аппараттары мамандарын даярлауда. Майор Кириллов өзінің негізгі қызметінен басқа өзінің әскери бөлімінің іздестіру-құтқару және парашют-десанттық қызметінің штаттан тыс бастығы. Бұл лауазым оған парашютпен секіру, ұшақтармен практикалық ұшу, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеудің үлкен тәжірибесі және жалпы әскери қызметтің қыр-сырын айтарлықтай меңгеруінің арқасында сеніп тапсырылды. Осы жетістіктердің барлығын Николайдың өзі ғана емес, сонымен қатар қызы Аринаны бірге тәрбиелеп отырған жұбайы Вероника және Николайдың Теміртауда тұратын ата-анасы мақтан тұтады. – Ең бастысы, туыстарыммен байланысым бір минутқа да үзілмейді. Менің анам, әкем және әпкем оларды қалай жақсы көретінімді біледі, ал мен олардың мені қалай сағынатынын білемін. Бірақ уақыт өткеннен кейін мені қайтадан қызметке тартатынын нақты білемін, өйткені мен сүйікті жұмысымсыз өмірімді елестете алмаймын, – дейді Николай Кириллов. Балқаш қаласында біраз жыл еңбек етен ол қазір Тараз қаласының тұрғыны. Және облыстағы әскери ұшқыштардың арасындағы тәжірибелі маманнның бірі, өз саласының үздігі. Ақтоты Жаңабай