БІЛІМ МЕН ӨНЕРДІҢ МАЙТАЛМАНЫ
БІЛІМ МЕН ӨНЕРДІҢ МАЙТАЛМАНЫ
Басқосуды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Айдархан Дүкенбайұлы ашып, ұжым мен білімгерлердің атынан бүкіл саналы ғұмырын мәдениет пен білімге арнаған Әуесбай Бақбергенұлын 70 жасқа толуымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар А. Дүкенбайұлы көпшілік алдында Ә. Бақбергенұлына Қазақстан педагогика ғылымдар академиясының мүшелігіне сайланғандығы туралы куәлігін, «мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың, мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаевтың құттықтау хаттарын табыс етті. Кездесуде Әуесбай Бақбергенұлымен қызметтес болған әріптестер ізгі лебізі мен қызықты естелігін бөлісті: – Кезінде ақын, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы дүркіреп өтті. Мерейтойға орай Әуесбай досым «Ойжайлау» ансамблін құрып, өзі соның құрамында өнер көрсетіп, баян аспабында ойнады. Ұжым республикаға танымал болды. Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы іс-шараға арнайы келген сол кездегі мәдениет министрі Жексембек Еркінбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов сынды көрнекті руханият өкілдері жоғары бағасын беріп еді. «Ойжайлау» ансамблінде екеуіміз бірігіп, Красногорда бір ай жатып, бірге дайындағанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Бұл Әукеңді тек бір қырынан ғана айтқаным. Ал білім саласындағы ерен еңбегі мен адами қасиеттері бір бөлек әңгіме. Әттең, әлемді жаулаған індеттің беті қайтпай тұр. Әйтпегенде бұл шараны театрда немесе филармонияда өткізер ме едік, - деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді. Жиын соңында сөз алған Әуесбай Бақбергенұлы: – Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға және қатысушыларға зор алғысымды білдіремін. Мен бұл жерге сыймай отырған жоқпын, сіздерді қимай отырмын, – деп сөзін қорытындылады. Ғылыми-практикалық кездесу соңы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қызметкерлері мен студенттерінің өнерлерін тамашалаумен аяқталды. Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, облыстық «Арай» жастар қоғамдық-саяси газеті