Бала болашағына бәріміз жауаптымыз
Бала болашағына бәріміз жауаптымыз
Тегінде, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Дегенмен өмір болғаннан кейін әр баланың тағдыры әрқалай өрбиді. Бірі түрлі жағдаймен тұл жетім болса, енді бірі тумай жатып тастанды атанады. Тағы бір бүлдіршіннен ата-анасы әлеуметтік жағдайын сылтауратып бас тартады. Ал мұндай жағдайға тап болған балақайларға қоғам қашанда аялы алақанын тосып, мейірім танытуы қажет. Негізінде балаларға берілетін білім, олардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік жағдайын жасау қай кезде де мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Десе де аталған бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралардың атқарылуы, орындалу деңгейі Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін нақты күшейе түсті деген ойдамыз. Әсіресе жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе әлеуметтік жағынан осал топтардың отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға көрсетілетін көмек бұрынғыға қарағанда арта түскеніне сенімдіміз. Өйткені балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту – басты талап. Қазіргі таңда бұл бағытта өңірде қандай бастамалар қолға алынып, нендей іс атқарылды? Біз осыған назар аударған едік. Облыс әкімдігі білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Таткеев берген мәліметке сүйенсек, облыста 18 жасқа дейінгі 458 368 бала болса, оның 1 261-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, 916-сы Тараз қаласы мен аудандарда қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған жасөспірімдер. Балалардың 130-ы патронаттық тәрбиеде болса, 57-сі 16 қабылдаушы отбасында тәрбиеленіп жатыр, екі қабылдаушы отбасында 15 тәрбиеленуші бар. Сонымен қатар «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында» – 66, «Үміт» бөбектер үйінде – 5, облыстық «Жасөспірімдер үйінде» 68 жасөспірім тіркелсе, оның ішінде нақты тұрып жатқан 35 баланың 19-ы кәмелетке толмағандар. №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 20 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 33 жасөспірім жаңадан анықталып, қабылдаушы отбасына орналастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. – 2021-2022 оқу жылында арнайы мекемелерден тоғызыншы сыныпты бітіріп шыққан жеті түлек өз қызығушылықтары бойынша мамандықтар таңдап, «Тараз сервис және технология», «Аспара», «Жамбыл» политехникалық жоғары колледжіне грант есебінен оқуға түсті. Облыста 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылып келеді. «Мейірім» жобасының тұжырымдамасы бойынша облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аймақтағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшыларына, бизнес өкілдеріне бекітіліп берілген. «Мейірім» жобасы аясында 1 331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 65 миллион 868 мың теңге қаражат аударды. Аталған жасөспірімдердің есепшотындағы жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады. Сонымен қатар аталған жоба аясында демеуші «РТС Decaux» акционерлік қоғамы тарапынан осы жылғы Алғыс айту күніне орай «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталғының» тәрбиеленушілеріне, нақты айтқанда, бес ұл, алты қызға құны бір миллион теңгеге қазақтың ұлттық киімдерін арнайы тіктіріп, сыйға тарту етті. Сондай-ақ 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай демеушілер тарапынан бес миллион теңгеге жуық қаржыға балаларға сыйлықтар сатып алынды. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 71- бабы бойынша, қорғаншылық және қамқоршылық тағайындалған уақыттан бастап 3 айдың ішінде тұрғын үй кезегіне қойылады. Облыста осы санаттағы балаларға соңғы 6 жылда 711 пәтер берілді. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң талаптарының 74-бабының 4-тармағында: «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар бөлген кезде жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде 20 пайызы бөлінеді» делінген. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің осы жылғы 30 маусымдағы №188 бұйрығының 2-қосымшасына сәйкес, жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-бағуға қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жәрдемақы тағайындау және төлеу мөлшерінің қағидаларына сәйкес әр балаға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 34 500 теңге төленеді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршы және қорғаншылары мемлекет тарапынан төленіп жатқан жәрдемақыны алғаны үшін жылына екі мәрте, яғни алты айда бір рет есеп беріп отырады, – дейді Еркебұлан Төлеубекұлы. Патронаттық тәрбие берушілер және қабылдаушы отбасылар 35 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айлықақыларын уақытылы алып отыр. Былтыр жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындауға 1 миллион 846 мың теңге қарастырылса, биыл 2 миллион 245 мың теңге қаржы бөлініпті. Өңірде отбасылық тәрбиенің баламалы нысандарын дамыту мақсатында осы жылы қорғаншылыққа, қамқоршылыққа алынған балаларға республикалық бюджеттен 363 миллион 372 мың теңге, патронаттық тәрбиені дамытуға 284 миллион 92 мың теңге қаражат қарастырылыпты. Сонымен қатар қабылдаушы отбасыларды қаржыландыру да жыл сайын ұлғайып, биыл 104 миллион 809 мың теңгені құраған. Былтыр бұл бағыт бойынша 102 миллион 805 мың теңге бөлінген көрінеді. Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын Тараз қаласының білім бөлімі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес жүзеге асырып жатқанын сөз етті. – Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа, қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге, қабылдаушы отбасына беріледі. Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша қорғаншылықтағы және қамқоршылықтағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірім саны – 352. Ал патронаттық тәрбиеде 72 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 198-і жетім, 226-сы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алу кезегіне қойылған, кезегі жеткен балаларға мемлекеттен біртіндеп пәтерлер берілуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығына сәйкес жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ең бірінші оны панасына алуға тілек білдірген жақын туыстарына қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа беріледі. Нақты айтқанда, ең алдымен баланы өзі тәрбиелеп өсіру үшін ата-апасы, нағашылары, аға-әпкелері өтініш берсе, жасөспірім соларда қалады. Туыстары балаларды қорғаншылыққа алудан бас тартқан жағдайда немесе баланың мүлдем туған-туыстары болмаған жағдайда олар республикалық деректер банкінде бала алу үшін үміткер ретінде тіркелген азаматтарға білім бөлімінің бұйрығымен қорғаншылыққа, келісімшартпен патронаттық тәрбиеге беріледі. Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға, патронаттық тәрбиешілерге және қабылдаушы отбасыларында тәрбиеленіп жатқан жетім баланы және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы бағып-қағуға жәрдемақы тағайындау тәртібін және төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Осы жылдың қаңтар айынан бастап отбасында тәрбиеленіп жатқан қорғаншылықтағы әр балаға және мектеп жасындағы балаларды асырап бағуға 34 500 теңге (10 АЕК) тағайындалды. Патронаттық тәрбиедегі мектеп жасына дейінгі балаларға 31 050 теңгеден төленді. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға тағайындалған жәрдемақы бойынша, баланы бағып-қағушылар баланың тәрбиесі, денсаулығы туралы жылына екі рет, яғни уақытылы қорғаншылық органына есеп тапсырып жүр. Сот шешімімен 17 ата-ана балаларына қатысты ата-аналық құқықтарынан айырылды. Ата-аналық құқықтарынан айыру туралы сот шешімінің заңды күшіне енген уақыттан бастап балалар жақын туыстарына қорғаншылыққа беріліп, туыстары болмаған жағдайда «Үміт» бөбектер үйіне, «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылды, – дейді Раушан Пернешқызы. Жалпы облыста жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жасалып отырған жағдайдың реті осындай. Әсіресе өзгенің баласын асырап алып, оны бауырға басу, лайықты тәлім-тәрбие беру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Себебі баланы қамқоршылық не қорғаншылыққа алғандар оның денсаулығы, білімі мен тәрбиесі, мәдени-рухани жағынан дамуына жауапты. Сондықтан бұл міндет үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда ешкімі жоқ балаға жүрегінен орын, үйінен төр ұсынғандардың ісі ерлікпен тең деуге болады.