Қорағатыда қолға алынған іс көп
Қорағатыда қолға алынған іс көп
Бұл бағытта облысымыздың аудандарында жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі Шу ауданы, Қорағаты ауылдық округі деуге болады. Окург әкімі Әділ Диханбаевтың айтуынша, Қорағаты ауылдық округінде тұратын халық саны 2832 адам болса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 1604. Сонымен қатар 63 көпбалалылар болса, зейнеткерлердің саны – 275, мүгедектер – 45, еңбек ардагерлері – 14, жұмыссыздар – 6-ны құрап отыр екен. – Жалпы округке Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек деген үш ауыл кіреді. Окургтің 60 пайызын қазақтар құраса, қалған 40 пайызын басқа ұлт өкілдері. Ауылымыздың бюджеті биыл 64,4 миллион теңгені құрады. Жалпы қазіргі таңда ауылды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 2019 жылы Мойынқұм ауылын толықтай ауызсумен қамтамасыз етсек, бүгінгі күнге дейін 231 ауламен келісімшарт жасалып 62,7 пайызы сумен қамтылған. Ал Еңбек және Жиенбет ауылдырына 2023-2024 жылдары таза ауызсу тартылатын болады. Сондай-ақ газ мәселесі бойынша 2021 жылы округімізге қарасты үш ауылға табиғи газдың магистральды құбыры тартылған, өткен жылы ішкі газ құбырларын тарту бойынша «Tabric Faiz» және «Строй Центр 968» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыстар басталған болатын. Алайда тұрғындар тарапынан қаржының жиналуы төмен болғандықтан, жұмыстар тоқтап тұр. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Мойынқұм ауылының 3 көшесіне, атап айтқанда Қ.Рысқұлбеков, С.Сейфуллин, Әл-Фараби көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жиенбет ауылында қуаттылығы 100 киловаттық трансформатор орнатылды. Мойынқұм ауылының орталық С.Шакіров және Әл-Фараби көшелеріндегі түнгі жарықтандыру қалпына келтірілді. Алда бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады, – дейді Қорағаты ауылдық округінің әкімі Ә.Диханбаев. Оның айтуынша, биыл Қорағаты ауылдық округі бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету барысында біраз жұмыстар атқарылған. Жалпы ауыл бойынша бүгінгі күнге жұмыссыз ретінде тіркелген адам саны – 6. Қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылғандар биыл 35 адам болса «Жастар тәжірибесі» арқылы қамтылғандар – 4 адам. Ал тегін оқуға жіберу бойынша 5 азамат курс оқып шықты, 19 азамат малшаруашылығымен айналысуда. Сондай-ақ қайтарымсыз грант алған 7 азамат бар. Олар да өз еңбектерінің игілігін көруде. Шапағат ӘБДІР