Руханият

Теңгеміздің тарихы Тараздан басталады

Теңгеміздің тарихы Тараздан басталады

Кез келген тиын ақшалар, ондағы жазу-таңбалар қатпар-қатпар тарихымыздан сыр шертеді. Бір ғана тиыннан қаншама мәлімет аламыз. Сондай-ақ қазақ жерінде жасалған тиындардың өзге мемлекеттерден табылып жатуы да көп нәрсені аңғартады. Мәселен, Қытайдан Қарахан тиындарының, біздің жерімізден қытай тиындарының табылуы сол кезеңдерде екі елдің арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркендегенін, халықаралық валюта алмасу процесі жүргенін айғақтайды.

Ата-бабамыз алтын мен күмісті, мысты өңдеуді, мысты алтынмен және күміспен жалату технологиясын жақсы білген. Тиынға сурет салу, жеке қолтаңба соғудың өзі бірін-бірі қайталамайтын ғажайып өнер. Кейбір жазулар өте көркем. Соншама жіңішке, әсем жасалуы жағынан қазіргі теңгелермен тең түседі. Мәселен, Түргеш теңгелерінің диаметрі қазіргі біздің 100 теңгелікпен бірдей. Ортасы тесік, ұстауға ыңғайлы. Қытаймен сауда жасауға қолайлы болу үшін солай жасаған. Себебі, тек Қытай елінде тесік тиындар қолданыста болған. Біздің заманымыздағы 704-766 жылдары Таразда құйылған теңгелерде «Түргеш қағанаты теңгесі» немесе «Түркінің көк қанының теңгелері» деген жазулар болған. Бұл тайпалық дәрежедегі теңге емес, бүкіл мемлекет дәулетін, мүлкін, ел ырысын куәландыратын кепілдеме. Тараз 999 жылы Қарахан мемлекетінің қарамағына кіруіне байланысты басты орталық қалалардың біріне айналған. Қала бұл кезге дейін Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы болып келсе, ал Х ғасырдан бастап тіптен жандана түседі. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тиындардағы жазуларға қарағанда Тараздың теңгеханасында 1002 жылдан бастап 1173 жылға дейін ақша үзбей шығарылып отырған. Теңге сыртындағы жазуларға қарағанда 1004-1005 жылдары арасында Илек Насыр, 1006-1007 жылдары Ахмед ибн Али, 1008-1009 жылдары Мухаммад ибн Али, 1024-1025 жылдары Арслан хан және тағы да басқа хандар атынан теңгелер шығарылған. Ал, 1039-1053 жылдары аралығында Бура ханның атынан тек Таразда ғана емес, Бұхара, Самарқанд қалаларында да тиындар шығарылған. Бұдан Тараз қаласының Орта Азия қалаларымен де экономикалық жағынан тығыз байланыста болғанын көреміз. Ортағасырлық билеушілер арасында билігі мықтылары ғана өз атынан тиындар шығарған. Кез келген билеуші бұлай жасай алмаған. Оның белгілі бір деңгейде саяси ықпалы жоғары болу керек. Осыдан Тараздың саяси беделін көруге болады. Таразда теңге сарайының болуының тағы бір себебі – алтын мен күміс кен орындарының болуы. Белгілі қазақстандық археолог Карл Байпақовтың дерегінше, ХІІІ ғасырдың өзінде Орталық Азияда 15 теңге сарайы болған. Солардың қатарына түркі мемлекеттерінің ірі қаласы Тараз да кіреді. Зерттеушілердің айтуынша қазіргі қаланың астында ескі қала орны бар. Соңғы жылдары үздіксіз жүргізіліп келе жатқан археологиялық жұмыстар өз нәтижесін беруде. 2011-2017 жылдары аралығында жүргізілген жұмыстар барысында VI-XII ғасырларға жататын жәдігерлер (қыш ыдыс-аяқтар, шыны мен металдан жасалған қолөнер бұйымдары, тиындар көмбесі) табылды. Бұл дүниелердің құндылығы мен тарихи байлығына отандық мамандар жоғары баға беруде. Табылған тиындар ішінде Түргеш, Қытай, Қарахан, Қоқан, Соғды, Ресей тиындары бар. Тиындар алтыннан, күмістен, қоладан, мыстан соғылған және түрлі көлемде болып келеді. Қазіргі уақытта осындай құнды жәдігерлер «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қорында сақтаулы тұр. Демек Тараздың асты сырлы тарихқа тұнып тұр. Әлі де қазба жұмыстарын жүргізетін қаншама жер бар. Тарихымыздың терең қойнауына үңілетін болсақ, қасиетті Тараз өңірі тағы да өзінің қатпар-қатпар қойнауынан бізге белгісіз талай тарихтың сырын ашары ақиқат. Мадина ИБАДІЛДАЕВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері