Руханият

«Тамаша неткен, Таласым менің!»

«Тамаша неткен, Таласым менің!»

Талас ауданы – табиғаты тамылжыған, тұла бойы тарихқа тұнған, шежірелі де берекелі бай өлке. Әрине, әрбір аймақтың өз ерекшелігі болады. Таластың өзгелерден даралап көрсететін ерекшелігінің бірі –киелі топырақта қазақтың өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне, өзге де салаларына өлшеусіз еңбек сіңірген саңлақ тұлғалардың кіндік қаны тамған. Екіншіден, шежіре далада тылсым сыры ашылмаған жұмбағы көп тарихи орындар жетерлік.

Таласта туып, Алашқа танылған, мұқым қазақ танитын, төбесіне көтеретін арда азаматтар жайлы айтып жатудың өзі артық. Білмейтін жан кемде-кем болар. Ал Дегерес, Кіші Дегерес, Қарашеңгел, Тұздыкөл, Қапшағай, Мешіт, Ащыөзек, Талдыәуіт, Қыскөпір, Жалаңбас қағы, Найзақызыл, Бөріқазған, Тәңірқазған сынды аңызға айналған тарихи орындарды таластықтар ғана болмаса көпшіліктің біле бермейтіні анық. Мұның барлығы құпиясын ішіне бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай тарихқа кенелер едік, шіркін! Кейде Қаратаудың биік жоталарынан төменге көз тастап тұрып ерекше әсерге бөленесің. Тарихи орындарын айтпағанда, маңғаз даланың әлемнің ешбір жеріне ұқсамайтын тылсым дүниедей ғажайып келбеті, жұмбақ сырға толы қайталанбас пейзажы көрген жанға айрықша әсер беріп, қиялын қияға жетелейді, тамсандырады, ойландырады. Сұлу табиғатына сұқтана қарап тұрып тағы да ойға батасың. Қасиет тұнған қазыналы өлкені, айшықты нысандарын, жауһар жәдігерлерін кеңінен насихаттап, көпшілікке таныта түссек, қандай ғанибет болар еді... Тарихымызды тану, атамекенімізді ардақтау – тағылымды іс. Алтынбек ҚАРТАБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (суреттерді түсірген автор)