Жаңалықтар

Жүзеге асатын жоба көп

Жүзеге асатын жоба көп

«Бизнеске арналған үкімет» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен облысқа инвестиция тарту, инвесторлардың ұсыныстарын қарау жөнінде кеңес өтті. Онда инвесторлар ұсынған жобалардың өміршеңдігіне назар аударылып, шешімін күткен мәселелер пысықталды.

Аталған басқосуда «Altynalmas Reagents» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Уәлихан Атагелдиев каустикалық сода өндіру бойынша қолға алынатын инвестициялық жобаны таныстырды. Ол облыс әкімінен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан зауыт салу үшін қажетті жер телімін бөліп беру және басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы инвестордың жобаны жүзеге асыру ісін қолға алғалы екі жыл өткенін, ең бастысы ол жерде зауыттың бой көтеруі қажеттігін айтты. Инвестор қашан жобаны шынайы қолға алады, сол кезде мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетілуі тиіс қолдауларға мүмкіндік беріледі. Бұдан кейін сөз алған «Arion Invest Eco-Plast» ЖШС-нің өкілі Әлібек Сүлейменов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан «Полипропилен қаптарын шығаратын зауыт салу» жобасының жайын сөз етті. – Жобаны пайдалануға беру келер жылға жоспарланған. 2025 жылы жоба толық қуатына енген кезде жыл сайынғы өндіріс көлемі – 2 029 тонна полипропилен қаптарын шығару. Одан кейін аталған қаптарды осы өңірдегі гипс және басқа да өнім өндіретін кәсіпорындарға тиімді бағада сатуды көздеп отырмыз. Жоба аясында 200-ден астам жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Осы жоба жүзеге асуы үшін өңірдің индустриялық картасына біздің серіктестіктің ұсынып отырған жобасын енгізуді, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан жалға нысан алуға көмектесуді сұраймыз, – деді Ә.Сүлейменов. Өз кезегінде аймақ басшысы «Arion Invest Eco-Plast» ЖШС еліміздің бізден басқа қай өңірінде қандай жобаларды жүзеге асырып жатқанын сұрап, серіктестіктің инвестиция саласындағы мүмкіндігіне назар аударды. – Облыста қант шығаратын зауыттар бар. Жоба жүзеге асса олармен де байланыс орнатып, полипропилен қаптарды өткізуге болады. Бұдан бөлек, тор қаптар шығарудың да артықтығы жоқ. Мәселен облыста күзгі жиын-терін уақытында мың тоннаға дейін пияз жиналады. Сондықтан облыста тор қапқа да сұраныс бар, – деген Нүржан Молдиярұлы инвесторға жобаны жүзеге асыруда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандиар Сейсебаевпен тығыз байланыста жұмыс істеуді ұсынды. «ADS Industries» ЖШС-нің өкілі Сәкен Арапбаевтың айтуынша, аталған серіктестік «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында электр энергиясын өндіру үшін «Газ генератор станцияларын» салуды көздейді. – Елімізде электр энергиясын өндіру, оны тұтыну мәселесінде тепе-теңдік қажет. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясы тапшы. Біз бірқатар облыстарды аралап көрдік, соның ішінде таңдауымыз осы облысқа түсті. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына барып онда үлкен жобалар қолға алынып жатқанын байқадық. Ол жобалар кең көлемде электр энергиясын қажет етеді. Табиғи газдан өндірілетін электр энергиясы – сағатына 150 000 кВт. Осы орайда бізге табиғи газ тиімді тарифпен ұсынылса, одан бөлек аталған арнайы экономикалық аймаққа тартылған газ құбырын қалпына келтіру, оны іске қосу үшін шамамен 600-700 миллион теңге шығын кетеді екен. Бірақ біз ол қаржыны өз есебімізден жұмсап, жобаны жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар. Қажетті стансаларды салуға 20 ай кетеді деп күтілуде. Ол үшін 5 гектардан аса жер телімі қажет, – деді С.Арапбаев. Облыс әкімі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы газ құбырын саралап, эрозияға ұшыраған құбырларды қалпына келтіруде қанша қаржы, қанша уақыт кететінін зерделеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар газ мәселесі шешілген, көгілдір отын барып тұрған аудандарда да электр қуатын өндіруге ұсыныс жасады. Бұл бойынша істі пысықтауды облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа тапсырды. Нұрым СЫРҒАБАЕВ