Цифрлық Қазақстан

«TECH ORDA» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ КӨП

«TECH ORDA» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ КӨП

«Tech Orda» бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандық алуға мүмкіндік береді. Биыл еліміздің 83 жетекші жеке ІТ-мектебі білім алушыларға 219 курс ұсынып отыр. Өтінімдер 2023 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады.

«Astana Hub» базасында іске асырыла бастаған «Tech Orda» бағдарламасы ақпараттық техно­логиялар саласындағы адами капиталдың дамуына бағытталған. Ол веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамта­масыз ету, мобильді қосым­шалар жасауды қоса алғанда, «Big Data» және «Blockchain» сала­лары секілді басым секторлардың барлық спектрін қамтиды. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде өтеді. Курс ұзақтығы – 6 айдан 2 жылға дейін. «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елде 100 мың IT-маман даярлауды тапсырды. Цифрлық саланың дамуына жауапты орган ретінде «Tech Orda» бағдарламасы аясында білікті кадр даярлауға маманданған отандық жеке IT-мектептер арқылы біз 20 мың IT-маман оқытуды жоспарлап отырмыз», деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Биылғы жылдың нәтижелері нарық қатысушыларының белсенділігінің өскенін, бәсекелестіктің көбейгенін және IT саласында білім беру сапасының артқанын көрсетеді. 2023 жылы «Tech Orda» бағдарламасына отандық ІТ-мектептерден 102 өтінім түскен. «Tech Orda» бағдарламасына қосылуды ниет еткендер үшін «astanahub.com» порталында мектептер мен курстардың толық тізімі жазылған ІТ-мектептер көрмесі бар. Өтінімдер 2023 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты таңдалған ІТ-мектепке немесе 2222 телефон нөміріне хабарласып білуге болады. Еске сала кетейік, 2021 жылы «Tech Orda» бағдарламасының пилоттық жобасы Қазақстан бойынша 100 студентті қамтып, әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген болатын. 2022 жылы «Tech Orda» бағдарламасының ауқымы кеңейіп, 3 мыңнан астам қазақстандық азамат тегін оқуға ваучер алды. Биыл да «Tech Orda» бағдарламасы бойынша ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды игеру үшін 3 мыңға тарта ваучер бөлінді.