Онлайн-кредит: қарыз алушыларға арналған нұсқаулық
Онлайн-кредит: қарыз алушыларға арналған нұсқаулық
'- Онлайн-кредит Қазақстанда күннен-күнге танымал болып келеді, оның өзіндік себебі де бар – оларды оңай әрі жылдам ресімдеуге, ал ақшаны бір тәуліктің ішінде, тіпті бірнеше сағатта алуға болады. Алайда, басқа кредиттер сияқты кредиттің бұл түрінің де күңгірт тұстары бар. Онлайн-кредиттер жайлы нені білу керектігі және оларды ресімдеу арқылы тығырыққа тірелмеу үшін не істеу керектігі туралы - arainfo.kz сайтының тілшісі материал ұсынады QazAqparat.kz сайтына сілтеме жасап. Онлайн-кредитті кәмелеттік жасқа толған кез келген қазақстандық азамат аз ғана құжаттар топтамасымен ала алады. Клиенттерді осы нәрсе қызықтырады, олар өздерінің уақыттарын үнемдейді және бөлімшеге келіп, менеджерге кезекке тұруға дайын болмайды (дегенмен, кейбір банктерде соңында бөлімшеге баруға тура келеді). Онлайн-кредит ресімдеу тетігі оңай: банкті таңдау, оның сайтында не мобильді қосымшасында өтінімді толтыру және маман сізге қайта хабарласу үшін өзіңіздің байланыс деректеріңізді қалдыру керек. Кейде бұл талап етілмейді және барлығы қоңыраусыз – банк құрған алгоритм арқылы жүргізіледі. Клиент толыққанды сауалнаманы толтырады, өзінің дербес деректерін енгізеді, қажет болған жағдайда өзіне қызмет көрсететін банктен берілген үзінді көшірмені қоса береді және шешімді күтеді. Ақша оң шешім шығарылғаннан кейін дереу немесе келесі күні түседі. Онлайн-кредит түрлері Онлайн-кредиттің бірнеше түрі бар: банктік кредиттер – біз жоғарыда сипаттаған алгоритм бойынша банктердің сайтында немесе олардың ресми мобильді қосымшасы арқылы ресімделеді; микрокредиттер – бұлар «онлайн кредиттер» ұғымына жатады, өйткені микроқаржы ұйымдары қарызды онлайн режимде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Кейбір жағдайларда (банктердегі сияқты) соңғы қол қою немесе ақша алу үшін филиалға келу қажет болуы мүмкін; интернет-дүкендердегі кредиттер – белгілі бір банктің қосымшасы арқылы сатып алуды рәсімдейтін болсаңыз, бұл да онлайн-кредитке жатады. Бұл жерде алғашқы екі жағдайға қарағанда оңайырақ, өйткені банкте сіздің барлық деректеріңіз бар және ол бір минут немесе одан да аз уақыт ішінде шешім қабылдайды; мамандандырылған сервистердегі кредиттер – мұнда жүйе сіздің тілектеріңіз бен деректеріңізді ала отырып, сіз үшін ең тиімді нұсқаны есептеп береді. Интернетке шығатын құрылғы болса және толыққанды өтінім берсеңіз жетіп жатыр; кредиттік карта – көптеген банктер клиенттерге белгілі бір мөлшерде кредиттік карта алуға мүмкіндік береді. Бір ерекшелігі – сіз қолма-қол ақша алмайсыз, бірақ алу үшін мақұлданған сома негізінде зат сатып алғаныңыз үшін ақы төлейсіз, содан кейін картаны ай сайын жұмсалған сомаға толықтырып отырасыз. Сондай-ақ, банктің бағдарламасына қарай – автокредит, бизнес-кредиттер, тұтынушылық кредит және т.б. сияқты қарыздың неғұрлым мамандандырылған түрлері бар. Назар аударыңыз! Күмән туғызатын сайттардан кредит беру жөніндегі қосымшаларды жүктемеңіз - әрдайым кредиттік ұйымның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензиясының бар-жоғын сайт арқылы тексеріңіз. Тексермеген жағдайда сіз қаржылық алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін! Онлайн-кредиттің артықшылықтары мен кемшіліктері Артықшылықтары: уақытты үнемдеу – кредит беруге байланысты рәсімдер тез жүзеге асырылады және оның ең басты шарттарының бірі – интернет болуға тиіс. Менеджер сізге қоңырау шалса да, бұл көп уақытты қажет етпейді және сіздің жұмыс кестеңіз бұзылмайды; құжаттардың ең аз топтамасы – онлайн кредитті рәсімдеу үшін әдетте ЖСН жеткілікті, оны енгізгеннен кейін жүйеден сіз туралы ақпарат, оның ішінде зейнетақы аударымдарыңыз бен кредиттік тарихыңыз туралы ақпарат шығады; әмбебаптылық – сіз белгілі бір мақсатқа ақша ала аласыз; жеделділік – ақша тез түседі, кейде шартқа немесе соңғы өтінімге қол қойылғаннан кейін бірнеше минут ішінде түседі. Кемшіліктері: жоғары пайыздық мөлшерлеме – кредит ұйымдары онлайн кредит берген кезде пайыздарын жоғары қоюы мүмкін. Осылайша олар ықтимал тәуекелдердің орнын толтырады; қосымша комиссиялар – кейбір кредиттік ұйымдар кредиттің жалпы сомасына қосылатын немесе немесе ай сайынғы төлемдерге бөлінуі мүмкін комиссияларды төлеуді міндетті талап етіп қоюы мүмкін; шағын сомалар және қысқа мерзімге кредит беру – кредит ұйымдарының барлығы дерлік қомақты ақшаны онлайн беруге дайын емес, сондықтан мақұлданған сома сіздің қажеттілігіңізді өтемеуі мүмкін. Сонымне қатар, кредиттеу мерзімі өте қысқа болуы мүмкін, тиісінше ай сайынғы төлем де сіздің бастапқыда болжаған мөлшеріңізден көптеу болады. Онлайн-кредит ресімдеген кездегі қауіпсіздік қағидалары Егерде сіз онлайн-кредит алуға бел бусаңыз, өзіңіздің нақты кірістеріңізді артығымен көрсетпеңіз және кредит ұйымын алдамаңыз. Банк немесе микроқаржы ұйымы сізге кредитті мақұлдауы ықтимал, ал төлем бюджетіңізге салмақ түсіруі мүмкін. Онлайн-кредиттер ресімдеген жағдайда барлық жағдайда қолданылатын қағиданы ұмытпаған жөн, яғни ақша шотқа уақтылы келіп түсуі үшін, берешекті уақтылы, тіпті төлем күніне бес-жеті жұмыс күні қалғанда төлеген дұрыс. Солай сіз өзіңізді қауіптен сақтап, кредитті өтеудің балама тәсілдеріне уақытыңызды жұмсамайтын боласыз. Егер сіз төлем мерзімін қалай да кешіктіріп алған болсаңыз, кредитордан жасырынудың қажеті жоқ, дұрысы – оған хабарласып, кешіктіру себебін түсіндіріңіз. Олай болмаған жағдайда, төлеу мерзімдерін елемесеңіз, банк немесе микроқаржы ұйымы сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы болады. Мұның бәрі сіздің кредиттік тарихыңызға әсер етеді және банк сізге кредит шұғыл түрде керек болып, табысыңыздың көп болғанына қарамастан, тәуекелге барғысы келмей, болашақта сізге қарыз бермеуі де мүмкін. Бұдан басқа, сіздің банктегі шотыңызды бұғаттап тастауы ықтимал, ал оған келіп түсетін қаражаттың барлығы борышты төлеуге ұсталып, күнделікті керек-жарақтарыңызға ақша қалмауы мүмкін. Төмен пайыздық мөлшерлемелер мен қомақты соманы уәде ететін маркетологтер мен еліктіретін жарнамаларға сенбеңіз. Кез келген қарыз қаражаты, оның ішінде онлайн-кредиттің қай кезде болмасын қарыз екенін, оны сіз бірнеше есе артығымен қайтаруға міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Кредит ресімдей отырып, жұмысыңыздан айырылған немесе күтпеген шығындар болған жағдайда, сіздің қарызды уақытында төлей алуыңыз және кредиттік тарихыңызды бұзбау үшін өзіңізге кемінде 6 айлық жалақы мөлшеріндегі қаржылық қауіпсіздік «жастықшасын» қамтамасыз етіңіз.