Жаңалықтар

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесті

Конституция күні қарсаңында Президент арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесі туралы айтты. Президенттің айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетті басқару моделін жаңғыртуға негіз болды. Конституциялық реформа барысында құқық қорғау саласына баса мән берілді. Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Президент  азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді. Мемлекет басшысы азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы жандана түскеніне назар аударды. Өтініштердің саны екі есе артты. Президент адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдеріне бірқатар міндет жүктеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.

Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір басымдық – Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру.  Президенттің пікірінше, Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, оларды заң жүзінде бекіту маңызды. Сондай-ақ Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Омбудсмен мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау органдарының жұмысы туралы айта келіп, жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арыздануға мәжбүр екенін айтты. Президент омбудсмендер мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер азаматтардың арыз-шағымдарына байланысты шешім шығаруға тікелей араласуға тиіс екенін атап өтті. Ал мемлекеттік органдарға бұл мәселе бойынша оларға толық қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін келесі маңызды міндет ретінде атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жолға қойылған уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс екенін атап өтті. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам. Жиында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпова, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов  сөз сөйледі. Сонымен қатар іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Бас прокурор Берік Асылов қатысты.