«Көктем көркі – қызғалдақ»
«Көктем көркі – қызғалдақ»
Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. Сондықтан да Орта Азиядағы ең үлкен қызғалдақ мекені де біздің ел саналады. Ал оның ішінде ең көп қызғалдақ өсетін жер – ол да біздің облысымыз. Жалпы оңтүстік өңірі гүлдердің мекені. Бұл біле білген адамға таусылмас қазына, өзі келген байлық екені анық. Бір жағынан, бұл өңірімізге туристерді тартудың да бірден бір төте жолы. Осыған орай гүлдердің, қызғалдақтардың тарихы турасында, олардың өсуі мен көбею барысын түсіндіретін, облыстық Кино орталығының көру залында облыс әкімдігі туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Көктем көркі – қызғалдақ» жобасы аясында «Жамбыл облысының қызғалдақтары» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Онда жабайы қызғалдақтардың табиғи-ландшафты аймақтарының атласы, туристік технологиялық маршурттарды әзірлеу, сондай-ақ Жамбыл жерінде өсетін қызғалдақтар тарихы туралы баяндалады. Киноның басты мақсаты да сол – біздің жер байлығымыздың көркін асырып тұрған, табиғаттың тылсым құбылыстарын аялап, гүлдерді жұлмау. Қызғалдақтарға құрметпен қарап, оның тағдырына балта шаппау. Ұйымдастырушылар осы фильм арқылы облысымыздың жабайы қызғалдақтары өсетін табиғи-ландшафты аймақтардың аумағымен таныстырып, қызғалдақ өсетін аумаққа жақын жерлерде тұратын адамдардың мәдениетін қалыптастыру және жергілікті жердің табиғи байлықтарын ұқыпты ұстауға баулу идеясын көтергендерін айтады. Алда табиғатты аялау, қызғалдақтарды қорғау туралы тәрбиелік бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек. «AR-AI»-ақпарат