АУДАН ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ ӨЗІ САЙЛАЙДЫ
АУДАН ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ ӨЗІ САЙЛАЙДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді. Негізінде елімізде әкімдерді халықтың өзі сайлауы керек деген мәселе тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ көтерілген еді. 2000 жылы бұл тек тәжірибе ретінде кейбір аудандар мен ауыл әкімдерін сайлау бойынша ғана өтті. Соның ішінде біздің облыста Талас, Жамбыл, Қордай аудандарының әкімдерін сол кезде жергілікті халық сайлады. Байзақ, Жуалы секілді кейбір аудандарда бір немесе екі ауылдық округ әкімдерін де халық сайлады. Жалпы сайланбалы жүйені біздің еліміз қолданып келеді. Нақты айтқанда, бұл жүйенің екі тетігі бар. Соның бірі – әкімді халықтың өзі сайлауы, екіншісі – халықтың өкілі ретінде әкімді депутаттардың сайлауы. Осының ішінде қазір біздің еліміз екінші механизмнен біртіндеп біріншісіне ауысуда. Оған екі жылдан бері ауылдық округ әкімдерін халықтың өзі сайлауы дәлел болады. Мемлекет басшысы енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін де халық сайлайтынын айтты. Мұның бір артықшылығы – әкімді халық сайласа, біріншіден, олар өздері танитын іскер адамды таңдайды, екіншіден, ол адамнан өз міндетін жауапкершілікпен атқаруды талап ете алады. Жалпы дамыған елдердің көбінде сайланбалы жүйенің осы тетігі қолданылады. Біздің де еліміз осы жүйеге біртіндеп ауысып, алдағы уақытта облыс әкімдерін де өзі сайлайтын кезең келетініне сенімдімін. Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, қоғам қайраткері