Жастар Абайдан ақыл, Жамбылдан рух алады
Жастар Абайдан ақыл, Жамбылдан рух алады
Шараның шымылдығын «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ашып, Абай мен Жамбыл заманы, олардың адами және шығармашылық достығы туралы айтты. – Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. Оған дәлел осыдан 178 жыл бұрын Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткен соң Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл өмір есігін ашты. Кейін екеуі де қазақтың екі алыбына, поэзиядағы піріне айналды. Әрбір ұлы тұлға өзінше бір-бір әлем, бөлек жаратылыс. Абай мен Жамбылдың есімі қазақ әдебиетінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны анық. Абай Құнанбаев – жазба әдебиетімізді жаңа реалистік дәстүрде берік қалыптастырды. Ал Жамбыл Жабаев – сонау заманнан бері халық өмірінің айнасы болған суырыпсалма ақындық, жыршы-жыраулық өнердің саңлағы. Бұл қазақ поэзиясының дамуындағы тарихи қоғамдық негізі бар құбылыс. Сондықтан екі алыптың шығармасын талдап, жастарға насихаттау біздің бір парызымыз деп есептейміз. Жастар Жамбылды оқу арқылы рухты жырынан рухани азық алса, Абайды оқу арқылы ақылын кемелдендіреді, – деді К.Сәттібайұлы. Ал Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, Қасқырбай Нарбатыр Жамбыл мен Абай нәрленген рухани қайнарлардың бірі халық ауыз әдебиеті екеніне тоқталып, өз ойымен бөлісті. – Жамбыл мен Абай нәрленген рухани қайнарлардың бірі – халық ауыз әдебиеті. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өзінің зерттеулерінде Абай сусындаған күллі фольклор байлығы, ауыз әдебиеті жанрларының әрқайсысына тоқталып өтеді. Мәселен жазушы зерттеуінде: «Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күннен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп естіді. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзін де керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру – шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болды. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болды» деген тұжырым жасайды. Халқымыздың бай әдеби қазынасы қос ақынның азаматтық жолының қалыптасуына, ақындық шеберліктерінің шыңдалуына зор ықпалын тигізді. Екі тұлғаның нәр алған басты, негізгі арналы өзегі халқымыздың әдеби мұрасы – қазақтың бай әдебиетінің қазынасы болып қала береді, – деді Қ.Нарбатыр. Сонымен қатар кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған жас ақындар Жұматай Көксубайұлы, Назерке Оңғар және Шапағат Әбдірұлы Жамбыл мен Абайдың өмірі, поэзиясы туралы толғанып, өлеңдерін оқыды. Ал әдеби-поэзия кездесуіне келген «Облыстық жасөспірімдер үйінің» тәрбиеленушісі Данил Поличук Махамбет ақынның «Мен, мен, мен едім...» деп басталатын жырын жатқа оқыды. Тағы бір тәрбиеленуші Бекжан Әбдіжәміл Абай мен Жамбыл жырларын оқып, үлге-өнеге алып жүргенін жеткізді. Соңында кешке келген қонақтар естелікке суретке түсті. Ш.ӘБДІРҰЛЫ