Жаңалықтар

Тапсырманы табандылықпен орындайтын «достар»

Тапсырманы табандылықпен орындайтын «достар»

Кинология ғылымын, кинолог мамандығын киномен, киноматографиямен шатастыратындар көп. Себебі атаулардың ұқсастығы сондай әсер қалдырады. Шын мәнінде, бұрынырақта пайда болған бұл мамандық иелері иттерді қолға үйретумен айналысады. Негізінде иттерді қызметтік мақсатқа пайдалану Ежелгі Рим мен Грекиядан басталған. Кино сөзінің өзі грек тілінен аударғанда ит деген мағынаны білдіреді. Төрт аяқты көмекшілерді тұқымына қарай сұрыптап, шаруашылықтың әр саласына пайдалану ХІХ ғасырда жандана түсті. Иттің анатомиясы мен физиологиясын зерттейтін кинология ғылымы осы дәуірде қалыптасты. 1911 жылы Халықаралық кинология федерациясы құрылып, оған әлемнің бірқатар елі мүше болды.

Біздің елімізде де Қазақстан кинологтар одағы жұмыс істейді. Қазір республиканың әр облысында кинологиялық қызмет орталықтары бар. Кинолог мамандар мен олардың серіктері – қызметтік иттердің ел тыныштығын күзетуге, қылмыстың алдын алуға қосып жатқан үлесі аз емес. Облыстағы тәжірибелі кинологтың бірі – Нұрбол Төребек. Облыстық полиция департаментінің кинология орталығында кіші инспектор-кинолог болып қызмет істейтін маманның дайындаған иттерінің барлығы дерлік құқық қорғау саласында қызметте жүр. Нұрбол бала күннен-ақ жеті қазынаның бірі – иттерді ерекше бағалайтын болған. Оқушы күнінде ауылдағы иттеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, олармен асыр салып ойнап өскен. Нұрболдың ит жануарымен достығы осылай басталған. Кинолог болғым келеді деген нақты шешімді әскерге барғанда қабылдайды. Отан алдындағы әскери борышын алғашқы алты айда «Үшарал» шекара қызметінде өтеп, кейін Бейнеуге ауыстырылады. Әскердегі сарбаздарды офицерлер қай іске бейім болып келеді, соған қарай бөлетіні белгілі. Мәселен, біреу көлік айдауды таңдайды, екіншісі инженерлікке бейім, енді өзгесі байланыс орталығында жұмыс істегенді жаны қалайды. Ал Нұрбол болса, кинология бағытын таңдапты. Тиісті мамандардан қажетті білім алып, алғашқы иттерін әскерде жүріп дайындаған. Отан алдындағы борышын өтеп, өңіріне қайтқан соң облыстық кинология орталығының қару-жарақ іздеу және жарылғыш заттарды залал­сыздандыру бө­лі­міне қызметке орналасады. Әскерде жүргенде жақсы тәжірибе жинақтап алған оған бұл жұмыс айтарлықтай қиындық туғыза қоймады. Кейіпкеріміздің облыстық кинология орталығындағы алғашқы дайындаған иті – Ева. Неміс овчаркасы ол кезде алты айлық күшік болатын. Қызметтік жолындағы тұңғыш қолға үйреткен иті екеуі қызметтік талапқа сай білімін жетілдіру үшін Алматы қаласындағы ІІМ-нің Кинология орталығында қару-жарақ іздеу және жарылғыш заттарды залалсыздандыру бағыты бойынша арнайы курстан өтеді. Әскерден жаңадан келген кезде, яғни 2014 жылдан бері жақын серігіне айналған иті Ева өзін мықты екенін дәлелдеді. Қару-жарақ іздеуде үздік нәтиже көрсеткен төрт аяқты сақшы қазіргі уақытта Шу ауданында қызметтік жолын жалғастыруда. Өз ісінің шебері, полиция старшинасы Нұрбол он жылға жуық жұмыс тәжірибесінде 10-ға тарта қызметтік ит дайындаған. Оның қолға үйреткен иттері із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және одрология бойынша ішкі істер қызметкерлеріне көмек көрсетіп жүр. Иісшіл иттердің барлығы екі жарым, үш айлығында Алматы қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығынан әкелінеді екен. Иттерді дайындау оңай шаруа емес. Кинологтың айтуынша, күшіктер алдымен бастапқы жалпы білім беруден өтеді. Күшік кезінен әкелінген олар басында балаша еркелеп, тыңдамай, өз бетінше ойнап кетеді екен. Бір итті толық үйрету үшін екі жылға жуық уақыт кетеді. Мамандар алдымен иттерге «отыр», «тұр» секілді командаларды орындатып, мойынсыну дағдыларын дамыту үшін жұмыс істейді. Одан кейін сүйікті доптарымен ойнату немесе тәтті-дәмділерімен арбау арқылы күдіктіні анықтау, есірткі табу және өзге де қызметтік бағытта үйретіле бастайды. Осы сатыда иттің жұмысы көбейеді. Мәселен, оған көлікке мініп-түсу, көлік ішін тінту, сезікті затты табу жүктеледі. Нұрболдың айтуынша, бұл сәттерде иттердің миында «мен қазір ол айтқан тапсырманы орындасам, ол маған ойнауға доп береді. Немесе осы жасырылған затты тауып берсем, осы тәттіні аламын» деген ой тұратын көрінеді. Орындалған тапсырмалардың қорытындысы бойынша иттер қай істе табандылық танытса, сол бөлімге қызметке жіберіледі. – Із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және одрология бойынша жұмыстарға бельгиялық және неміс овчаркалары мен спаниель, лабрадор, ротвейлер тұқымындағы иттер пайдаланылады. Із кесуші иттер иіс арқылы жоғалған адамды табуға дағдыланған. Мәселен, шабуылдаушы иттер қашқан қылмыскерді ұстайды. Бұл қызметке адамнан жасқанбайтын, беті қайтпайтын иттер таңдап алынады. Есірткі іздеуші салаға көбіне сабырлы, адам жатырқамайтын иттер таңдалады. Қару-жарақ пен жарылғыш заттар мен оқ-дәрінің иісін сезіп табуға арнайы маманданған қызметтік иттер пайдаланылады. Өз бағытым болған соң айтып жатқаным жоқ, бұл саладағы иттердің жауапкершілігі екі есе жоғары. Ерекше дамыған иіс сезу қабілеті арқылы баппен жүріп, ел тыныштығына қауіп төндіретін қару-жарақтар, жарылғыш оқ-дәрілік заттар жасырылған аймақты тура тауып береді. Қауіпті орынды анықтаған жағдайда артық қимылсыз, еш үрместен сол маңға отыра қалады. Бұл – бізге қару жасырынған орынды таптым деп белгі беруі. Ал одорологиялық зертхана бағытындағы иттер болса, қылмыс ізін суытпай ашуға көмектеседі. Оқиға болған жерден киім-кешек, тағы басқа да табылған заттарды тәркілеп, иісі алынып және сол іс бойынша ұсталған күдіктіден анықталған екі иісті итке иіскетеді. Ал ит екі иістің бір адамдыкі екенін немесе басқа адамдыкі екенін анықтауға көмектеседі. Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Иісшіл иттердің барлығы Алматы қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығынан әкелінген. Бұл иттердің ішіп-жеміне сауаттылықпен қараған жөн. Иттердің жейтін асы олардың қызметіне кесірін тигіз­беуі керек,– дейді Нұрбол Ерланұлы. Қазіргі уақытта кинолог­тың өзіне тиесілі Мона, Буран және Мак есімді үш иті бар. Буран – қа­ру-жарақ және жарылғыш зат­­­­тарды іздеу бағыты бойын­ша тәрбиеленген. Қаңтар оқи­ға­сы кезінде қолды болған қару-жарақтарды іздестіру жұ­­­мыс­­тарының бар­­лы­ғында дерлік осы ит жү­реді. Газет беттерінде оқ-дә­­рі­лердің «Мамыр саябағы», «Тектұрмас» этнотарихи кешені, Тараз қаласындағы ықшамаудандарда, қала берді зиратқа дейін жасырылғаны жөнінде жазып жүрміз. Осы оқиғалардың ашылуына Буран себепкер болған десек, еш жалған айтпаймыз. Бірақ табылып жатқан қолды болған қару-жарақтардың барлығын Нұрболдың Бураны ғана тауып жатыр деп те айта алмаймыз. Себебі бұл істе облыстық полиция департаментіндегі өзге қызметтік иттер де үздік нәтиже көрсетіп жүр. Кейіпкеріміздің тағы бір иті Мак болса нағыз шабуылшы. Бірақ ол әрекет етер оқиғалар өңірімізде болмағаны жөн. Себебі бұл ит террорист, бүлікшілдерге қарсы шабуыл үшін дайындалған. Мәселен, бейбіт тұрғындар тұтқынға алынып, адам өміріне қауіп төнді дейік. Бүлікшіл өз талаптарын қойып отыр, ал өзге құтқарушылар, құқық қорғау қызметкерлері ішке кіре алмайды. Сондай жағдайда осы Мак секілді иттер шабуылға шығады. «Әзірге облыста мұндай оқиғалар тіркелген жоқ, алдағы уақытта да кездеспей-ақ қойсын», дейді кинолог. Былтырдан бері облыста «пәлен жерге жарылғыш зат жасырылған» деген сарындағы жалған ақпараттар жиілегені баршаға мәлім. Жарылғыш зат қойылды деген орынға Нұрбол осы Мак итімен бірге шығып, қауіпті аймақтарды тінтіп шыққан. Нұрболдың Мона атты иті облыс тұрғындарына жақсы таныс. Екі жыл бұрын бұл иттің қырағылығы бүкіл елге танылған. Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болған екі әскериді осы ит тапқан болатын. Он жылдық қызметтік жолындағы ең жоғары марапатқа Нұрбол осы Монаның ерлігінің арқасында ие болған. Нақтысы, осы оқиғадан кейін өзі мен орталық басшысы Юрий Наливкин «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталады. – Ауызға алмақ түгіл, еске түсіргің келмейтін Байзақтағы қасіреттің жаңғырығы санамызда әлі тұр. Өйткені бұл оқиға күллі қазақ халқын есеңгіретіп, қабырғасын қайыстырды. Әскерилердің денесін іздеуге өзгелермен бірге бізді де жіберді. Сол жолы Мона екі әскеридің денесін тапты. Әрине, «мен дайындаған ит осындай ерлік жасады, осындай қырағы итті дайындағаным үшін министрдің медалімен марапатталдым» деп мақтанатындай жағдай емес. Сонда да Мона секілді иттердің әскерилер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқаратынын айта кеткім келеді. Елімізде енді мұндай жан­түршігерлік қайғылы оқиғалар қайталанбаса екен. Монаның күдіктіні анық­таудағы дәл­дігі таңғалдырмай қой­майды. Ұрлық және өзге де құқық­бұзушылық фактілері тіркелсе, қылмыскерді табуға осы одрологиялық бағытта үйретілген иттер көмектеседі. Оқиға орнына барған иісшіл ит сол жерден адамдарға мүлдем сезілмейтін иісті анықтап, сол иісі арқылы күдіктілердің арасынан нағыз қылмыскерді тауып береді. Мона мұндай жұмыстардың талайына қатысып, қаншама қылмыстың ашылуына себепкер болған, – дейді Н.Төребек. Кинологтың Бава деген де иті болған. Ол ит есірткі қылмыстарын ашуда алдына жан салмайтын. Осы жұмысқа алғаш келген жылдары қолға үйреткен бұл иті өткен жылы қызметін аяқтап, есептен шығарылған. Өзге әріптесімен бірігіп дайындаған тағы бір ит – Леди де есірткі табу ісінің шебері. Сөз соңында айта кетсек, қазіргі уақытта облыстық киноло­гия орталығында басшыны қоса алғанда 12 қызметкер, 40 ит бар. Негізі орталықта итті жақсы көретін, жаттықтырудың ма­ша­қатына шыдайтын, төзімді адам­дар ғана жұмыс істей ала­ды. Бір адам 5-6 итті дайындайды. Кинолог үшін ең бастысы – ит­­­тер­ді шынайы жақсы көру. Қыз­­­мет көрсету кезінде ит өзі­нің ки­­но­­логының шынайы до­сы­на айналады. Нұрбол да өзімен бірге еліне адал қызмет ет­кен иттерімен тек қызметтес емес, олардың шынайы досына айналған. Ақтоты Жаңабай