Жаңалықтар

ЖАСАСЫН ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ!

ЖАСАСЫН ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ!

Былтыр Көкшетау қаласында өткен «Парасатты полицей» байқауында облыстық полиция департаментінің «Тараз арландары» командасы үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Осылайша байқауды өткізу кезегі жеңімпаз облыс ретінде біздің өңірге табысталған еді. Аталған байқау Тараз қаласында 3-4 қыркүйек аралығында өтті. Жарысқа еліміздің барлық полиция департаменттерінен 200-ден астам қызметкер қатысты. Талантты да шығармашыл полиция қызметкерлерінен құралған 20 команда үздіктер қатарынан орын алу үшін өзара сынға түсті. Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағанынан бастау алған байқауда қала қонақтары мен қатысушылар алдымен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов пен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Іс-шараға облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал майоры Арманбек Баймурзин, Ғазиз Байтасовтың жұбайы, облыстық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Гүлжамал Тажиева қатысты. Өзге облыстардан келген қатысушыларға «Даңқ» залындағы көрме таныстырылды. – Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу қарсаңында 14-рет ұйымдастырылып отырған «Парасатты полицей» дәстүрлі байқауының киелі Тараз жерінде өтуі – біз үшін үлкен абырой. Екі мың жылдық тарихы бар Тараз шаһары Ұлы Жібек жолының жауһары, түркі халқының рухани мәдени орталығы. Жамбыл өлкесі батырлар мекені. Олай деуім, облыстан атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, бейбіт күннің батыры, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов шыққан. Байқауға қатысушылар мен қала қонақтары осынау тарихы терең өлкеден ұмытылмас әсер алып қайтады деген сенімдеміз. Байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Арманбек Хәкімбекұлы. Іс-шараға мұрындық болып жүрген Ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы Альбина Махамбетова да жиналғандар алдында сөз алып, байқаудың маңыздылығына тоқталды. – Ішкі істер органдары арасында кеңінен танымал сайыстың басты көздегені – тәртіп сақшылары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру, қолданыс аясын кеңейту. «Полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілге, еліне, Отанына деген құрметін арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру. «Парасатты полицей» байқауына қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе, – дейді А.Махамбетова. Кеш соңында байқауға қатысушылардың реттік жеребесі тартылды. Салтанатты жиын құқық қорғау қызметкерлері мен эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен концерттік бағдарламаға ұласты. Екінші күні байқау «Баласағұн» орталық концерт залында жалғасты. Сайыс басталар алдында іс-шараның құрметті қонағы – «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева құттықтау сөз сөйледі. Екі кезеңнен тұрған өнер додасында құқық қорғау қызметкерлері өздерін таныстырып, Абай өлеңдерін жатқа оқудан сайысқа түсті. Сайысқа қатысушы командалар бірінші кезең – «Жаңа Қазақстан полициясы» тақырыбында әділетті Қазақстан құру жолында ішкі істер органдарын реформалау барысы туралы айтып, өздерін таныстырды. Тартысқа толы жарысты Қызылорда облыстық полиция департаментінің «Айбын» командасы бастап, сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасағысы келіп жүрген жігіт жайлы көрініс қойды. Қойылым барысындағы «Қыздың алдында тізе бүгіп сөз салмаймын. Мен тек Мемлекеттік тудың ғана алдында тізерлеймін» деген сөз жасырын айтылып тұрған ақыл сияқты көрінді. Дегенмен жігіттің сүйіктісі «Сен полиция қызметкерісің. Сондықтан маған уақыт бөлуді қойдың. Халық деп шабасың да жүресің. Мен сенің ұсынысыңды қабылдай алмаймын» деп бас тартады. Сыр сақшылары бұл көрініс арқылы әр полиция қызметкерінің жүрегі «Отан» деп соғатынын жеткізгісі келді. Сахнаға келесі кезекте шыққан Маңғыстау облысы полиция департаментінің «Айбынды Ақтау» командасының таныстыруы әсерлі болды. Маңғыстаулық қоғам сақшылары өз таныстыруларында алдымен Отанға адал қызмет етуге ант қабылдаған сәттеріндегі бейнероликті назарға ұсынды. Жұмысқа қабылданған жас мамандардың әр күні шытырман оқиғаларға толы. Ел тыныштығын күзету үшін әр күні бастарын бәйгеге тігеді. Олар «тездетіп келіңіздерші» деп жәрдем сұраған халыққа шұғыл көмекке келеді. Жұртшылыққа осыны ұғындырды. Қарағанды облыстық полиция департаментінің «Алаш айбыны» командасы да жақсы өнер көрсетті. Бұл команда бейнеролик арқылы облыстағы полиция саласындағы жаңашылдық – цифрландырудың ұтымды тұстарын көрсетті. Кеншілер қаласы атанған Қарағандыда 4 жарым мың тәртіп сақшысы бар. Соңғы уақытта елімізде қаржылық алаяқтықтың белең алуына байланысты ол жақта «Кибер полиция» бөлімі ашылған. Жаз айының басында ашылған орталықтың мамандары осы уақытқа дейін бірлесе әрекет етудің нәтижесінде 9 қылмыстық топты құрықтаған. Алматы облыстық полиция департаментінің «Хан Тәңірі» командасы да сайысқа тыңғылықты дайындалып келіпті. Команданың аруы Сақ патшайымы Томирис бейнесінде шығып, көріністі әдемі бастап берді. Тағы бір команда мүшесі жыр алыбы – Жамбыл кейіпінде жырлады. «Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің» деп жырлай жөнелгенде, расында, алдымызда Жамбыл ақын тұрғандай сезіндік. Тағы бір команда мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының, Дінмұхамед Қонаевтың бейнесін сомдады. Ақмола облысы полиция департаментінің «Көкше сақшылары» құрамасының өнері көрермендерді бір серпілтті. Әу дегеннен «Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы Арманбек Хәкімбекұлы жерлесіміз» деген көңілді жігіттер залда жиналған қауымға шынайы күлкі сыйлады. Командадағы Виктор есімді неміс кешігіп келіп, «Кешікпейтін қазақ жоқ, мен нағыз қазақпын» деп әдемі қалжыңмен жұртты баурап алды. Виктор қазақ достарына «Мен бекер кешікпедім. «Ауыл береке» базарына жылы киімдерімді сатуға бардым. Ешкім алмады» деп ақталады. «Бұл өңірді біздің облыспен салыстырма. Жамбылда қысы-жазы ыстық қой» деген сөзіне екіншісі «Арманбек Баймурзин басшымыз болып тұрғанда біздің де департамент жыл он екі ай ыстық болып тұратын» деп астарлы әзілмен сөз саптады. «Жайдарман» ойыны секілді көрініс көрсеткен бұл команда полиция қызметкерлері әзілден де қаражаяу еместігін аңғартса керек. Шымкент қалалық полиция департаментінің «Мегаполис» командасы әзіл-қалжың аралас тарихи қойылым қойды. Хан мен бақсының арасындағы қалжың диалогта көптеген саналы әңгіме айтылды. «Қала күзеттері бәрінің күймелерін тексеріп жүр. Бір арбадан аяқ шығып тұр. Қарасам, ұлы дала баласы қымызға тойып алған» деген әзіл еріксіз езу тарттырды. Бақсының «Патшам алдымызды болжадым. Болашақта камера, сергек, дрон деген дүниелер пайда болады екен» дегеніне ханның «Бір сөзіңді түсінбедім, әйтеуір, елге пайдасы тисе болды» деп орынды жауап беруі де ұтымды шықты. «Қылмыскерді құрықтау үшін осылайша неше түрлі кейіпке енеміз» деген түйінмен көріністі әдемі тәмамдады. Сөз соңын «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» деген ұранмен аяқтаған шымкенттік жігіттерге көрсетілген құрмет біразға дейін жалғасты. Залда отырған жұрт «алдымызда Полиция қызметкерлері ме, актерлер ме, ажырата алмадық» десті. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің «Абай» құрамасы да жақсы өнер көрсетті. Ұлытау облысының «Ұлытау ұландары» құрамасының да көрінісі жұртты жалықтыра қойған жоқ. «Сақшылар ұраны» әнін орындаған ұлытаулықтар ортаға туды көтеріп шыққанда ән ажары тіптен ашыла түсті. Көк тудың желбірегені халыққа ерекше рух берді. Атырау облыстық полиция департаментінің «Қыран» командасының сәлемдесуі ерекшелікке толы болды. Шығыс Қазақстан облысынан келген «Алтын Алтай» командасының үлкен дайындықпен келгені байқалды. Экраннан белгілі дін қайраткері, ұстаз Әбдуғаппар Смановтың «Егер милиция болмаса, ағайын бірін-бірі жеп тастайды» деген сөзін көрсетуі ұтымды шешім болды. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан, әділетті басшы, әділетті сот, әділетті полиция. Осы ұстанымға лайық болайық» деген ойлары өте орынды шықты. Алтайлықтар өз көріністерін Отан үшін отқа түсіп, жас жанын құрбан еткен Ғазиз Байтасов, Шалқар Ақымғалиевпен байланыстырып, қойылымды «Қайсар полиция» әнімен аяқтады. Астана қаласының «Елорда қырандары» командасының қойылымы көпшілік көңілінен шықты. Бұл жолы «цифрландыру саласы дамып кеткені соншалық, болашақта қазақша сөйлейтін робот полицей пайда болса қалай болар екен?» деген қиялға ерік беріп көрдік. Пайдалануға жаңа берілген «Робокоп» серіктесі Шыңғыс екеуі бұзақылармен бірге күреседі. Серіктесі «Қазақша сөйлейтін робот полицей. Бұл нағыз жетістік. Тфәй-тфәй» деп сүйсінсе, робот «Түкіруге болмайды. Заң алдында жауап бересің. Айыппұл саламын» дейді халыққа күлкі сыйлап. Роботтар күні бойы адам өмірін арашалаумен болады. Алайда темір құтқарушының бұл істе қауқары аз болады. Суға түссе күйіп кететін болғандықтан Шыңғыс полицей суға батқан адамды өзі құтқарып шығады. Өз-өзіне қол жұмсағысы келген адамды да Шыңғыс аман алып қалады. Мұны байқаған робот «Мен адамды алмастыра алмаймын. Себебі менде сезім деген дүние жоқ. Мен кетейін, бірақ орныма планшет қалдырып кетемін дейді. Бұл көріністің түйіні «технология мен адам бірін-бірі толықтырып тұрса да, технология адамның жұмысын жеңілдетсе де оның орнын толық баса алмайды» деген ойда жатыр. Батысқазақстандық «07 аймақ», Абай облысының «Алаш ұрпақтары» командалары цифрландырудың полиция саласына тың серпін беріп жатқанын көрсетті. Цифрлық жүйенің тиімді тұстарын баяндады. – Бұл байқауға екінші рет қатысып отырмын, былтыр Көкшетауда өткен болатын. Кәсіби актер емеспіз, сондықтан сахнаға шыққанда толқу болды. Соған қарамастан, біздің команда жақсы өнер көрсетті деп ойлаймын. Кәсіби актерлік шеберлігімізді байқаттық деп есептеймін. Біздің команда киберполиция туралы қойылым дайындады. Мен алаяқтың рөлін сомдадым. Көрермендер алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін осындай танымдық ролик ұсындық, – дейді «07 аймақ» командасының мүшесі Владимир Махорин. Ал Түркістан облыстық «Тұран қалқандары» құрамасының көрінісі жиналғандарды тегіс жылатты. Қойылым полиция қызметкерінің үйінен жұмысына аттанып бара жатқан сәтінен басталады. Жары жұмысына шығарып салып тұрып: «Бүгін ұлымыздың туған күні, үйге ертерек келуге тырысыңызшы!» деп өтінеді. Алайда қайғылы жағдай орын алып сол күні отағасы қызмет бабында қылмыскердің қолынан қаза табады. Ажал құшып бара жатып ұлын досына аманат етеді. Досы сертке адал болып, әріптесінің ұлын өсіріп жеткізеді. Арада 20 жыл өткенде батырдың ұлы әкесінің қабірінің басына келеді. Ол да әкесінің жолын қуған қоғам сақшысы. Досының ұлын тағдыр талқысына жалғыз қалдырмаған әріптесі де бейіт басына келген. «Әкең жақсы адам еді. Ел жолында жанын қиды» деп азаматтың арқасынан қағады. Бұл тек қана сахнада қойылған көрініс болғай. Әр полиция қызметкері отбасына аман-есен оралсын деп тіледік. Павлодар облысы полицейлерінің намысын қорғаған «Сарыарқа сақшылары» ұсынған қойылым да дене шымырлатты. Қойылымда жат ағымның жетегінде кетіп, «Адамның бәрі кәпір, ал мен Алланың сүйікті құлымын» деген ойды санасына сіңдіріп алған бүлікші, «Сирияға бармашы» деп жалбарындым ғой» деп жанұшыра еңіреп жүрген жар бейнеленеді. Адасушы «Алланың тура жолында жүрмін, облыс әкімшілігін жарып жіберсем жұмаққа барамын» деген қорқынышты оймен ел тыныштығына қауіп төндіреді. Бейбіт тұрғындарға залал келмесін деп бүлікшінің қолындағы гранатаны өз денесімен жауып, батыр өмірімен қош айтысады. Қойылымда баян етілген сол қаһарман – әр полиция қызметкері өзіне үлгі ететін, облысымыздың мақтанышы, бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасов болатын. Көріністен онсыз да әсерленіп отырған жұрт жігіттердің «Сәби болғым келеді» әнінің мақамына салып «Ғазиз болғым келеді, Ғазиз болғым. Аты қалған халқының мәңгі есінде» деп әндеткенде көз жастарына ерік берді. Алматы қалалық полиция департаментінің «Ұлы дала сақшылары» командасы өздері дайындап әкелген бейнероликтерін жұрт назарына ұсынды. Полиция қызметкерлерінің жұмыстарын таныстырған бейнероликте қоғам сақшыларының қауіп-қатерге толы қызметтері суреттелген. Қар-жаңбырға, боранға қарамастан халыққа көмекке келеді. Кешке қызметтен үйлеріне оралып, балаларын құшағына алғанда күні бойы шаршағаны бір сәтте басылады. Алматы қаласының сақшылары сөз соңын «Әріптестер, қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар, отбасыларыңызға, үйлеріңізге аман-есен оралыңыздар!» деген тілектерін арнады. Жетісу облысының «Қыран құс» командасының өнерпаздары Кененнің «Көкшолақ» әнінің мақамымен қоғам сақшылары жайлы әндетті. Жетісулықтардың өнері залды бір серпілтті. Қостанай облысының «Қостанай сақшылары» командасы өз қойылымдары арқылы көрермендерге салмақты ой салды. Сахнаға әуелі қазіргі қазақ полициясының негізін қалап, қазығын қаққан Қазақ хандығы тұсындағы батыр шықты. Мұнан соң кеңестік кезеңдегі, яғни 1990 жылдардағы қоғам сақшылары шықты. Әр заманның батыры шыққан кезде экранда сол заманның қиын кезеңдері, жаулармен арпалысы көрсетілді. Барлығы да қолдарына арқан алып, сахна төрінде тұрған арқанға жалғап жатты. Ең соңында «Жаңа Қазақстан» полициясы келіп, ол да өз арқанын байлады. «Батырлар салып кеткен жол үзілген жоқ, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді» деген ой тұрды. Сайыстың бірінші турын аяқтаған Солтүстік Қазақстан облысының «12 өңір» командасының қойылымы да жақсы әсерге бөледі. Қызылжардан шыққан Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың өмірінің соңғы сәттегі тағдыры көрсетілді. Биыл туғанына 130 жыл толған батыр бабалары Мағжан ақын секілді ел намысын қорғау жолында аянбай еңбек етуге ант етті. Екінші кезең – көркемсөз оқу сайысында полиция қызметкерлері заманауи технологияларды, бейнероликтерді, қосымша көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармаларын жатқа оқыды. Әр өңірден келген полиция қызметкерлері бұл жолы да шеберліктерін, ұшқырлықтарын дәлелдеді. Бір ғана Абай мұрасы тақырыбында қаншама керемет дүние жасап шығуға болатынына көз жеткіздік. Атырау облысының «Қыран» командасы Абай ақынның жүректілік, батылдық жайлы шығармаларынан үзінді оқығанда экраннан қоғамның тыныштығы үшін күрескен полиция қызметкерлерінің жанкешті еңбегі суреттелген бейнеролик ойнап тұрды. Суға кеткен, өз-өзіне қол салмақ болған, қыстыгүні қарлы боранда қалып қойған халықты құтқару үшін өмірін бәйгеге тіккен жандардың жұмысын көргенде ойға батасың. Астаналық «Елорда қырандары» болса, құмар ойынға салынған жігіттің Абай даналығын оқи отырып түзу жолға түскенін жақсы суреттеді. Батысқазақстандық «07 аймақ» командасының қойылымы да ерекше есте қалды. Шәкірттерінің ортасында отырған Абай бейнесін команда мүшесі жақсы сомдады. Көріністе ақынның бірінші қарасөзі оқылды. Кәсіби актер емес, полиция қызметкері болса да Абай рухына құрметпен қарап, сендіре сомдады. Өлең оқығанда команданың өзге бір мүшесі ақырын домбыра шертіп отырды. Қазақы аспаптың үні қойылымды әсерлендіре түсті. Алматы қаласынан келген «Ұлы дала сақшылары» командасының көрінісі жалпы адамзатқа үлкен ой салар қойылым болды. Алдымен экраннан арсыздардың ардагерді соққыға жыққан шынайы видеосы көрсетілді. Артынан сол жігіттің темір тордағы өмірі баяндалды. Түрмеге қамалған жігіт «Бұрыс жолмен жүріп мем бар еді, ақсақалды неге ұрдым?» деген өкінішпен ұйықтап кетеді. Түсіне Абай ақын кіріп, ақылға шақырады. Көрген түсін аян деп қабылдаған ол: «Абай атам түсіме бекер кірмеді. Тәубеме келейін. Енді ешкімге қиянат жасамаймын», деп өзіне-өзі серт береді. Жетісу облысының «Қыран құс» командасы болса, Құнанбай мен Абайдың арасындағы пікірталасты сахналады. «Қостанай сақшылары» құрамасының бұл жолғы қойылымының да мағынасы терең, салмағы ауыр болды. Соңғы демі қалған кемеңгер ақынның жанын ажал келіп өзімен алып кетті. Абай дүниеден өткелі неше заман ауысты. Ашаршылық, қан майдан. Жарын соғысқа шығарып салған әйел, балалары үшін жанын құрбан еткен ана. Дәуірлер алмасса да Абай мұрасы мәңгі. Адамзат бүгін адам, ертең топырақ екені шындық. Алайда артынан өлмейтұғын із қалдырса, өлсе де өлмегенмен тең болады. Мұндай жүрекке ауыр көріністен соң тамаққа бір өксік келіп, тұрып қалғандай сезімде болдық. Сайыс жеңімпаздарын марапаттау жиыны «Жеңіс» саябағында өтті. Салтанатты кеште облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров сөз сөйлеп, іс-шараға барынша атсалысқан командаларға алғысын білдірді. Байқау қорытындысы бойынша, Қостанай облысы полиция департаментінің «Қостанай сақшылары» командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Осылайша келесі жылы «Парасатты полицей» байқауын ұйымдастыру кезегі қостанайлықтарға берілді. I орын Ақмола облысы полиция департаментінің «Көкше сақшылары» командасына бұйырды. Ал II орынды Алматы қаласының «Ұлы дала сақшылары» және Шымкент қаласының «Мегаполис» командалары өзара бөлістi. Алматы қаласы полиция департаментінің ішкі коммуникациялар басқармасының бас маманы Гүлнұр Заманбекова команда мүшелерінің атынан қуанышын жеткізді. – Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бойында патриоттық сезімін арттыру, мемлекеттік тілді құрметтеу мақсатында ұйымдастырылған байқаудың маңызы зор. Біз бұл сайысқа барынша жауапкершілікпен дайындалдық. Бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Барлық команда жақсы дайындалған. Бірінші орын жеңімпаздары атанғанымызға қуаныштымыз, – дейді Г.Заманбекова. Астана қаласынан келген «Елорда қырандары», Батыс Қазақстан облысының «07 аймақ» және Жетісу облысының «Қыран құс» командалары жүлделі III орыннан көрiндi. Марапаттау рәсімінде бірқатар командаға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ байқаудың қазылар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысушыларды бірнеше номинация бойынша марапаттады. «Көркемсөз шебері» номинациясын ұлы ақынның жерлестері – Абай облысының «Алаш ұрпақтары» командасы, ал «Көрермен көзайымы» номинациясын Маңғыстау облысының «Айбынды Ақтау» командасы еншіледі. «Үздік сахналық көрініс» номинациясы Атырау облысының «Қыран», Солтүстік Қазақстан облысының «15-аймақ» командасына «Өнерлi команда» номинациясы берілсе, «Ұйымшыл команда» номинациясын Түркістан облысының «Тұран қалқандары» командасы иеленді. Оған қоса мемлекеттік тiлде мүдiрмей сөйлеп, қазақ тілін жетiк меңгергенiн көрсете бiлген «Тілi басқа, тілегі бiр» номинациясымен Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерi Владимир Фоленвейдер марапатталды. Қазылар алқасының төрағасы – «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен байқаудың ұйымдастырылуына, командаларды даярлауға жоғары баға беріп, бүгінде полицейлер қылмыстарды ашып қана қоймай, дарынды және шығармашылық тұлғалар екенін дәлелдегенін атап өтті. Салтанатты рәсімде облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин командаларға қатысқаны үшін алғыс айтып, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, грамота, диплом және бағалы сыйлықтарды табыс етті. Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Айна Қалмағамбетова және Нұржан Бейсенов қатысқан мерекелік концертпен аяқталды. Ақтоты ЖАҢАБАЙ