Түстерде де түрлі мағына бар
Түстерде де түрлі мағына бар
Қазақ біреуді мақтаса қаракөктің тұқымы деген сияқты сөздермен атап отырады. Жер Анамыздың өзін қара жер деп атап, құрмет көрсетеді. Демек біздің ұлттық мәдениетімізді қалыптастыруда түр-түс атауларының да орны ерекше екендігін білу қиын емес. Былай қарап тұрсаңыз табиғаттың өзі де мың сан түске боянған. Күн сәулесінің жаңбырға шағылысуынан пайда болатын кемпірқосақ пен аспанда жүзген қаз бауыр бұлттардан тартып бәрі де біздің түске деген танымымызды аша түседі. Әрі қазақ дүниетанымында әртүрлі түстің өзінің қолданатын орны, беретін мағынасы болады. Қазақ ұғымында көк түс – тыныштық пен бірліктің, берекенің белгісі. Сондай-ақ ұстамдылықтың, кеңдік пен кеңпейілділіктің де символы. Қазақ аспанды суреттегенде «жеті қат көк» деп биіктікті барынша әспеттеуге тырысқан. Көк түсті рухтың, жеңімпаздықтың баламасы ретінде де қарастырады. Сондықтан да біз «көк түркілерміз» деп мақтанамыз. Сонымен қатар көк түс романтиканы, сезімді, махаббатты да суреттейді. Жылылық пен жақсылықтың, жақындықтың белгісі ретінде танымал. Наурыз келгенде халқымыздың «Самарқанның көк тасы жібиді» деуі де бекер емес. Мұнда көк сөзі мейірбандықты, жылылықты, бастамашылықты белгілеп тұрғандай. Көктен бөлек халқымыз қара мен аққа да аса назар аударған. Дүниенің өзін ақ пен қарадан тұрады деп бағалаған. Ал қара мен көк түс қосылғанда тіпті де сөздің салмағын арттыра түскен. Мысалы қаракөк деген сөзді қазақ байлар мен билердің, ақсүйектердің ұрпағына қолданады немесе жылқының ең бір таза қандысының үйірін осылай атайды. Ақ сөзінің де қолданылатын аясы кең. Христиандық дәстүрде ақ түс Құдайдың нұрымен туысқандықты білдіреді. Ақ түсте періштелер, әулиелер, әділ адамдар бейнеленген. Кейбір халықтарда патшалар мен діни қызметкерлер салтанат пен ұлылықты білдіретін ақ киім киген. Ал Қытайда және Азия мен Африканың кейбір басқа елдерінде ақ түс аза тұту түсі болып есептеледі. Дейтұрғанмен әр сөздің өзінің сипатына қарай беретін мағынасы болатыны сияқты ақ сөзі жалғанған сөздің немесе қара сөзі жалғанған сөздің бәрі жаман немесе жақсы болмайды. Мысалы, ақ дастарқан тіркесі жақсылықтың нышанын көрсетіп тұрғанымен, ақкебін деген сөз аса жағымды естілмейді. Қара да дәл сондай. Қара жер, қара шаңырақ деп қасиетті ұғымды білдіргенімен, қара қол, қара ниет деген сөздер жауыздық пен сұрқиялықты көрсетеді. Бұдан бөлек тағы да біздің күнделікті сөз қолданысымызда жүрген, ұлттық мінезімізге жағымды түстер аз емес. Соның бірі – қызыл түс. Қызылды қазақ жастықтың, махаббаттың, достықтың символы ретінде қарастырады. Мысалы – қызғалдақ. Басқа ұлттардың өмірінде раушан, түймедақ гүлдері маңызды рөл атқарса, біздің ұлтымыздың жанына қызғалдақ жақын. Қызыл түс өмірдің жарқын бейнесі ретінде танымал. «Қызарып піскен нан, қызарып батқан күн» деп жатамыз. Немесе «қызыл түлкі секілді қарға аунаған» деп сұлулықты суреттесек, қыздардың еріндерін қызыл шиедей немесе құлпынайдай деп анықтама береміз. Демек біздің ұғымымызда қызыл жастық пен әсемдіктің белгісі. Енді бір жағынан қызыл оттың, жалындаған рухтың да сипатын береді. Сондай-ақ, аталған түс нәзікжандыларға тән. Сонымен қатар, қызыл – негізгі геральдикалық түс. Туда көтерілісті, революцияны, күресті бейнелейді. Бір қызығы, Африканың, Американың және Австралияның көптеген тайпаларының арасында шайқасқа дайындалып жатқан жауынгерлер денелері мен беттерін қызыл бояумен бояған. Карфагендіктер мен спартандықтар соғыс кезінде қызыл киім киген. Ежелгі Қытайда көтерілісшілер өздерін «қызыл жауынгер», «қызыл найза», «қызыл қастар» деп атаған. Ал әр ұлттың өзінің мінезіне тән түс болады дегенге келсек, онда біздің халқымыздың мінезіне қоңыр түсті құп көрер едік. Өйткені қазақ ұнатқан дүниесін қоңыр түспен әдіптегенді жақсы көреді. Қоңыр әуен, қоңыр үн деп дауысқа байланысты айтылса, қоңырлатып күй шалды деп күйшілердің өнерін де қоңыр түсі арқылы бағалайды. Ал қоңыр дала, қоңыр күз деп табиғаттың тылсым сырын суреттейді. Сонымен қатар қазақтың қалың түстің арасынан іздейтін түстерінің бірі жасыл түс. Жасыл түстің мынау әлеммен байланысы туралы айтып отыру да артық болар. Өйткені жер бетіндегі шөптің өзі жасыл емес пе? Оның үстіне жасыл түске байланысты қазақтың ойлау жүйесі де басқаша іспетті. Халқымыздың дүние танымында жұмақ пен тозақ деген ұғым бар. Сондағы жұмақта жасайтын құстың да қанаты жасыл болады деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да табиғатымызды суреттегенде жасыл орман, жасыл бақ деп атаса керек. Жасыл желек жамылған жердің жүзі деп ақындардың жырлауы да тегін емес. Тіпті түстердің діни мағыналары да бар. Ақты – христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды – буддаға табынушылар киелі деп санайды. Сондай-ақ қазақ сары түсті бірде ұнатса, бірде ұнатпаған. Өйткені сары уайым, қайғының белгісі деп есептеген. Сондықтан «Сары уайымға салынып» деген сияқты сөз тіркестерін қолданады. Бірақ астық та, күн де сары болатындықтан бұл түсті түбегейлі жек көрген емес. Тіпті Әнұранымыздың өзінде «алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деген сөздің болуы береке-байлықтың нышаны ретінде болса керек. Бірақ бұл біздің дүниетанымымыздағы сары түстің рөлі болғанымен, Еуропада сары немесе сары-қара жалау карантинді, ал сары крест оба дегенді білдіреді. Славян халықтарында сары түс қызғаныштың, сатқындықтың түсі болып саналады, ал Тибетте қызғаныш сөзбе-сөз «Сары көз» деп аталады. Міне, түстердің де түрлі мағынасы болады. Түстердің әр халықтың сана-түйсігіне тән сенім белгісі де бола алатынын байқаймыз. Дегенмен бұл дүниеде қабылданған алты негізгі түс бар. Ал қалғандарының барлығы қандай да бір түрде олардың айналасына топтастырылған. Алайда негізгі түстердің тұжырымдамалары бірдей болып саналатынын да ұмытпағанымыз жөн. Шапағат ӘБДІР