Биікке бастайтын бірегей жоба
Биікке бастайтын бірегей жоба
Баршаға белгілі, аталған бастама Қазақстан Республикасы Президентінің «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына сәйкес қолға алынған болатын. Жобаға алғашқы іріктеу кезеңі 2019 жылы өткізілсе, екінші іріктеу 2021 жылы ұйымдастырылды. Енді, міне алдағы қыркүйек айынан бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі басталмақ. Айта кету керек, 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша резервке 300 адам, 2021 жылы 50 адам алынды. Республика бойынша резервке алынған 350 адамның 264-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда. Үшінші іріктеудің де өзіндік еренкшеліктері бар. Бұл тұрғыда нфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бағыттарына басымдық беріліп отыр. Ал үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді. Енді үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарға тоқталсақ. Үміткерлер жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Сонымсен қатар жоғары білімді әрі 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген болуы қажет. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді. Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айларында өткізіледі. Бірінші кезеңде резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтында онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі. Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Әрбір тестілеудің ұзақтығы 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Өз кезегінде, тестілеу процесі аудио-бейне бақылаумен өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады. Үшінші – ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды. Төртінші кезең – құзыреттерді бағалауға негізделген. Бұл кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Ассесмент-орталық Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді. Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Ал соңғы, алтыншы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Ережеге сәйкес резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланады. Барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады. Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды орындау кезінде, еліміздің болашағын жаңғырту, кәсіби аппарат қалыптастыру мен мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеру жолында дарынды әрі білімді жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, жастардың бойындағы ұлтжандылық рухтың болуы өте маңызды. Жарқын жоба аясындағы осындай мүмкіндікті мүлт жібермегеніміз абзал. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының жастары да білімділікпен қатар белсенділіктерін де паш етеді деп сенеміз. Бақыт Жалғас