Балалар – жарқын болашақтың кепілі
Балалар – жарқын болашақтың кепілі
Ұлт ұрпағының келешегі жарқын, болашағының іргетасы мықты болуын көздейтін облыстық форумды мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық ұйымдастырды. Мерекелік іс-шара Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің ауласынан бастау алды. Аталған орталықтың «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблінің 6-7 жас аралығындағы кіші топ бишілері «Балдаурен» тақырыбында флешмобпен қонақтарды қарсы алса, дарынды суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындыларынан және халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздарының суреттерінен көрме ұйымдастырылды. Іс-шараның шымылдығы Сарысу аудандық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Акжелкен» және қырғыз күйі «Машпатой» күй композицияларымен ашылса, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблінің кіші вокалдық тобының орындауындағы «Мен, сені, бәріміз» әнімен іс-шара жалғасын тапты. Аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров және облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов облыстың дарынды оқушыларына жылы лебізін арнап, бірқатар оқушыларды марапаттады. Концерттік бағдарламада Тараз қалалық білім бөлімінің «Бақытты балалық» оқушылар сарайының бишілері «Супер дети» би композициясын орындады. Сондай-ақ «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблінің бишілері «Көңілді құрбылар» биімен көрермендерді тәнті етті. Форумда үндеу жасаған дарынды оқушылар еліміздің болашағы жастардың қолында екеніне баса тоқталып, Тәуелсіз Қазақстанды бірге дамытуға шақырды. Іс-шара Қордай аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Нұр» вокалдық тобының орындауындағы «Қазақ елі» әнімен түйінделді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ