БІЛІМ БЕРІП ТАЛАЙҒА, ҰСТАЗ БОЛУ ОҢАЙ МА?..
БІЛІМ БЕРІП ТАЛАЙҒА, ҰСТАЗ БОЛУ ОҢАЙ МА?..
Берген тәрбиесі бір ғана жас жеткіншектің бойына сіңсе де – ұстаз мақсатының орындалғаны. Сондықтан да ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтпаса керек. Ал К.Ушинский «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» дейді. Алайда «Қазіргі қоғамда мұғалімнің мәртебесін күннің сәулесінен кем көрмейтін ұрпақ бар ма? «Біз оларды өз деңгейінде құрметтеп жүрміз бе?»деген сұрақ жиі мазалайды. Өйткені әлеуметтік желілерде ұстазына тіл тигізіп, балағаттап жатқандарды да көзіміз көріп жүр. Ондайда кешегі «сүйегі менікі, еті сенікі» деп баласын молдаға оқуға апарып беретін ата-ананы сағынасың. Ұстаздардың құқығын тікелей қорғайтын, олардың қоғамдағы орнын белгілейтін ҚР Ғылым және ғылым министрлігі тарапынан да ұстаз мәртебесін көтеру үшін біраз жұмыс істеліп жатыр. Десе де әлі күнге дейін ата-аналар тарапынан ұстаздарға деген құрметтің азайып кетуінің себебін де әркім әрқалай түсіндіреді. Тіпті үлкендер жағы көбіне өздерінің ұстаздарының жақсы болғанын айтып мақтанады. Бірақ бұл қазіргі жастардың бойынан көп көріне бермейді. Мұның себебі не? Жоқ, ол кездегі ұстаздар шынымен де басқа планетадан келгендер ме деген де ойға қаласың кейде. Біз осы орайда 45 жыл мектепте қызмет істеп, зейнетке шыққан мұғалімнің өз тәжірибесімен бөлісуін сұрадық. – Педагогтің мәртебесі заңда көрсетілген. Бірақ ол қағаз жүзінде болып, оның мағынасы бұрынғы қалпында қалып отыр. Дегенмен бұрынғымен салыстырғанда бірталай жағдай жасалып, олардың материалдық жағдайын барынша көтерді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өйткені ең бірінші ұстаз бен оқушының арасында өзара сыйластық болу керек. Міне, сонда ғана біз ұстаз мәртебесін көтере аламыз. Тағы бір мәселе, мемлекет тарапынан қолға алатын идеология деген бар. Идеология бар жерде әр нәрсе қастерлі болады. Біздің дәуірімізде Кеңес үкіметінің осы идеологиясы мықты болды. Ал қазір бізде ол керісінше болып тұр. Оның үстіне күнде жұмысбасты болғандықтан ата-аналар өзінің баласына да толық көңіл аудара алмайды. Ал оның зардабы баланың бойынан жаман әдеттер мен қылықтар түрінде көрініс табуда. Қазіргі ата-аналар оқудан келген баласына бірінші болып «Бүгін не оқыдың?» деп емес, «Апайың саған ұрысты ма? Не деді? Егер ұрысса мен оған көрсететінімді, айт!» деп айтады. Міне, бұл оқушы баланың психологиясын бұзады. Сондықтан ата-аналар бірден баласы жағына шықпай, әр нәрсені сараптап, егер мұғалімі ұрысқан болса не себептен олай істегенін алдымен мұғалімнің өзінен сұрап, сосын барып қана шешім қабылдау керек. Өйткені бірден мұғалімді кінәлі қылып, оны оқушыға жығып беруден ата-ана ұтылады. Себебі баласы бәрібір ертесі сол ұстаздың алдына барады. Сол кезде баланың мұғалімге деген көзқарасы басқаша болады. Ал егер баласына шынайы көңіл бөлетін ата-ана әуелі баласының оқуын білу үшін баласымен бірге сабаққа қатысып, оның қаншалық дәрежеде оқитынын білуі керек және мұғалімнің қаншалықты дәрежеде сабақ түсіндіре алып жатқанын да бақылауына алса болады. Оған рұқсат бар. Бірақ біздің ата-аналар сол қадамға бара ала ма? Бара алмайды. Әйтеуір сырттан отырып алып мұғалімдерді кінәлауға дайын тұрады. Алайда бұл жерде мұғалімдер сүттен ақ, судан таза деп жақтап тұрған жоқпын. Өйткені қазіргі жас мамандардың кейбірі жүрдім-бардым жұмыс істейді. Мұғалім бір сағат сабақ беру үшін кемінде үш сағат дайындалу керек. Ол «сабағым бітсе болды» деп кетіп қалмауы тиіс. Өйткені педагог болу үшін жан-жақты білім мен көркем мінез болуы керек, – дейді зейнеткер педагог Айша Ниязбекова. «Бір адамның жаман болуына тұтас қоғам кінәлі» деген де сөз бар. Демек ертеңгі ұрпақтың тәрбиесіне мұғалімдер мен ата-анадан бөлек баланың айналасындағы адамдардың бәрінің жауапкершілігі бар деген сөз. Дейтұрғанмен ұстаз мәртебесіне келгенде қоғамда неше түрлі пікір бар. Мысалы, кей ата-аналар «Қазіргі мұғалімдердің айлығы көтерілді. Бірақ абыройы көтерілмеді» дейді. Оған біздің не кінәміз бар дейтіндер де табылады. Алайда кей ата-ана мұғалімнің мәртебесінің көтерілуі өзінің жиған білімі мен тәжірибесіне байланысты десе, кейбірі оқушының үйдегі тәрбиесіне байланысты деп біледі. – Педагогтердің мәртебесін көтеру – ол қоғамның мәдениетін көтерумен тең. Сондықтан бұл үрдісті мен қос қолдап қолдаймын. Алайда бізде ата-аналардың құқығы мен оқушының құқығын қорғаймыз деп ұстаздардың мәртебесін біраз түсіріп жіберді. Егер енді педагог мәртебесін көтереміз десек, онда ең әуелі ата-ана баласына тәрбиесін дұрыс беруі керек. Өйткені «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби бабамыздан қалған аталы сөз бар. Сондықтан бірінші тәрбие басты орында болу керек. Оны бір адамның ғана мойнындағы жүк деп білуге де болмайды. Ол мемлекеттің мойнындағы парыз болып тұр деп қабылдаған жөн. Мемлекет өзі қолға алып осы бағытта жұмыс жүргізсе онда біздің бағытымыз дұрыс болар еді. Сондықтан бірінші кезекте бала тәрбиесін дұрыстауымыз керек. Өйткені «алма ағашынан алыс түспейді» дегендей бала ата-анасының тәрбиесінен шығып ешқайда кете алмайды,– дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Айбүбі Әпсалимова. «Бір күндік ұстазға мың күндік сәлем» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Шынымен де мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін әуелі оқушының санасы мен тәрбиесінің өресін көтеру керек. Ал жас мамандар тәжірибелі болып келмейді. Ол тәжірибені жүре жинайды. Сондықтан олар жұмысқа жаңадан орналаса сала бірден мықты маман болып кете алмайды. Олар мектепке өзі де үйренуші болып келеді. Сол кезде оларға да айналасындағы адамдар дұрыс жол нұсқауы керек. Мүмкін жас мамандарға, мұғалімдерге мектеп директорларының да үлгісі әсер ететін шығар деген ниетпен біз Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының директорымен сөйлесіп көрдік. – Қазір жас мамандар конкурс арқылы жұмысқа алынып, олардың білімі жан-жақты тексеріледі. Әрі олар жұмысқа келе салғанда біз бірден оларды жұмысқа салмаймыз. Оларға да тәжірибелі тәлімгерді қосып береміз. Ол тәлімгерлер осы мектепте бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдерден қойылады. Ол бір жыл бойы жас маманды ұстаздық жұмысқа баулып, оқушымен жұмыс істеудің қиындықтары мен жағымды тұсын үйретеді. Міне, осы жұмыстың нәтижесінде біздің жас мамандар педагог қатарына еркін кіре алады, – дейді Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының директоры Салтанат Төлеу. Шынымен де ұстаз мәртебесін көтеру ол бір-екі күннің және бір екі адамның ғана ісі емес. Оған тұтас қоғам болып атсалысу керек сияқты. Оның үстіне ата-аналар айтып жүргендей көбіне жас мамандар білім жағынан толығып келгенімен идеология, оқушымен бетпе-бет жұмыс істеу жағынан тәжірибесіз болып келетіні жасырын емес. Аға педагогтер көбіне «Оқушыны оқушы ретінде санамау керек. Өзіңмен қатар адам ретінде «Сіз» деп сөйлесіңіз», дейді. Өйткені оқушының бойына сіңіретін оның өзі бір тәрбие. Себебі сізден көргенін оқушы қоғамда айналасындағы адамдарға қайталайды. Екіншіден, ол сіздің оқушымен араңыздағы сыйластықты арттыра түседі дейді тәжірибелі мамандар.
Шапағат ӘБДІР