БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЗАРЛЫҚ
БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЗАРЛЫҚ
Атап айтсақ, Балалар жылы аясында жыл басынан бері 50-ден аса іс-шара өткізіліп, оған 30 000-нан аса бала қамтылды. Оның ішінде ірілері – «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде өткен «Кітап Fest - 2022» фестивалі, «Ізі өшпейтін ізгі адам» өлеңдер шеруі, қала мектептерінде «Жастар әдебиетте өгей емес» бук-дейтингі, жастар арасында «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, Т.Рысқұлов саябағында өткен «Кітап – алтын қазына» облыстық тактильді кітаптар фестивалі, «OrdaGen» балаларға арналған кітаптардың тұсаукесері, «Оқитын өңір» республикалық байқауы, «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» облыстық зертханалық экспедиция, «Музей түні» акциясы өтті. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде басқарманың қолдауымен 16 наурызда «Баласағұн» орталық концерт залында «Smart» өнер мектебінің, 24 сәуірде «Қарақат» мектеп студиясының, 30 сәуірде «Олжа», «Шабыт» шығармашылық орталықтары мен «М-арт», «Ерке», «Ару наз» би студияларының есептік концерттері ұйымдастырылды. Алдағы уақытта К.Касенов атындағы Халықаралық балалар театр өнерінің фестивалі, «Шынның жүзі – Шераға» атты дәстүрлі жас ақындар жыр мүшәйрасы, «Сүйікті қазақ ертегілері» атты балалар суреттерінің шығармашылық көрме-байқауы, «Әлемді кітап арқылы танимын», «Талантыңмен таныл!» облыстық байқаулары, «Туған жердің тасы да ыстық» атты ғылыми жобалар байқауы, «Балалардың сүйікті ақыны» шығармашылық сайысы, «Шексіз кино әлемі», «Даналық әліппесі» инновациялық сөйлейтін қалам, «Тифло-музей» жобалары өткізіліп, ашық аспан астындағы жазғы кинотеатр, театрлардың ертегілер апталығы мен балаларға арналған қойылымдар сахналанатын болады. Осы тұста К.Касенов атындағы Халықаралық балалар театр өнерінің фестивалі туралы ерекше атап өткім келеді. Балалар жылы аясында өткізілетін бұл фестиваль өскелең ұрпақты рухани, эстетикалық тәрбиелеу, жас таланттарды анықтау, балалар театр ұжымдарын шығармашылық ынталандыру, театр өнерін сақтау және одан әрі дамыту мақсатына негізделген. 13-17 маусым аралығында алғаш рет офлайн режимде облыстық орыс драма театры базасында өтетін байқауға Қазақстан мен Қырғызстан өңірлерінен балалар театрлары қатысады. Шынында бұл фестивальдің балаларға берері мол. Жүрегі «өнер» деп соққан әрі баланың талантын шыңдап, жанарындағы отын сөндірмеу осындай іс-шаралардан басталады деген ойдамын. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне облыстық халық шығармашылығы орталығы, облыстық драма театрлары «Айболит пен қарақшы», «Кот Леопольд» ертегілерін сахналады, кино орталығы «Қамқор жүрек» қоғамдық қорының тәрбиеленушілері мен ерекше тәрбие жағдайларын қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық арнайы мектебінде балаларға арналған көркем фильмдер мен анимациялық фильмдер топтамасын көрсетті. Кітапханалар мен музейлерде «Өлкенің гүл жайнаған балғындары», «Бақытты балалар бейбіт елдің тірегі» т.б. тақырыптарда мерекелік кештер, қысқа мерзімді лагерь, ашық есік күні, қайырымдылық акциялар, ертеңгіліктер өткізілді. Сонымен қатар Балалар жылына орай жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында білім басқармасымен бірлескен жоспар негізінде театр қойылымдарына, филармонияның концерттеріне және музейлерге тегін кіру кестесі жасалды. Қаңтар-мамыр айлары аралығында 4123 балаға музей, театр және Т.Рысқұлов ауданындағы «Сұлутөр» кинотеатрына, Талас ауданында орналасқан «Авангард» кинотеатрына, сондай-ақ Тараз қаласындағы басқармаға қарасты кино орталығына тегін бару ұйымдастырылды. Осы уақытқа дейін жүзеге асқан іс-шаралар да, жоспарланып отырған іс-шаралар да жалған ұран мен жалаң сөз емес. Тәрбиелік мәні терең, балалардың рухани өсіп-дамуына, ой-өрісін кеңейтуіне негізделген шаралар. Өйткені кітапханаға жиі бас сұғып, музейге баратын, театрдағы қойылымдарды терең түсінетін баладан жарқын болашақ күтуге болады. Ал біз өз тарапымыздан баланың болашағына жақсы жағынан ықпал ете алсақ, нұр үстіне нұр. Мамыр айында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Қазақстанның I мәдениет форумында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев: – Алдағы уақытта балалардың атына арнайы карта ашылады. Үкімет ол картаға ақша бөледі. Бірақ бала ол картадағы ақшаны жұмсай алмайды. Ол ақша музейге, театрға барғанда ғана пайдаға асады. Бұл – жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жасалатын игі қадам, – деп атап өтті. Аталған қуанышты жаңалық шын мәнінде, балалардың болашағы үшін үлкен маңызға ие екендігі сөзсіз. Ерлан ЖҮНІСБАЙ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы