Жаңалықтар

ТУРИСТІК ЖОБАЛАРҒА ЖАН БІТІРГЕН ЖӨН

ТУРИСТІК ЖОБАЛАРҒА ЖАН БІТІРГЕН ЖӨН

Ел Президентінің кезекті Жолдауы халыққа тың бағыттар мен айқын жолдарды нұсқағандай болды. Әсіресе ел экономикасын дамытудың бірнеше бағытына басымдық берілетінін атап айтты. Соның бірі ішкі және сыртқы экономикамызға өз әсерін тигізетін туризм саласы десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы да туризмді дамытуға шындап кірісетін уақыт келгенін ескертіп, бұл салада енді олқылық жібермей, оңды істер істеуге күш салуымыз керектігін айтты. «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы айтсақ, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі халыққа рух, салаға серпін сыйлайтыны анық. Өйткені туризм ел әлеуетін көтерудің бірден-бір төте жолы. Әрі біздің елде оны дамыту үшін барлық шарттар жетерлік. Тек жұмыс істей алатын адам болса, бұл саланы ары қарай дөңгелетіп алып кететіні анық. Біздің облысымыздың өзінде қаншама қасиетті орындар мен табиғаты тамаша жерлер бұл саланы дамытуға сұранып тұр. Ендеше соған шетелдік қонақтарды көбірек тартып, неге ел экономикасын қаржымен толықтырмасқа. Сондықтан Президенттің Жолдаудағы бұл сөзінен кейін тасада жатқан талай идея оянып, тартымды жобалар жорғасын бұзбай жолға түсетіні анық деп білемін өз басым. Махамбет РАХЫМЖАНОВ, облыс әкімдігі туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы» КММ басшысы