МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті жиында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің есебі тыңдалды. Жиынға бірқатар сала мамандары қатысты. – Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында 446 нысан бар. Оның ішінде 388-і мемлекеттік емдеу мекемелері, 58-і жеке емдеу мекемелері. Ондағы мемлекеттік емдеу мекемелерінің 26-сы ауруханалық стационарлық емдеу мекемесі. Амбулаторлық емдеу мекемесі – 24, дәрігерлік амбулатория – 122. Фельдшерлік акушерлік пункт – 53. Облыс бойынша 15 елді мекенде емдеу мекемелері жоқ болғандықтан, медицина қызметкерлері науқастарды өз үйлерінде қабылдайды. Біздегі үлкен проблемалардың бірі – медицина нысандарының тозығының жетуі. Республикалық көрсеткіш бойынша біздің облыс 52,4 пайызды құрап отыр. Инфрақұрылымдарды жаңарту бойынша, реконструкция, құрылыс бойынша жоспарларымыз бар. Шу қалалық емханасына биыл күрделі жөндеу, қайта қалпына келтіру, арнайы лифт орнату бойынша республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу басқармасында конкурс өткізіледі. Қазір барлық мәселелер дайын. Сондай-ақ Меркі аудандық орталық емханасына да күрделі жөндеуге биыл қаржы бөлінді. Конкурстары өткен соң жыл аяғына дейін шешілетін болады. Байзақ ауданында 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар онкологиялық орталықтың құрылыс аяқталып тұр. Қазіргі таңда құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Қыркүйек айында аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз. 19 елді мекенде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғында іске қосылады деп күтілуде. 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда 1 сызықты үдеткіш аппарат, 2 магнитті-резонансты томограф, 1 ультрадыбыстық және рентгендік бағыттағы толқынды литотрипсия жүйесі, 5 компьютерлік томограф, 6 сарапшылық класты ультрадыбыстық аппарат сатып алынды. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 88,4 пайызды (республика бойынша – 83,32 пайыз) құрады. Биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90,9 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Тағы бір маңызды мәселе – медициналық кадрлардың тапшылығы. Биыл 96 түлек жас маман қатарына қосылады деп күтілуде, келесі жылы 101 жас маманмен толықпақ. Олар баспанамен қамтылып, көтерме жәрдемақы төленетін болады, – деді Әсет Қалиев. Әсет Әскерұлы кадр тапшылығы мәселелерін шешу мен жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғындардың басқа өңірлерге емделуге баратындар санының азаюына ықпал етіп жатқанын алға тартты. Жиын облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да талқыланды. – Мемлекет үшін ең басты құндылық – азаматтарының денсаулығы. Біздің ортақ мақсатымыз – халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға қомақты қаржы бөлуде. Медициналық ұйымдардың сенімгерлік басқаруына берілген серіктестіктер өз міндеттемелерін мүлтіксіз орындауы тиіс. Бұл медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге қатысты, – деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы. Мұнан соң ана мен баланы қорғауға баса назар аударуды, жас мамандарға қолдау көрсету мәселесін пысықтауды, озық тәжірибенің медициналық орталықтарын көбейтуді тапсырған облыс басшысы «Медициналық сақтандыруы жоқ тұрғындарға да сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетілуі керек», дей келе аудандарға жұмыс сапарлары кезінде халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге баса назар аударатынын ескертті. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА