Таразда Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналып ескерткіш қойылды
Таразда Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналып ескерткіш қойылды
Шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, батырдың ата-анасы, жақындары, төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Сондай-ақ, марқұмның анасы Айткүл Айманова, халық қалаулысы Бекболат Орынбеков өздерінің жүрекжарды сөздерін айтып, батыр туралы естеліктерімен бөлісті. Шара барысында Халық қаһарманының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Байзақ ауданы Қайнар ауылының аумағында орналасқан әскери бөліміндегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасында орын алған жарылыстың салдарынан 18 адам қаза тапқан болатын. Марқұмдардың отбасыларына тиісті көмек-қолдаулар көрсетіліп, жарылыс аумағындағы зардап шеккен үйлер қалыпқа келтірілді. Жарылыстан қаза тапқан өрт сөндірушілерге арнап өткен жылы ескерткіш ашылған болатын. Енді Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсті орнатылып отыр. Мейіржан Аймановтың есімін ұлықтау мақсатында облыс орталығындағы 15 шағын ауданында мурал салынып, Тараз қаласындағы білім беру мекемесіне және көшеге есімін беру жоспарлануда.