маңызды МӘСЕЛЕЛЕР ҚАМТЫЛДЫ
маңызды МӘСЕЛЕЛЕР ҚАМТЫЛДЫ
«Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығындағы техника мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы айтқандай, ауылшаруашылығындағы техниканың бүгінде тозығы әбден жеткен. Елімізде машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналып отыр. Осы ретте Президент жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін атап өтті. Сәйкесінше еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерудің маңызына да тоқталды. Расында да ауыл – еліміздің алтын бесігі. Ауылшаруашылығы ешқашан ақсамауы қажет. Сондықтан да Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында тоқталған әр саланың мәселелері күн тәртібінен түспей, жүзеге асуы қажет деп білеміз. Ол үшін бірлік пен тірліктің арқасында Отанымызды бірге дамытып, өркендеуіне үлесімізді қосуымыз қажет-ау деп ойлаймын. Сауран ҚАЛИЕВ, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог