Жастар

ЖАС МАМАНДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ЖАС МАМАНДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залында Конституция күніне орай мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған азаматтардың салтанатты түрде ант беру рәсімі өтті.

Жас мамандардың ант қабылдау рәсімінің шымылдығын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев ашты. – Конституция – бұл негізгі заң, мемлекетіміздің төлқұжаты. Тәуелсіз еліміздің мақсаттары мен басымдықтарын іске асыру үшін мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі, мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығы Конституцияның мызғымас қағидаттарына байланысты. Бүгінгі өмірімізде орын алып жатқан барлық оң өзгерістер Ата Заңның шеңберінде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің кепілді құқықтары мен оларды әлеуметтік қорғаудың шаралары заңнамамен нақты қарастырылған. Сондықтан меритократия, тиімділік, нәтижелілік, транспаренттік және қоғамға есептілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесі жалпы мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің аса маңызды факторы болып есептеледі. Өздеріңізге мәлім, ел болашағын айқындайтын қадам ретінде республикалық референдум өтіп, еліміздің Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елдегі саяси және басқару жүйесіндегі реформаларға құқықтық негіз беретін бұл референдум Әділетті Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолы екені бәріңізге аян. Конституциямыздың келешекте де еліміздің алдыңғы қатардағы мемлекет болуына, демократияның, тиімді экономикалық реформалардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты нормативтік құжат болатыны анық. Бұған қол жеткізу үшін әрбір азамат Конституцияда көрсетілген өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, сақтауы қажет, – деді Лесбек Құралбайұлы. Сондай-ақ салтанатты рәсімге облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев және басқа да бірнеше мекеме басшылары қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru