Сот – мемлекеттік биліктің бір тармағы
Сот – мемлекеттік биліктің бір тармағы
Жалпы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаты негізінде құрылып, жүзеге асырылатындықтан сот билігі мемлекеттің атынан ғана жүргізіледі және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi. ҚР Конституциялық Заңы және Егемендік Декларациясы республиканың жаңа заңнама жүйесін қалыптастыруға негіз болды. 1992 жылы қабылданған сот туралы заң, кейінгі Құқықтық реформаның тұжырымдамасы, 1995 жылғы Конституциядағы сот билігі туралы баптар сот және құқық қорғау органдары туралы заңнаманы дамыту әрі демократияландырудың жаңа кезеңін бастап берді. Қазақстан Республикасының құқықтық реформа бағдарламасы бүкіл құқықтық жүйені – заңнаманы, құқық қорғау саласын, сондай-ақ сот жүйесін қайта құруға негіз болды. Мұнда басымдық соттың мәртебесін көтеруге және «үшінші билікке» айналуына мән берілді. Ең басты заңы – Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді. Мәселен, заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды. Соттар ісі қараған кезде ҚР Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы басты міндет ретінде алға қойылды. Ата Заңымызда мемлекеттің өміріне қатысты барлық маңызды бағыттармен қатар сот жүйесінің базалық қағидаттары да көрсетілген. Бұл қағидаттар қатарында басым көпшілігі күнделікті жұмысқа, сот жүйесінің құқық қорғау сипаты: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот төрелігі арқылы қамтамасыз ету, олардың әрқайсысын соттың қорғайтынына кепілдік беру, айыпталушының кінәсіздік презумпциясы, жәбірленушіні қылмыстан, билікті асыра пайдалану принциптерінен қорғау. Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала береді. Сот жүйесі бүгінде көптеген жаңашылдықтарды енгізіп отыр. Бірқатар заңдардың қабылдануына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бастамашы болды. Сот жүйесінің мемлекеттік құрылымда алар орны ерекше. Биліктің үш тармағының бірі ретінде танылуы да сөзімнің бір дәлелі. Өйткені қоғамдық қатынастардың түрлі салаларында туындайтын дау-жанжалдардың барлығы төрелігін соттан табады. Сот жүйесіне айрықша мән берілетіні де сондықтан. Себебі азаматтар құқықтарының қорғалуына, сақталуына жоғары деңгейде кепілдік берілуі тиіс. Ал бұны жүзеге асыруда сот төрелігіне жүктелетін міндеттер аз емес. Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «24 маусым - Судья және сот қызметкері күнімен» толықтырылды. Судья және сот қызметкерінің мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігін нығайту арқылы сот саласын жаңа сатыға көтеріу маңызды.
Берік Оразымбетов, Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы