Баянды болашақ бағдары
Баянды болашақ бағдары
Кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға келген қонақтар алдымен фойедегі ҚР Президенті архивінің құжаттар көрмесін тамашалады. Онда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтары мен қаулылары, ҚР-ның 1995 жылғы Конституциясы қойылған. Мемлекеттік Әнұранмен ашылған шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі. Аймақ басшысы өз сөзінде тәуелсіздік тағылымына тоқталып, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстар барысын тілге тиек етті. – Қадірменді жерлестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Конституция мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты. Ата Заңымыз баянды болашаққа бастап, 28 жыл ішінде еліміз жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырды. Қасиетті Әулиеата өңірінің де әлеуметтік-экономикалық әлеуеті еселеніп, сан саладағы көрсеткіштері арта түсті. Бүгінде облысымыз жаңа даму кезеңіне түсіп, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салада көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Биыл жыл басынан бері өңірге 241 миллиард теңге инвестиция тартылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 38 200 адам тартылды. Халықтың орташа табысы 21,2 пайызға, орташа жалақы мөлшері 12,4 пайызға өсті. «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп, бүгінде 50 ауылдық округте 11 мыңға жуық адам өз кәсіптерін іске асыруда. Жыл басынан бері 349,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 2 564 пәтерлі 45 үй ел игілігіне ұсынылмақ. «Асар» жобасы басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж жерлесіміз баспаналы болса, биыл 105 отбасына қуаныш сыйласақ деген ниетіміз бар. Бүгінге дейін 11 шаңырақ баспаналы болды. Биыл 32 елді мекен мен қалалардағы 6 тұрғын алқап ауызсумен қамтылатын болады. Осы арқылы елді мекендерді 96,5 пайыз, қалаларды 97,5 пайыз ауызсумен қамтимыз. 11 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Осылайша, газбен қамту үлесін 90,2 пайыздан 91,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Биыл жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынмен қолға алынды. Жалпы 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен, 785,6 шақырым жол орта жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді. Тараз қаласында 144 көшеге 86,8 шақырым асфальт төсеу жұмысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 2 мектеп, екінші тоқсанда 3 мектеп, жыл соңына дейін тағы 4 мектептің лентасы қиылып, күрделі жөндеуден өткен 17 білім нысаны пайдалануға берілмек. Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 690 білім нысаны 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында былтыр 500 миллион теңгеге облыстық бюджет қаражаты есебінен 41 жас отбасы баспаналы болса, биыл 2 миллиард теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 121 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді. Қымбатты жамбылдықтар! Бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Ата Заңымыз Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің тұғырына айналды. Біздің басты құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! – деген Нұржан Молдиярұлы мұнан соң облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене атсалысқан азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыстады. Сонымен бірге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен журналист, еңбек ардагері Құрманбек Әлімжан, Меркі аудандық №20 балалар жасөпірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары Дәулен Бегалиев, Тараз қаласы «Нұр Әлім» балабақша мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Лариса Матюшкова, «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Тараз қаласындағы филиалының сарапшысы Гүлнар Сақыпбек марапатталды. Мерекелік шара облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік кеш шымылдығын «Айшабибі» ансамблі «Арман дала» биімен ашты. Концертте өңірімізге танымал Динара Диханбаева, Айна Қалмағанбетова сынды өнер жұлдыздары мен Жамбыл, Жуалы, Сарысу ауданының өнерпаздары өнерлерін паш етті. Айжан ӨЗБЕКОВА aizhan-uzbekova@mail.ru