Жаңалықтар

Ел тағдыры үшін маңызды құжат

Ел тағдыры үшін маңызды құжат

Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын зор ықыласпен тыңдадық.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері басқармасы мен бағынысты әскери бөлімдердің барлық жеке құрамында Мемлекет басшысының дәстүрлі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирде көрсету ұйымдастырылды.

Әскери қызмет­керлер Мемлекет басшысының әр Жолдауын ерекше қызығушы­лық­пен асыға күтеді. Себебі онда ел тағ­дыры үшін ма­ңызды шешімдер айтылады. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштері Бас қолбас­шысының биылғы Жолдауында әскери салаға айрықша көңіл бөлінуі керектігі де сөз болды. Мемлекет басшысының «Біздің армия жоғары технологиялық қару-жарақпен қамтамасыз етілуі керек» деген сөзі ҚР Қарулы Күштері үшін қашанда басты мәселе. Сондай-ақ Президент өз Жолдауында отандық өндірісті өзімізде дамытып, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел әскері үшін тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді нығайту. Дамыған мемлекеттерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл маңызды рөл ойнайды. «Біздің армия жоғары технологиялық қару-жарақ және әскери техникамен, соның ішінде бронды техника, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, заманауи атыс қаруларымен қамтамасыз етілуге тиіс. Техниканы жедел жөндеу бойынша өндірістік қуаттылықты нығайтып, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту керек», деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас қолбасшысының сөзінше, бізде тиісті материалдық-техникалық база, құзыреттілік және кадрлар бар. Оларға тиісті ведомстволардан тапсырыстар қажет. Ел Президентінің «Заманауи технологиялар трансферті мен жаңа өндірістерді ашу жұмысын жалғастыру керек. Отандық кәсіпорындарды тікелей қаржылай қолдау тетігі Қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді дамытудың арнайы қоры болады» деген нақты тапсырмасы да ҚР Қарулы Күштерінің болашағы үшін маңызды шешім. ҚР Қорғаныс министрлігі құрылымындағы Әскери-техникалық саясат департаменті осы бағытта маңызды іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл бөлімнің мамандары қару-жарақ саласындағы барлық соңғы жаңалықтарды және әскери-өнеркәсіптік кешен саласындағы технологияларды дамытуды мұқият зерттейді. Олар Қазақстанның Қарулы Күштері үшін ең жақсы үлгілерді таңдайды. Ал біз, Қазақстан армиясының әскери қызметкерлері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері бұл қаруларды сынақтан өткізуге, мамандардың мақұлдауымен оларды іс-қимылда қолдануға дайынбыз. Сондай-ақ Қарулы Күштерде мамандарды жаңа қарумен жұмыс істеуге үйрету үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл орайда дайын кадрлар мен жоғары дайындықтан өткен мамандардың болуы, олардың жаңа техниканы меңгеруге ұмтылуы маңызды рөл атқарады. Біздің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында мұндай патриот әскери қызметкерлер көп екенін мақтанышпен айтқым келеді. Біз Елбасымыздың барлық Жолдауда айтылған бастамаларын қолдауға дайынбыз. Өйткені олар елді, армияны дамытуға бағытталған. Мереке КӨШЕКБАЕВ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы