Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕН СЕЙШЕЛ АРАЛДАРЫ ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ ОРНАТАДЫ

ҚАЗАҚСТАН МЕН СЕЙШЕЛ АРАЛДАРЫ ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ ОРНАТАДЫ

Қазақстан мен Сейшел аралдары өзара визасыз режим орнатпақ. Уағдаластық жөніндегі келісімнің жобасы «Ашық НҚА» мемлекеттік веб-порталында жарияланды. Жобада бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады делінген.

Жоба бойынша, Сейшел азаматтары келісімде көрсетілген жарамды жол жүру құжаттарымен Қазақстан аумағына бір немесе бірнеше рет келуге, шығуға, транзитпен өтуге, уақытша болуға визалық талаптардан босатылады. Ал екінші тарапқа олар түскен күннен бастап 180 күнтізбелік күннің әрбір кезеңінде 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге бара алады. Бұл ретте тараптардың бiрiнiң азаматтары, екiншi тарап мемлекетiнiң аумағында кәсiпкерлiкпен айналысу, жұмысқа орналасу немесе оқу үшiн көрсетiлген ең жоғары мерзiмнен ұзақ тұруға ниеттенсе, міндетті түрде виза алуы шарт. Қазақстан Республикасының жол жүру құжаттарына дипломатиялық паспорт, қызметтік төлқұжат, отандастарымыздың төлқұжаты, қайтару туралы куәлігі жарамды. Үкімет қаулысының түсіндірме жазбасында бұл жоба теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да салдарға әкеліп соқпайды делінген. Жалпы құжатты қабылдау туралы республикалық бюджет комиссиясының 2023 жылғы 13 маусымдағы №10 хаттамасымен мақұлданыпты. Ол күшіне енсе, республикалық бюджетке кіріс биылдың   III-VI тоқсанында және 2024-2025 жылдар кезеңінде 345 мың теңге мөлшерінде азаятыны көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстан мен Сан-Марино Республикасы арасында визасыз режимді енгізуді жоспарлап отыр. «Ашық НҚА» сайтында екі елдің арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулының жобасы жарияланған-ды. Осы құжаттың негізінде азаматтар Сан-Маринода алты ай сайын 90 күн визасыз жүре алады. «Шенген келісімінің уағдаласушы тараптары мемлекеттерінің бірінің аумағына бірнеше рет келу-кету бойынша Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен, бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде бір мәрте немесе бірнеше мәрте келуге, кетуге, транзит арқылы өтуге және уақытша болуға визалық талаптардан босатылады. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 90 күндік көрсетілген мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады», делінген қаулының жобасында. Бұған дейін еліміз Еуропада орналасқан бірқатар елмен визасыз режимді ресімдеген болатын. Олардың ішінде Албания, Черногория мен Молдова бар. Айта кетейік, негізі былтыр туристік қызметтерден ел қазынасына рекордтық 389 миллиард теңге салық түскен. Оның ішінде еліміздегі орналастыру орындары 183 миллиард теңге табыс тапқан. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, Отанға алыс шет мемлекеттен ат басын бұрған 1 турист орта есеппен 1 500 доллар мөлшерінде кіріс әкеледі. Демек, әр шетелдік 2 жұмыс орнын ашуға сеп болады деген сөз. «Елімізде кейінгі екі жылда туризм саласында жұмыс істейтіндердің саны айтарлықтай өсіп, 500 мыңға жуықтады. Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға дейін туризм саласында 800 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев. Еске сала кетсек, елімізде шетелдік туристер төлейтін жарнаның көлемі өзгерген еді. 2023 жылдың басында 30-дан астам қала мен ауданда 1-5 пайыз көлеміндегі bed tax бекітілді. Алайда кәсіпкерлер мен қонақүй иелері туристік жарнаның көлем мөлшерін қайта қарауды сұрады. Соған сәйкес пайызбен емес, айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Осылайша Астана, Алматы және Шымкент қалаларында bed tax 0,5 АЕК (1 725 теңге), ал қалған өңірлерде 0,2 АЕК (690 теңге) болды. Министрліктің дерегінше, былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келген.